Ел тынысы

МӘМС: халық денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадамдар

Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіп, тиісті құжатқа қол қойды. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бұл жаңашылдықтардың халыққа тигізетін оң әсері туралы толық түсініктеме берді.

Халықты қамту аясын кеңейту – басты басымдық.

Қазіргі уақытта ел тұрғындарының 83%-ы МӘМС жүйесімен қамтылған. Дегенмен, 3,3 миллионға жуық азамат жүйеден тыс қалып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік осал топтар үшін жарна төлеу жауапкершілігін өз мойнына алады.

Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік жағдайы нашар, дағдарыстық деңгейдегі азаматтар үшін жарналар жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Бұл қадам 2026 жылға дейін қосымша 1 миллион адамды МӘМС жүйесіне тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ресми тіркелген жұмыссыз азаматтар да осы тетік арқылы жүйеге қосылады. Бұл жергілікті атқарушы органдардың жұмыспен қамту саясатына белсенді араласуына түрткі болмақ.

Медициналық көмектен айырылмау – енді мүмкін.

Жаңа ереже бойынша, бес жыл қатарынан жарна төлеген азаматтар уақытша жарна төлеуді тоқтатқан жағдайда алты ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтап қала алады. Бұл бұрынғы үш айлық мерзіммен салыстырғанда едәуір ұзартылған және халықтың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Мәселен, жұмыссыз қалған азамат осы кезеңде де МӘМС шеңберінде медициналық көмек алуға құқылы. Кейінірек сол кезеңдегі жарналық берешекті өтеу арқылы жүйеде өз мәртебесін толық қалпына келтіреді.

 

 

 

“Бірыңғай медициналық көмек пакеті”: қолжетімділік пен әділеттілік.

2026 жылдан бастап «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» енгізіледі.

Бұл бастама бүкіл халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған нақты қадам болып табылады. Жаңа пакет шеңберінде:

– онкологиялық ауруларға скрининг МӘМС мәртебесіне қарамастан, ТМККК тізіміне өтіп, барлық азаматтарға тегін жүргізіледі;

– 8 әлеуметтік мәні бар ауру бойынша (туберкулез, АИТВ, гепатит, жүрек аурулары, психикалық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт) күдік туындаған жағдайда диагностикалық көмек баршаға қолжетімді болады;

МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді. Аталған аурулар тізбесіне бауыр аурулары; қан мен қан түзуші ағзалар аурулары; жоғарғы асқорыту жолдарының аурулары; инфекциялық емес энтерит пен колит; артропатиялар, дорсопатиялар; қалқанша безі аурулары; қуық асты безінің гиперплазиясы; сүт безінің қатерсіз дисплазиясы; әйелдердің жыныс мүшелерінің қабынусыз аурулары; бронхөкпе дисплазиясы; жүректің туа біткен ақаулары; даму ақаулары жатады.

Бұл – денсаулық сақтау қызметтерін теңдей әрі әділ таратуға бағытталған нақты шара.

 

Қаржылық тұрақтылық – сапалы медицинаның кепілі.

МӘМС жүйесінің орнықты жұмыс істеуі үшін 2026 жылдан бастап жарна есептеу шегі өзгертіледі:

– жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақы,

– қызметкерлер үшін – 20 ең төменгі жалақы көлеміне дейін шектеледі.

Бұл жүйенің қаржылық тұрақтылығын сақтай отырып, азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына жол ашады. Қосымша 200 млрд теңге көлеміндегі кіріс денсаулық сақтау қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Мемлекеттен қосымша қолдау: әлеуметтік топтарға қамқорлық.

Мемлекет бұрынғыдай жеңілдігі бар 15 санаттағы азаматтар үшін жарна төлеуді жалғастырады (балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер және т.б.).

Қаржылық жүктемені әділ бөлу үшін мемлекет тарапынан жарна мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған:

-2027 жылы – 2,2%,

-2037 жылға дейін – 4,7%-ға дейін біртіндеп ұлғайту.

Айта кету керек, бұл өсім тек мемлекет тарапынан төленетін жарналарға қатысты. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшері өзгермейді.

Қорытынды: МӘМС жүйесі – әр азаматтың саулығы үшін!

Жаңа өзгерістер Қазақстан халқының денсаулығын қорғау жолындағы маңызды қадам болып отыр. Әлеуметтік әділеттілік пен медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы мен Үкіметтің басты мақсаты. Бұл жаңашылдықтар әрбір азаматтың сапалы әрі үздіксіз медициналық көмек алуына жол ашып, ел болашағының негізі – дені сау ұлт қалыптастыруға бағытталған.

Жаңалық Сағандықов,

Астана қалалық №11 емханасының директоры

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button