МӘМС жүйесі қалай өзгерді?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша Астана тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі артады. Бұл туралы елордадағы №3 қалалық емхананың директоры Сауле Куанышкалиевна Нурашева айтып берді.
– Сауле Қуанышқалиқызы, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты заңға енгізілген соңғы өзгерістер туралы айтып берсеңіз. Бұл жаңашылдық неге маңызды?
– Ең басты өзгеріс – медициналық көмекті алу үшін сақтандырылған мәртебенің үзіліссіз болуы міндетті емес. Енді МӘМС жүйесінде соңғы 12 айдың ішінде кемінде 6 ай жарна төлеген азаматтар да сақтандырылған болып есептеледі. Бұл дегеніміз – өмірлік жағдайларына байланысты уақытша жарна төлей алмаған, бірақ жүйеге қайта қосылған адамдар медициналық көмектен шет қалмайды деген сөз.
Бұған дейін азаматтар бірнеше ай жарна төлемесе, тіпті қажет болған жағдайда да сақтандыру аясындағы көмекке қол жеткізе алмайтын. Енді бұл кедергі жойылып отыр. Бұл өте маңызды әрі әлеуметтік жағынан әділетті қадам.
– Яғни, бұдан былай адамның сақтандырылғанын растау оңайырақ бола ма?
– Дәл солай. Азаматтар үшін статус алу барысы жеңілдейді. Мысалы, егер сіз биылғы жылдың соңғы 12 айының ішінде 6 ай ғана жарна төлесеңіз – сақтандырылған болып есептелесіз. Бұрынғыдай толық 12 ай бойы үздіксіз төлеу міндетті емес. Бұл әсіресе бейресми табысы бар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар үшін үлкен жеңілдік.
– Бұл реформа медициналық ұйымдардың жұмысына қалай әсер етеді?
– Біріншіден, бұл тұрғындар тарапынан сұранысты арттырады. Яғни, поликлиникаларға келетін адамдар саны көбейеді, ал бұл – бізге өз қызметімізді одан әрі жетілдіруге мотивация. Екіншіден, біз азаматтардың статусын тексеру, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келдік. Енді бұл жағынан да жүктеме азаяды.
Біз үшін ең бастысы – адамдар емханаға келгенде еш кедергісіз, толыққанды медициналық көмек алуы. Міне, осыған бір қадам жақындадық.
– Дәл қазіргі уақытта поликлиникада сақтандыру аясында қандай қызметтер көрсетіледі?
– Сақтандырылған азаматтарға бірқатар жоғары технологиялы қызметтер тегін ұсынылады: тар бейінді мамандардың консультациясы, қымбат диагностикалық тексерулер (мысалы, МРТ, КТ), күрделі лабораториялық талдаулар, оңалту, физиотерапия және т.б. Яғни, бұл көмектердің бәрі – бұрын тек ақылы түрде көрсетілетін немесе кезекпен ұзақ күтілетін қызметтер.
– Ал бұл өзгерістерді тұрғындар қалай біле алады? Ақпараттандыру мәселесі қалай шешілуде?
– Бұл – өте маңызды мәселе. Біз күн сайын өзіміздің ресми парақшаларымызда, емханада орнатылған LED-экрандар арқылы және учаскелік дәрігерлер арқылы ақпарат береміз. Сонымен қатар, әрбір тіркеу бөлімі мен медқызметкерлерге МӘМС туралы жиі қойылатын сұрақтарға арналған арнайы жадынамалар таратылды.
– Жалпы, бұл өзгерістерден кейін жүйеге деген сенім артады деп ойлайсыз ба?
– Әрине. Өйткені кез келген жүйе ең алдымен адамға ыңғайлы болуы керек. Мемлекет тарапынан жасалған бұл өзгеріс – жүйенің азаматтардың нақты өмірлік жағдайларымен санаса бастағанының көрінісі. Ал біз, медициналық ұйымдар, осы өзгерісті жергілікті деңгейде тиімді іске асыруға жауаптымыз.
– Соңында оқырмандарымызға не айтқыңыз келеді?
– Ең бастысы – өз денсаулығыңызды назардан тыс қалдырмаңыздар. Жарна төлегеніңіз – медициналық қорға жасаған инвестицияңыз. Ал біздің міндетіміз – сол сенімді ақтау. Егер сұрақтарыңыз болса, өзіңіздің учаскелік дәрігеріңізге немесе тіркеу бөліміне жүгініңіз – біз көмектесуге әрқашан дайынбыз.