Әлеумет

Мәртебелі мамандық иесі

Адал еңбегімен еленіп, табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті. Мемлекет басшысы айтқандай, бұл «Адал азамат – Адал еңбек – –Адал табыс» қағидатына сай келеді. Өз кәсібін жеткік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Бүгінде өз мамандығының қыры мен сырын жетік меңгеріп, кәсіби біліктіліктің шынайы үлгісін көрсетіп жүрген осындай жандардың бірі – «Астанатеплотранзит» акционерлік қоғамының слесарі Есенай Әбілмәжінов, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Алғашқы еңбек жолын Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Қараегін ауылындағы мектеп котельныйында пеш жағушы болып бастаған жігіт 2007 жылы отбасымен Астанаға көшіп келеді. Содан бері Есенай Балтабайұлы «Астанатеплотранзит» мекемесінде он жеті жылдан астам уақыт табан аудармастан табысты жұмыс істеп жүр. Мұндағы ол еңбек ететін бригада елордадағы Байқоңыр және Сарырақа аудандарының 6 учаскесіне қызмет көрсетеді.

– Слесар мамандығы ел ішінде көп елене бермейтін қатардағы жұмыстың бірі болғанымен, оны меңгеру де оңай емес, бәріне уақыт керек. Жұмыс барысында біз жылу құбырларын қараймыз, қаладағы тұрғын үйлер мен мекемелерге жылудың уақытылы берілуі жолында еңбек етеміз. Қиын жері, әсіресе қыстың күндері трубалар жарылған кездерде жылу халыққа тоқтаусыз берілуі үшін уақытпен санаспаймыз. Қазіргі таңда жастардың басым бөлігі заңгер, экономист мамандығын таңдайды. Бізге слесарлар да келеді, бірақ тым аз. Сондықтан оқу бітіріп, мамандық таңдау алдында жүрген жастар халық игілігі жолында жұмыс істеуден бас тартпаса екен. Мемлекет басшысының биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттырып, елімізде еңбек адамының беделін көтеруге серпін береді, – деді Есенай Әбілмәжінов.

Жолдасы мектепте мұғалім, үлкен ұлы мен қызы университетте, қалған үш баласы мектепте оқиды. Ата-анасы оларға жастайынан еңбектің қадірін түсіндірумен бірге күнделікті іс-әрекеттерімен үлгі көрсетуде.

Қазіргі заманда бізге аса қажет құндылық – еңбекқорлық және шын мәнінде барлық жетістіктің бастауы адал еңбек пен іскерлік екенін мәртебелі мамандық иесі жақсы біледі. Тәжірибелі маман ретінде ол өзінен кейінгі жас буынға жол нұсқап, бағыт-бағдар беруден аянған емес.

Табысын маңдай терімен тауып жүрген Есенай Балтабайұлы секілді қарапайым еңбек адамының өмір жолы қандай құрмет пен марапатқа да лайық.

 Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button