МӘМС: қандай өзгерістер бар?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана филиалының мамандары Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығында МӘМС-ке қатысты жаңа өзгерістерді кеңінен түсіндірді. Оған елорда тұрғындары мен дәрігерлер қатысты.
Мамандардың айтуынша, енді соңғы бес жылда тұрақты төлем жасаған азаматтар уақытша жарна төлемей қалса да, сақтандырылған мәртебесін алты айға дейін сақтап қала алады. Бұған дейін бұл мерзім үш аймен шектелген еді. Аталмыш азаматтарды қиын жағдайда да медициналық көмексіз қалдырмауға бағытталған қадам. Сонымен қатар сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін көрсетілетін қызметтердің тізімі кеңейді. Яғни, онкологиялық ауруларға скрининг, туберкулез, АИТВ, вирусты гепатит, бауыр циррозы, онкологиялық, психикалық, сирек кездесетін аурулар, инфаркт пен инсульт бойынша кеңес беру мен диагностика тегін көрсетіледі.
«2026 жылдан бастап МӘМС базалық пакеті жаңа қызметтермен толықтырылады. Атап айтқанда, амбулаториялық диализ, 1-2 топтағы созылмалы ауруларға динамикалық бақылау және кеңес беру, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек» дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана филиалының бөлім жетекшісі Шынар Сатылханқызы.
Жиынға қатысқан азаматтар сақтандыру мәртебесін тексеру жолдары, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жарна төлеу тәртібі, пациенттердің шағымдарын қарау және медициналық қызмет сапасына қатысты сұрақтарға толық жауап алды. Қор мамандары мұндай кездесулерді алдағы уақытта да жалғастырып, халыққа медициналық сақтандырудың артықшылықтарын түсіндіріп отыратынын айтты.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ