Руханият

Күш атасын таныдық

Биыл даңқты палуан, Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толып отыр. Осыған орай Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында халықаралық дәрежедегі палуанға арналған биографиялық тарихи драмасы сахналанды. Қойылым авторлары – Асылбек Наурызбай, Аманжол Қазыбек, ал режиссері – Ақниет Жақсығали. 

Сахналық қойылым Мұңайт­пастың құдайға жалбарынып ұл тілеуінен басталады. Шыр етіп өмірге келген сәби көзін ашпастан анасынан ажырайды. Әжесінің бауырында болған бала Мұқан әкенің тәрбиесін алып, өзін шыңдай бастайды. Қажымұқан Мұңайтпасұлына арналған қойылымда театр тілі арқылы палуанның қайсарлығы мен батылдығы өрбіген өмірі суреттеледі. Сахналық туынды – ұлт мақтанышы болған балуанның тағдыры, елге деген сүйіспеншілігі, ерік-жігері мен адамдық болмысын жаңа қырынан танытатын əсерлі қойылым болды. Оның балалық шағындағы қиындықтары, палуан ретінде қалыптасуы, Еуропадағы күрес жолы, халыққа қызмет ету жолындағы таңдауы көрсетіліп, осы оқиғалар арқылы күш пен адамгершілік, намыс пен агрессия арасындағы терең тартыс ашылады. Қойылымда кейіпкерлердің екі құрамы кезекпен өнер көрсетеді. Ұлттық құндылықтарды дəріптейтін қойылым арқылы көрермен тарихи тұлғаның өмір жолымен бірге оның ішкі күресін, арманы мен мұратын сезіне алады.

– Қажымұқанның бейнесі қазақ сахнасында тұңғыш рет қойылып отыр.

Осы орайда Ә.Мәмбетов театрының басшылығынан бастап, авторы мен режиссеріне алғыс айтқым келеді. Өздеріңіз білесіздер, палуан жайында кітапта жазылды, киноларда түсірілді. Алайда сахналық бейнесі әлі күнге сомдалмаған еді. Міне, сол бүгін батыр бабамыздың 155 жылдығына орайластырылып отырғаны қуан­тады. Қажымұқанға арналған қойы­лым көрерменнің соның ішінде жастардың көңілінен шығады деп есептеймін, – деді өлкетанушы әрі қажымұқантанушы Майра Керейбай.

– Қажымұқан атамызға арналған қойылымның сахна төрінен табылғанына қуаныштымыз. Бір әулеттің емес, күллі әлемге танылған тұлғаның дәріптелуі, оның жүріп өткен жолының сахна тілінде сөйлеуі өскелең ұрпақты рухтандырады деп білемін. Алдағы күндері Қажымұқан драмасының көрермені де көп болары сөзсіз, – дейді Қажымұқан Мұңайт­пасұлының ұрпағы, шөбересі Айкен Мұқан.

Палуанның бала бейнесін Ернар Сылқымбек, бозбала кезін Бейбарыс Асқарбеков, әлемді мойындатқан кезін мəдениет саласының үздігі Бағлан Иманғазинов сомдады. Қажымұқанды жан-жақты көрсете алған қойылымда Балуан Шолақтың да бейнесі көрсетіледі. Ол ән салып, бозбала Қажымұқанға батасын береді.

Әке арманын орындаған Қараөткелдің Қажымұқанын яғни күш атасын осылайша танып қайттық.

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button