
Астанадағы Локомотив құрастыру зауытында биылғы республикалық референдум аясында жаңа Конституция жобасын түсіндіру бойынша кездесу өтті. Кәсіпорын ұжымымен бас қосуда «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ата заңның жаңа жобасындағы ең маңызды өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндіріп, зауыт жұмысшыларының сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесуге сенатор Геннадий Шиповских, Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлпыхар Ғайыпов, AMANAT партиясы саяси бөлімінің меңгерушісі Әбдіғани Базылханұлы, Қазақстан халық партиясының өкілі Гүлдарина Нұрмағамбет және басқа да коалиция мүшелері қатысты. Алғаш сөз алған Г. Шиповских жаңа заң жобасындағы отбасы құндылықтары, тіл мәселесі, тәрбие және білім берудегі өзгерістер туралы баяндады.

— Жаңа Конституция — бұл алға жылжу, елдің Негізгі заңындағы өзгерістер ең алдымен адамға, оның құқықтары мен бостандықтарына бағытталған. Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі — халық заң үшін емес, керісінше заң халық үшін жұмыс істейтіндігінде. Сондықтан оны қабылдау — әділ, заманауи және прогрессивті мемлекет болуға жасалған маңызды қадам, — деді сенатор.
Еліміздегі конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Кейіннен ол Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға ұласты. Комиссия жұмысы барысында халықтан 10 мыңнан астам ұсыныс түсті. Сол комиссия құрамында заңды жаңартуға қатысқан 130 адамның бірі З. Ғайыпов ол ұсыныстардың көбі назарға алынғанын жеткізді.

— Нәтижесінде жаңа Ата заң жобасы Президентке жолданды. Ата заңның жаңа нұсқасының кіріспесінде мәдениет пен білім, ғылым және инновация құндылықтарын негізгі бағдарға алатыны нақты көрсетілген. Осы тұрғыдан алғанда адами капитал мен адамға бағытталған негізгі заңның мәні де, мағынасы да зор болмақ, — деді З. Ғайыпов.
Ол сондай-ақ зауыт жұмысшыларының еңбек заңдылығы туралы сұрақтарына жауап берді. Жастардың көзқарасы тұрғысынан өз ойын білдірген Қазақстан халық партиясы орталық аппараты әлеуметтанушылық зерттеулер бағытының жетекшісі Г. Нұрмағамбет жаңа Конституцияның басты мақсаты – азаматтардың өмір сапасын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, білімді әрі дені сау қоғам қалыптастыру, экономиканың интеллектуалдық әлеуетін күшейту екенін айтты.

-Адами капитал – бұл адамдардың білімі, денсаулығы, кәсіби біліктілігі, мәдени деңгейі, инновациялық ойлау қабілеті мен әлеуметтік белсенділігі. Жаңа Конституция осы факторлардың дамуына құқықтық негіз жасайды. Бұл бағыттар елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясымен тікелей байланысты, — деп пікір білдірді ол.
Кездесу соңында спикерлер еліміздің экономикасын, соның ішінде ауыр өнеркәсіп саласын дамытуға орасан зор үлес қосып отырған аталған зауыттағы қарапайым еңбек адамдарының жаңа Конституция жобасымен етене танысып, алдағы референдумға белсенді қатысуы арқылы азаматтық ұстанымын білдіруі маңызды екенін атап өтті.



