Қоғам

«Ли Елена Алексеевна: Қазақ тілі – мен үшін өмір»

Мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік пен құрмет – әр азаматтың жүрегінен орын алуы тиіс қасиет. «Мемлекеттік тіл-этносаралық қатынас тілі» арнайы ҚХА жобасы талай бұлақтың көзін ашты. Осындай тілге деген ықыласы ерекше, жүрекпен үйреніп, өзгелерге де үйретіп жүрген жанның бірі – Ли Елена Алексеевна. Шымкент қаласында тұратын корей этносының өкілі, қазақ тілінің насихатшысы, @komekbaikz онлайн курсының негізін қалаушы, әрі қалалық корей этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі. Елена Алексеевнаның өмір жолы – еліміздегі рухани бірліктің айнасы іспетті.

«Қоғам – менің алғашқы мұғалімім болды»

– Қазақ тілін үйрену оңай емес дейтіндер көп. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Себебі тіл – адамның табиғи қажеттілігі. Егер ниет пен ықылас болса, кез келген адам үйрене алады. Менде арнайы курс та, мұғалім де, бағдарлама да болған жоқ. Алғашқы мұғалімім – өмірдің өзі, – дейді Е.Ли.

Қоғамдық көліктегі диалогтар, көшедегі жарнамалар, сатушының қазақша амандасуы – бәрі Елена Алексеевна үшін сабаққа айналған. Әрбір күн – жаңа сөз, жаңа сөйлем. Осылайша, тілге деген қызығушылық біртіндеп шынайы махаббатқа ұласқан.

– Әрбір сөз, әрбір тіркес арқылы мен қазақ халқының жан-дүниесін сезіне бастадым. Бұл тіл жай құрал емес, ол – тұтас дүниетаным, – дейді кейіпкеріміз.

«Тіл – халықтың рухани болмысы»

Тілді үйрену барысында Елена Алексеевна тек сөздер мен грамматиканы меңгеріп қоймай, қазақ тілінің терең мағынасына бойлап, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер арқылы қазақ халқының дүниетанымын тануға ұмтылған. Бұл оны ерекше әсерге бөлеген.

– Қазақ тілінде айтылған әрбір сөздің астарында даналық жатыр. «Сабыр түбі – сары алтын», «Көз қорқақ, қол батыр», «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөздер мені тәнті етті. Бұл – жай тіл емес, бұл – халықтың рухани болмысы, – дейді ол.

Өз жолын өзгеге бағыт еткен

Тілді меңгеру барысында Елена Ли айналасындағы адамдар оның нәтижесіне қызыға қарап, өздері де үйренгісі келетінін айта бастаған. Сұраныс артқан соң, ол өз білгенін басқалармен бөлісуге шешім қабылдайды. Осылайша, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін талай жанға бағыт-бағдар көрсететін @komekbaikz онлайн курсы дүниеге келген.

– Мен тек сөздер мен грамматиканы үйретпеймін. Мен адамдарды қазақ болмысымен, мәдениетімен, ойлау жүйесімен таныстыруға тырысамын. Себебі әр грамматикалық құрылым – ұлттың ішкі логикасының көрінісі, – дейді ол.

Қазір оның курсына әртүрлі жастағы, түрлі этностардың өкілдері қатысады. Әрбір сабақ – тек тіл үйрету емес, ол – қазақы ойлау мен құндылықтарды сіңіру алаңы.

«Қазақ тілін үйрену – азаматтық әрі адами жауапкершілік»

Елена Алексеевна үшін қазақ тілін үйрену – бұл кездейсоқ шешім емес, саналы таңдау. Ол мұны өзінің азаматтық әрі адами жауапкершілігі деп есептейді.

– Қазақ тілі – мемлекеттің өзегі. Тілді білу – осы елге, осы халыққа деген құрметтің айқын белгісі. Егер менің тарихым бір адамға болсын шабыт берсе – менің ең үлкен жетістігім сол, – дейді ол.

Шын ықыласпен үйренген дүние ғана жүрекке жетеді. Ли Елена Алексеевна – қазақ тілін сүйіп, оның қадірін терең түсінген жан. Оның өмір жолы – көпэтносты Қазақстандағы рухани бірліктің жарқын дәлелі.

 Гүлнұр Бақытқызы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button