Басты ақпаратМәселе

МӘМС-тің мәселесі неде?

Сөз мемлекет тарапынан қаржыландырылатын тегін медициналық көмек және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша азаматтарға көрсетілетін консультация­лық-диагностикалық қызметтерді жүйелі түрде қолдан шектеу туралы болып отыр.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шындығында халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен оның сапасын жақсарту мақсатында енгізілгені белгілі. Десе де денсаулық сақтау қызметінің құны соңғы үш жылда 2,8 есеге өскен. Ал азаматтардың ай сайынғы тұрақты жарналарына қарамастан, медициналық қызметтердің сапасы мен оған қолжетімділік 47%-ға дейін төмендеп кеткен.

Қазақстандықтардың наразылығын тудыратын негізгі мәселелердің бірі – МӘМС пакетіне кіретін қызметтер, оның ішінде дәрігерлік кеңестер, консультациялық-диагностикалық қызметтер қолдан, жасанды жолмен қиындатылып, тіпті шектелуде. Бұған азаматтар мен медициналық қауымдастықтардан келіп түскен хабарламалар дәлел бола алады. Атап айтқанда ПЦР, ИФА, КТ және МРТ сынды тексерулерді жасату үшін тұрғындар апталап, кейде бірнеше ай бойы кезек күтуге мәжбүр. Ал мұндай күрделі диагноздардың нәтижесі 10 күннен артыққа жарамайтыны тағы белгілі. Нәтиже сол, 10 күннен асып кетсе, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қорытындыны берген медициналық ұйымға айыппұл салуы да мүмкін. Бұл қаншалықты қисынды болмақ?

Азаматтарымыздың денсаулығын оңалту кезінде тіпті заң бұзушылықтар да орын алып отыр. Атап айтқанда, медициналық мекеменің мүмкіндігі бола тұра ұзақ күттіру, азаматтарды ақылы қызметтерге мәжбүрлі түрде жүгіндіру, қарапайым жолдама алу үшін де шамадан тыс бюрократиялық жағдай туғызу, кейде қажет емес мамандарға міндетті түрде жолдама беру принципі сақталып, пациентті таусылмайтын әуреге салу әдетке айналған. Бұл сырқат жанға ғана емес, дәрігерлерге де қосымша ауыртпалық түсіреді және уақытылы көмек көрсетуге кедергі келтірері анық.

«Мамандарға жазылу мүмкін емес, бірақ олардың жұмыс кестесінде бос уақыт көп» дейді шағымданушылар. Бұл олқылық неге жүйеленбей келеді?

Консультативтік-диагностикалық қызметтерге қолжетімділікті жүйелі шектеу медициналық қызметтер сапасының төмендеуіне ықпал етері анық. Аса күрделі және жұқпалы аурулардың кеш диагностикалық анықталуы өмірге аса қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Бұл міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің беделін тіпті түсіру ғажап емес. Сондықтан осы айтылғандарға сүйене отырып, келесі ұсыныстарды қарастыруды сұраймын:

  1. «Бүгін және қазір» қағидатына сай қолжетімді­лікті қамтамасыз ету үшін көрсетілген қызметтерге негізделген төлемге көшуді қамтамасыз ету.
  2. Медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін өтеуді толық және уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз ету.
  3. Саланы цифрландыруды және барлық медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялауды күшейту.
  4. Егер тағайындалған клиникада тиісті қызмет 10 күнтізбелік күн ішінде көрсетілмесе, кешенді медициналық көмек көрсетуді басқа медициналық ұйымға еш кедергісіз ауыстыру.
  5. Пациент мемлекеттік клиникада қызмет ала алмаған жағдайда, жеке клиникада емделуге жіберу мүмкіндігін және осы пациентке Міндетті медициналық сақтандыру қорынан шығынды өтеу мүмкіндігін жүйелеуді қарастыру.

Бұл қағидаттар қазақстандықтардың денсаулық сақтау жүйесіне деген селқос сенімін қалпына келтіруге ерекше ықпал етері сөзсіз.

 Нұрлан ӘУЕСБАЕВ,

Мәжіліс депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button