Мәслихат депутаттары медицина нысандарын аралады

Бейсенбі күні Астана қалалық мәслихатының бейімді тұрақты комиссиясында Астана қаласында халыққа медициналық қызмет көрсету жағдайы және перспективаларын қарау жоспарланған. Сондықтан мәслихаттың 3 тұрақты комиссиясының төрағалары және бір топ депутаттар үш медицина нысанына барып, жағдайын білді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бірінші олар №8 қалалық емханаға барды. Екі корпусты қосатын қосымша ғимарат салу және бір корпусқа күрделі жөндеу мәселесін пысықтады. Сонымен қатар Манас көшесінде орналасқан Көпсалалы медициналық орталыққа қосымша ғимаратты қосымша жөндеуге қаржы қарастыру өзектілігі анықталды.
-2018 жылдан бері тұрған бір ғимарат бұзып, утилизация жасауды талап етеді. №2 балалар ауруханасына күрделі жөндеу қажет. 13-15 жыл медициналық техника қолданыста екі — үш есе теңгеріммен болғандықтан жаңғырту керек, — дейді мәслихат депутаты Кендебай Адамбек.
Сәрсенбі күні депутаттар тағы төрт медициналық мекемеге баруды жоспарлап отыр. Мақсат — тек есеп тыңдау емес, нақты ахуалды орнында көріп, шешімді қажет ететін түйткілдерді алдын ала айқындау. Барлық жиналған ұсыныстар мен анықталған мәселелер мәслихат отырысында көтеріліп, тиісті шешімдер қабылдау үшін ұсынылады. Қала тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет алуы — мәслихаттың басты назарында.



