Басты ақпаратМәдениет

Күйшілік қанына сіңген

Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде өтетін әртүрлі іс-шараларға, музыкалық кештерге барып тұрамын. Он шақты жыл бұрын бір күй кешінде осы білім мен руханият ошағының оқытушысы, күйші Рымхан Әбілханұлымен таныстым. Бірнеше рет кездесіп, әңгімелескенде күйшілігіне, қарапайым болмысына тәнті болдым. Өкінішке қарай, өрелі өнерпаз, тәлімгер ұстаз осыдан 4 жыл бұрын өмірден озып кетті. Былтыр туғанына 70 жыл толды. Осыған орай жуырда өзі қызмет еткен оқу ордасында еске алу кеші өтті.

Астананың  ірге­сінде Қарағанды облысына қарайтын Нұра ауданы бар. Бұл – кеңестік кезеңдегі тың игеру саясатына қатты ұшыраған аймақтардың бірі. Рымхан Әбілханұлы дәл осы топырақта, Ынтымақ ауылында дүниеге келді. Аталған науқан оның туған жылы өріс алды. Сол кезде осы өңірге өзге ұлттарды қаптатып, ауылдары да байыр­ғы атауларынан айырылып, бөтен тілге өзгерді. Бұл атаулар бертінге дейін мызғымай тұрды. Аудан орталығының өзі Киевка болып аталып келді. Рымхан Әбілханұлының сондай ортадан шығып, төл өнерге құмар болып, күйші ретінде қалып­­тас­қанына қайран қалатынмын. Сөйтсем, оның сыры бар екен, күйшілік қанына сіңген екен. Әкесі Әбілхан домбыра және сыбызғы күйлерін тартатын. Әке өнері мен үлгісі ұлына дарыды. Бойдағы өнерін дамытып, Жезқазған музыка училищесін, Құрманғазы консерваториясын аяқтады. Майталман музыкант Нұрғиса Тілендиевтің тәлімі мен тәрбиесін көріп, шертпе күй шебері, композитор Төлеген Момбековтің қолынан күй алды. «Отырар сазы» оркестрінде өнерін шыңдады. Өзі де Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде және өмірінің соңына дейін Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде шәкірт тәрбиеледі.

«Рымхан Әбілханұлының ұстаздық жолындағы жауапкершілігі, адами болмысы, қазақтың дәстүрлі күй өнеріне шынайы берілгені – бізге үлгі, болашақ ұрпаққа өнеге. Ұстаз ретінде әр студенттің қабілетін көре біліп, қолдап, бағыт-бағдар беруге дайын тұратын» дейді Күләш Байсе­йітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі Абылғазы Ахмадиев.

Рымхан күйшімен танысуыма дәулескер күйші, осы оқу орнының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай дәнекер болған еді.

«Рымхан Әбілханұлы дәстүрлі орындаушылардың ұлы көшінің ортаң белінде жүрген өнерпаз еді. Төлеген Момбеков бата берген дара шәкірттерінің бірі – осы Рымхан. Одан кейін Төлеген Момбековтің ризашылығына, батасына Біләл Ысқақов пен Секен Тұрысбек бөленді. Ал кәсіби орындаушылық жағдайына келгенде Төлегеннің шығармашылығын, арғыдағы Тәттімбеттен бастап Баубекке дейінгі шығармашылықты өте терең білетін маман Рымхан Әбілханұлы еді» деді еске алу кешінің тізгінін ұстаған Жан­ғали Жүзбай.

1985 жылы сол кездегі Одақ астанасы – Мәскеуде бүкіл­одақтық жастар фестивалі өтті. Рымхан күйші соған қатысты. Ал 1989 жылы өткен дәстүрлі орындаушылардың бірінші байқауында топ жарып, тұңғыш лауреат атанды. Осыдан кейін «Отырар сазы» оркестріне қабылданып, 7 жыл бойы соның құрамында домбырашы болды. 2007 жылы республикалық «Күй-керуен» фестивалінде өнер көрсетіп, «Алтын домбыра» сыйлығымен марапатталды. 2015 жылы Лондонда өткен қазақ өнерінің апталығында өнер көрсетті. Бүгінде «Күйші Рымхан Әбілханұлы» атты хабар қазақ телевизиясы мен Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы.

Рымхан Әбілханұлының музыка, соның ішінде күй өнері туралы ойлары мен пайымдары қызық еді. Әлімханның Жанғалиы айтпақшы, Әбілханның Рымханы Төлеген Момбековтің шығармашылығына терең бойлады. Төлегеннің күйлерінен тұрған күйтабақ та шығарғаны бар. «Салтанат» күйін де өзгелерден ерекше түсініп, тыңдаған жандардың айызын қандыра шертті. «Салтанатта» бүкіл адамзатқа тән махаббат, шексіз сүйіспеншілік, шексіз адамгершілік тұнып тұр. Осы күйді отбасы, ошақ қасының оқиғасына ғана таңатын болсақ, сол тұрғыдан ғана тыңдайтын болсақ, онда ой-өрісіміздің биікке көтерілмегені» дегені де бар.

Белгілі қаламгер, алаш­танушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай Рымхан Әбілхан­ұлымен 20 жыл көрші тұрды. Оның сөзінен күйшіге деген сағыныш самалы ескендей болды. «Оңайгүл (күйшінің жары – ақын, ғалым Оңайгүл Тұржан – А.Қ.) екеуінің үйлеріндегі тәртіп ерекше еді. Рымхан өзіне де, көлігіне де шаң жуытпай жүретін. Сондай биязы, сыпайы болатын» деген Тұрсын Жұртбай естеліктерді тарқатты.

Көрнекті жазушы, драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова университет басшылығына күйшінің мерейтойы туралы құлаққағыс еткеннен кейін еске алу кеші ұйымдастырылды. «Менің түсінігімде күй иесін таңдап қонады, менің түсінігімде Рымханға күй қонған» деді қаламгер.

Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры Раушан Сабыржанқызы Рымхан Әбілханұлы өте таза, өнерге адал жан болғанын айта келе, күй өнерінің өрісіне тоқталды. Өзгелер де күйшінің кісі­лік келбеті, өнері туралы сөз ­сабақтады.

Рымхан Әбілханұлын тек күйші, ұстаз ғана емес, композитор деп те атауға болады. Ақынжанды да еді. Оның со­ңында «Құстар күйі» және «Ән қосбасар» атты күйлері қалды. Екінші аталған күйді ұстазын сағынышпен еске алған шәкірті Айдос Оспан шертті. Күйшінің жары Оңайгүл Тұржан еске алуды ұйымдастырған университет ұжымына алғысын жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button