Мәдениет мәселелері талқыланды

Amanat партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» қоғамдық кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен Президенттің Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда мәдениет саласын дамыту жөніндегі берген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
Жиынды жүргізген аталмыш кеңес төрағасы, белгілі ақын, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы Жолдаудан туындаған мақсат-міндеттерге тоқталып, жасанды интеллекттің ел дамуына үлкен ықпал тигізетінімен қатар, одан түрлі қауіп-қатер келетінін атап өтті. Соның ішінде алаяқтар ЖИ-ді пайдаланып, белгілі бір адамның дауысын жасап алып, тақырға отырғызу мүмкіндігі, жасанды интеллект енгізілген соң, кадрдың қысқару ықтималдығы айтылды. Қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жағдайлар қозғалып, ұрпақ тәрбиесі мәселесі ортаға салынды.
Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Хамзин Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларының елордада орындалу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, қалалық басқарма 2024-2026 жылдарға арналған мәдениет саласын дамыту жөніндегі жоспарды әзірледі. Аталмыш құжатты қала әкімі Жеңіс Қасымбек бекітті. Соның ішінде елорда мәдениетін дамытудың негізгі бағыттарының бірі – театр саласы.
Бүгінде бас қалада 10 театр болса, соның 3-еуі – республикалық, 7-еуі – қалалық. Кешенді жоспарға қала әкімдігіне қарасты театрлардың инфрақұрылымын дамыту кірді. Атап айтқанда, өзекті мәселелердің қатарында Қуыршақ театрына арналған ғимаратты салу, «Жастар» театрына 2026 жылы күрделі жөндеу жүргізу қамтылған. Сонымен қатар театрлардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және репертуарын жаңартуға ерекше көңіл бөлінді. Қазір театрлардың көрермендері өткен жылдармен салыстырғанда едәуір көбейген. Мәселен, 2023 жылы көрермендер саны 300178 адам болса, былтыр 30 пайызға өсіп, 425 мың адамнан асты. Ал осы жылдың 8 айында қала театрларына 231220 көрермен келді.
Соңғы жылдары қала кітапханаларын көбейту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұрын Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 18 кітапхана болса, бүгінде олардың саны 22-ге жетті. Соның ішінде сол жағалауда бірнеше кітапхана ашылды. Алдында мұнда Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ұлттық академиялық кітапханадан басқа кітап ордалары болмаған еді. Алда елордада кітапханалар саны тағы көбеймек.
Елорданың кейбір тұрғын алаптарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Осындай нысандар тағы ашылмақ. Осыған орай, кеңес мүшесі Мұхтар Еркетаев бұл кешендерде кітапханаларды ашуды ұсынды.
«Атамекен: Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешені биыл жұмыс істеген жоқ. Жан-жағы қоршалған нысанның болашағы аспанда ілініп тұр. Нұран Хамзиннің айтуынша, кешен апатты жағдайда болғандықтан жабылды. Бірақ орнына не салынатыны әлі шешілмеді. Отырыста кешен өте тартымды жерде орналасқаны, «Атамекен» мәдени нысаны ақыры сүрілетін болса, сол орын қала мәдениетіне қызмет ету керектігі айтылды. Осы орайда сол жерде Қуыршақ театрына немесе «Наз» би театрына ғимарат салу, жалпы мәдени кешен құрылысын жүргізу ұсынылды. Қаладағы мәдениет саласының басқа да өзекті мәселелері талқыланды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ