Денсаулық

МӘМС қызметтері кеңейтілді

Астанада халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылуы талқыланды. Жиын елорда әкімінің орынбасары Ерік Мейірханның төрағалығымен өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz..

Астана қаласы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Гүлжан Шайхыбекованың мәліметінше, елордада МӘМС жүйесімен қамту деңгейі 84,6%-ды құрайды, ал 15,4% немесе 256 672 адам жүйеден тыс қалып отыр.

Соңғы екі айда сақтандырылмағандардың саны 18 мың адамға өскен. Бұл көрсеткіштің артуы халықтың жоғары көші-қонына да байланысты.

Қор филиалы басшысының айтуынша, сақтандырылмағандардың қатарында 12 ай бойы жарна төлемегендер – 132 мың адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 8 мың, жалдамалы жұмысшылар – 91 мың, жеке кәсіпкерлер – 26 мың адам бар.

Жиында МӘМС және медициналық қызмет көрсетуге қатысты заңнамалық өзгерістерге сәйкес, сақтандырылмаған тұлғалар үшін медкөмектің қолжетімсіз болу қаупі айтылды.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС пакеті әлеуметтік маңызы бар 24 ауру тобы және динамикалық бақылауды қажет ететін аурулар бойынша кеңейтілді.

Бүгінде амбулаторлық деңгейде тегін дәрі-дәрмек алып жүрген халықтың шамамен 10%-ы жыл соңына дейін сақтандырылған мәртебеге ие болуы қажет. Әйтпесе олар тегін дәрі алудан қағылуы мүмкін.

Жиында сақтандырылмаудың ықтимал тәуекелдері де атап өтілді:
• медициналық көмектің қолжетімділігінің төмендеуі;
• қалта шығындарының өсуі;
• халық денсаулығының нашарлауы;
• эпидемиологиялық қауіптің артуы;
• Амбулаторлық-емханалық көмектің қолжетімсіздігі;
• шұғыл медициналық жүктеменің артуы;
• өмірлік маңызды процедуралардың (гемодиализ және т.б.) қолжетімсіздігі;
• жоспарлы госпитализация мен диагностикадан өтудің мүмкін еместігі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button