Мәскеуде Қазақ киносының күндері өтуде

Қазақстанның мәдениет күндері аясында Мәскеудегі «Поклонка» кинотеатрында Қазақ киносының күндері ашылды. Бағдарламаға отандық режиссерлердің соңғы жылдардағы ең жарқын туындылары кірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев атап өткендей, соңғы жылдары Ресейде Қазақ киносының күндері үнемі өтіп тұрады және бұл жақсы дәстүрге айналды. «Қазақ киносы дамып келеді және бізде ресейлік көрерменге ұсынарымыз көп. Осындай мәдени іс-шаралардың арқасында ресейліктер Қазақстанмен тереңірек таныса отырып, бүгінде қазақ қоғамы мен қазақстандықтарды не толғандыратыны туралы біле алады деп ойлаймын. Бұл іс-шара біздің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыздың дамуына тағы да бір үлес қосу болып табылады, — деп атап өтті Елші.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшысы Құрманбек Жұмағали атап өткендей, Қазақ киносының күндері Мәскеуде соңғы екі жылда екінші рет өтуде. Өткен жылғы желтоқсан айындағы іс-шара табысты өтті, көрермендердің жақсы пікірлері мен ризашылығына ие болды. Осыған байланысты мұндай акцияларды жалғастыру туралы шешім қабылданды. Ол бұл жолы атыс-шабыс жанрынынан мюзиклге дейін әртүрлі фильмдер ұсынылатынын атап өтті.
Өз кезегінде, РФ Мәдениет министрлігінің Кинематография және цифрлық даму департаментінің директоры Дмитрий Давиденко ресейлік көрермендерді қазақстандық үздік фильмдермен таныстыру өте маңызды миссия деп атады. «Қазақ киносының күндері Жеңіс мұражайында, Жеңістің 80 жылдығында өтіп жатқанының мәні зор. 1941 жылы «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудиялары Алматыға эвакуацияланғанын, сол кезде өте маңызды және қажетті картиналар шығарылғанын жақсы білеміз және сол үшін Қазақстанға ризамыз. Біздің кинодағы ынтымақтастығымыз жалғасқанын қалаймын. Біздің бір-бірімізге ұсынарымыз көп», — деді ол.
Көрсетілімдер сюжеті еліктіретін борыш пен ержүректілік туралы «Патриоттар уақыты» фильмімен ашылды. Көрермендердің арасында Санкт-Петербургтің Орынбор жерлестер ұйымы басшысы Айгүл Иришева болды. Ол екі елдің мәдениет министрліктеріне осындай іс-шараларды өткізгені үшін ризашылығын білдірді. «Фильмдер керемет, маған өте ұнады. Бұл біз үшін, ресейлік қазақтар үшін, өте маңызды. Біз қазақ киноларына қуана барамыз және қызыға тамашалаймыз», – деп өз пікірін білдірді ол.
Сондай-ақ, бұл күні партизан отрядының командирі Ади Шариповтың жауынгерлік жолы туралы «1941 жылдың жазы» әскери драмасы көрсетілді.
Әрі қарай көрермендер аңызға айналған «А’ Студио» тобының хиттерімен «Стоп, ночь» киномюзиклін және қазақтың атақты музыкалық тобы туралы «Дос-Мұқасан» биографиялық фильмін тамашалады.
Қазақ киносының күндері жексенбі, 12 қазанда ежелгі сақтардың тарихы туралы «Алтын Адам» толықметражды анимациялық фильмінің және футбол туралы алғашқы қазақстандық драма «90+1» фильмінің көрсетілімдерімен жалғасатын болады.