Күй мен өлең тоғысты

«Ән-өлең, күй – адамның анық тілі, шын тілі, көпке бірдей ұғымды тіл» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ән, өлең һәм оның құралы» атты зерттеу еңбегінде. Ұлт ардақтысының ойын әрі қарай тарқатсақ, өлең де, күй де – жанға рахат сыйлайтын өнер түрлері.
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт ұйымының камералық залында күй мен өлеңді тоғыстырған сондай концерт өтті. Белгілі күйші, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Қайрат Айтбаев «Шертпе күй өнерінің тәңірісі» атанған Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығына арналған «Сарыжайлау» атты музыкалық-поэтикалық шығармашылық кешін ұсынды.
Көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың «Тәттімбет» аталатын дастаны, «Тәттімбеттің жан сыры» атты өлеңі бар. Бірнеше жыл бұрын «Elorda Aqparat» медиакомпаниясы «Тәуелсіздік және елорда» мүшәйрасын ұйымдастырды. Сонда Кәкімбек Салықов атындағы арнайы жүлдені дарынды жас ақын Ұмтыл Зарыққан иеленді. Тәттімбетке арналған кешті оны талмай жырлаған Кәкімбек атындағы сыйлық иегерінің ұстағаны жарасымды болды. Ал кештің өзін Қайрат Айтбаевтың ұстазы, дәулескер күйші, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, өнертанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай ашып, шәкіртіне ақ тілегін арнады. Қонақкәде ретінде Сембектің «Наз қосбасар» күйін шертті. Одан кейін кезекті кеш иесінің өзі алып, Тәттімбеттің «Сылқылдақ», «Сарыжайлау», «Қырмызы қосбасар» секілді күйлерін бебеулетті. Байжігіттің, Мағауия Хамзиннің, Мұхаметжан Тілеуханның күйлерін күмбірлетті. Тәттімбеттің талай күйін жеткізген Әбікен Хасеновтің «Қоңырын» тартты. Оның орындауындағы «Көксерек» фильміндегі Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетауына» Нұрғиса Тілендиевтің фантазиясы кештің жаңалығы болды.
Төлеген Миллат, Тілеубек Батыс атты жас ақындар жиналғандарды жалынды жырларымен сусындатты. Арнайы қонақтар қатарындағы Қарағандыдан арнайы ат терлетіп жеткен дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, жыршы Күнсұлу Түрікпен, әнші Айдос Саниязбекұлы, күйшілер Мұрат Сұлтанбай, Айтолқын Тоқтаған, Нұрмұхамет Жақанов, жетігенші Венера Табыс өнер көрсетті. Жас талапкер күйші, «Өз елім» республикалық байқауының бас жүлдегері Әлихан Молдабекұлының үлкен сахнада тұсауы кесілді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов кеш иесіне жылы лебізін жеткізіп, қатысушы өнерпаздарға сый-сыяпат жасады. Қайрат Айтбаевқа туған жері Павлодар облысы атынан құрмет көрсетілді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ