Мәскеудегі келелі кездесулер

Астаналық мәслихат делегациясы оның төрағасы Табиғат Зейнұлқабденнің жетекшілігімен Мәскеу қалалық Думасындағы әріптестерінің шақыруымен ТМД-2026 халықаралық экономика форумының жұмысына қатысты.
Сапар шеңберінде Мәскеу қалалық Думасының төрағасы Алексей Шапошниковпен және депутаттық корпуспен кездесу өтті. Тараптар білім беру жүйесі мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне ерекше көңіл бөле отырып, қос астананың әлеуметтік дамуының өзекті мәселелерін талқылады.
ХШЖК (ВДНХ) аумағында делегация қалалық инфрақұрылымды басқарудың, оған қоса коммуналдық қызметтерді орталықтандырылған үйлестірудің заманауи жүйелерімен танысты. Сондай-ақ Мәскеу қаласы тұрғындарының арасында сұранысқа ие отандық тауарлар мен азық-түліктер ұсынылған қазақстандық павильонды аралап шықты.
Бағдарламаның жеке тармағы Мәскеу метрополитенінің бірыңғай диспетчерлік орталығына сапарға арналды. Бұл – әлемдегі ең ірі көлік жүйелерінің бірінің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін заманауи жоғары технология кешені. Мұнда цифрландыру, процестерді автоматтандыру және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мәселелеріне ерекше назар аударылды, көлік жүйесінің тұрақты жұмысын және штаттан тыс жағдайларға орай жедел әрекет етуді қамтамасыз ететін цифрлық шешімдер көрсетілді.
Басты іс-шаралардың ішінде №220 қалалық емханаға сапар да бар. Аталған нысан реновация бағдарламасы аясында сапалы заманауи жөндеуден өтіп, жоғары технология жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Астаналық қонақтар бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуді ұйымдастыру және денсаулық сақтау жүйесінде цифрлық сервистерді енгізу барысымен танысты.
БРИКС елдері астаналарының парламенттік қозғалысына Астана қаласын қосу туралы мәлімдемеге қол қойылуы сапардың маңызды қорытындысы болды. Бұл халықаралық ынтымақтастық, астаналар арасындағы диалогтың нығаюы және ең үздік басқарушылық тәжірибелермен алмасу үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашады.
Сапар соңында делегация Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаевпен кездесуге қатысты және 20 жыл бұрын салтанатты түрде ашылған Чистые пруды бульварындағы Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ақын рухына тағзым етті.
Жалпы алғанда, бұл сапар стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін растап, астанааралық өзара әрекеттестікті дамытудағы маңызды қадамға айналды.
– Бұл біз үшін алғашқы екіжақты кездесу емес, біздің құрылымдар арасындағы ынтымақтастық жүйелі әрі сындарлы сипатқа ие. Тұрақты тәжірибе алмасу қалалық басқару, әлеуметтік саясат және инфрақұрылымды дамыту мәселелерінде тиімді шешімдер табуға мүмкіндік береді, – деді сапар қорытындысында Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



