Мәслихат депутаттары елордалық жастарға білім гранттарын табыстады

Астана қаласы әкімдігінде елордалық жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуға арналған білім гранттарын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Шараны VIII сайланымдағы қалалық мәслихат депутаттары меценаттар мен серіктес білім беру ұйымдарының қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Конституция күні қарсаңында біз мәслихат депутаттары бірнеше жылдан бері жалғастырып келе жатқан игі дәстүрді жалғастырамыз. Гранттар әсіресе қолдауға мұқтаж жастарға — көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасылардан шыққан жастарға, сондай-ақ қаланың дамуына үлес қосып жүрген белсенді еріктілерге беріледі. Біздің мақсатымыз — жастарға тек қолдау көрсету ғана емес, оларға арманын жүзеге асырып, қоғамға пайдалы болуға мүмкіндік беру», — деді қалалық мәслихаттың төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.
Гранттар сұранысқа ие гуманитарлық және техникалық бағыттар бойынша «Тұран-Астана» университеті, Қазақ агротехникалық университеті, Astana International University, «СИНЕРГИЯ» университеті және Магжан Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледждің қатысуымен ұсынылды.
Салтанат барысында шабыттандырарлық оқиғалар айтылды. Грант иегерлерінің бірі, волонтер Ілияс Мустафин өз әсерімен бөлісті: «Мен № 101 мектепті бітірдім, екі жыл бойы белсенді түрде еріктілікпен (волонтерлікпен) айналыстым әрі IT саласына қызықтым. Енді мәслихат депутаттарының бастамасымен бөлінген гранттың арқасында «Тұран» университетіне «Қаржы» мамандығына оқуға түстім. Бұл — алға жасалған үлкен қадам әрі отбасым үшін маңызды қолдау. Осындай мүмкіндік берілгеніне ризамын».
Мәслихаттың осындай бастамалары білімге және дамуға ұмтылған жастар үшін нақты қолдауға айналуда.