Күй өнері: толқынды қуған толқын

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында дәулескер күйші, композитор Бақыт Басығараевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Толқында» атты күй кеші өтті.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның кеш қатысушылары мен қонақтарына құттықтауы оқылды. Күй кешін әке рухына тағзым ретінде Мәдениет саласының үздігі, Мәдениет қайраткері, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының солисі Еділ Басығараев жүргізіп, Қазанғап, Үсен Төре, Боғда және халық күйлерін орындады. Сондай-ақ мұрағаттан алынған Бақыт Басығараевтың бейнежазбасы көрсетіліп, көрермендер күйлердің тарихы жайлы оның өз аузынан естіді.
Бақыт Басығараевтың есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Ол қазақтың әйгілі күйші-композиторы Қазанғаптың өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді жинақтаған. Оның жиырмадан астам күйін орындап, шығу тарихын да терең зерттеген. Домбыраға деген қызығушылығы 10-11 жасында оянып, сол кезден бастап естіген күйлері мен әндерін меңгере бастайды. Алғаш рет мектеп сахнасында өнер көрсетіп, кейін ауылдағы түрлі жиын-тойларда домбыра тартып, ән айтқан. Әскер қатарында жүрген кезінде де өнерден қол үзбей, күйші Мұрат Өскенбаевпен танысып, бірге концерттер мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырған.
Қазір Бақыт Басығараевтың өнердегі жолын қуып жүрген баласы Еділ Басығараев та домбыра өнерін жалғастырып, әке мұрасын насихаттауға өз үлесін қосып келеді. Ол Қазанғаптың күйлерін насихаттауға арнаған күйшінің «Толқында» жинағын жарыққа шығарды. Кеш барысында Бақыт Басығараевтың немересі Жайық Басығара, сондай-ақ Еділ Басығараевтың шәкірттері өнер көрсетті. Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Елшібаева мен Елмұра Жаңаберген, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ардақ Елеусіз қатысты.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



