Күй дүлдүлі – Дина

Профессор Төлеген Қуанышевпен қанша мәрте кездессем де айтар тұшымды да әсерлі әңгімесімен өзіне баурап алатын жанның бірі емес-ау, бірегейі десем де әсірелегендік болмас. Оның салиқалы ой түйіп, сарабдал сөздің тұздығын келтіретін, жан-жағын шырайландырып жіберетін қасиеті Ақтөбе университетінде проректор болып қызмет жасаған кезден немесе Қазақстан Республикасы Парламенттің депутаты болған кезден қалыптасқан болар деп тұжырымдадым.
Қашан көрсең де бір қалыптан таймай, қолы ашық, жүзі жарқын, төңірегіне жылы шуағын сеуіп жүретін тұлға. Бұл азаматтың елге жасаған қызметі ауыз толтырып айтарлықтай. Орайы келгенде, соның біреуіне тоқталғалы отырмын. Ақмола қаласы еліміздің астанасы болып бекіген кезде бәріміз ұлы көштен қалмай, жаңа астанаға бірге келдік. Ол кездегі Ақмоланың жағдайы әлі көз алдымызда. Қатардағы облыс орталықтарының бірі болатын. Халыққа қызмет жасау, сервис, қаланың көркі, қала шаруашылығы орташа деңгейде, байырғы халқымыздың саны да шектеулі-тұғын.
Керек десеңіз, тарихи тұлғаларға қойылған ескерткіштер, ел тарихына тиісті тарихи межелер, ұлттық ерекшелігімізге байланысты атаулар жоқ десе де боларлықтай. Төлеген мырза ұзақ ойланып, көп толғанып енді ғана іргесі қаланып жатқан елордамызда Дина Нұрпейісова атында көше болса, ескерткіш қойылса, оның төңірегінде қазақтың күй өнерінің ұлы тұлғаларына арналған стелла болса, жылда бір-екі мәрте қазақ күйлерінің мерекелері өткізілсе деген арманға қол созып, ой елегінен өткізді. Бірақ, сол арманының сандал көгіне жете алмай, тек ойша ғана қиялдап қоятын.
Кезінде, қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі өнертану ғылымының докторы, академик, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Жұбанов: «Дина ұзын да сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесінде, сағағында небір алшақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуен алпыс екі тамырыңды бойлата, шымырлата, буырқана небір әсерге түсіреді» деп баға берген күй анасы Динаға қалайша ескерткіш орнатпасқа деп күйзелетін.
«Сабақты ине сәтімен» келіп, айы оңынан туған тұсы Астана қаласының даму және өркендеу дәуірімен тұспа-тұс келді. Дина анамыздың атына Астана төрінен ойып тұрып көше берілді. Қалалық әкімдікте болған кездесуде Төлеген Қуанышев мырза ұлы күйшіге арнап ескерткіш қою мәселесін алға тартты. Профессор жасаған ұсыныс тез қолға алынды. Мәдениет басқармасына тапсырма берілді. Күні белгіленді. Тамаша ұсынысты құп алып, оның өміршеңдігіне жол ашып, мұрындық болған қазақ өнерінің уызына қанып өскен азаматтардың әсері де тиген болар.
Қордай гранитінен ескерткіштің тұғыры жасалды. Көп ұзамай ескерткіштің өзі де келіп тұғырына қонды. Содан бастап жылына екі рет өткізілетін күй жәрмеңкесі және «Астана күй қанатында» атты Дина апамызға арналған күй бәйгесі қанат жайды. Олар мұнымен тоқтап қалмады. Қазақ халқында күй өнерінде аты қалған 101 сазгердің аттары жазылған үлкен панно құрылысы басталды. Жұмыс күндіз де, түнде де жүріп жатты.
Жастайынан Дина анамыз домбыраны, күйді сүйіп өсті. Табиғат талант берген ол 3 жасынан бастап қолына домбыра ұстап өнерге жақын болған. Тоғыз жасында «домбырашы қыз» атанады. Құрманғазы осы домбырашы қызды іздеп келіп, өнерде тұсауын кеседі. Ал 9-24 жастар арасында өзінің атақты ұстазы Құрманғазының басшылығымен домбырада ойнау техникасын толық игере бастады. Алаштың атақты домбырашылары Ұзақ, Есжан, Байжұма, Дәулеткерей, Түркеш, Мүсірәлі, Әлікейдің күйлерін тартып, үйреніп, өзі де күй шығара бастайды. Сөйтіп, өмірге «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп», «Тойбастар», «Сегізінші наурыз», «Ана аманаты» т.б.
күйлерін халық сүйіспеншілікпен қабылдады. Көзкөргендер Дина күйші сол домбырадан қол үзбей, домбыра тартпай отыратын үзілісінің өзі жарты сағаттан аспайтын көрінеді дейді.
Иә, әр ұлттың өзіне тән тәрбиесі бар. Сол секілді қазақ дәстүрінде тәрбиелік мәні жоғары жоралғының бірі тұсаукесер болып табылады. Динаның өнерге деген алғашқы қадамының, талпынысының тұсауын кесіп, батасын берген күй атасы – Құрманғазы Сағырбайұлы. Олай болса, дана халқымыз «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демекші, Динадан ұлы күйші шықпағанда қайтеді.
«Отан – қуат, отбасы – шуақ» дегендей, Дина апамыздың отбасы жайлы сөз қозғап өтейін. Күйеуі Нұралы Нұрпейісов өмір бойы балық аулаумен шұғылданған. Дина 13 балалы болған. Кенже ұлы Қожамұрат және немересі Қожахмет 1941-1945 жж. соғыста хабар-ошарсыз кетті.
Осы орайда «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев былай дейді: «Анам Ақжан Жұрымбайқызы – біздің әулет Ахмет Жұбановтың, әлбетте, Жұбановтар әулетінің алдында өмір бойы қарыздар. Алғашында Дина әжең туған жері – Бекетай құмының төңірегінде, сол кездегі Бекетай ордасы, Орал, Гурьев (қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау облыстары) өңіріне ғана аты танылған күйші болған. Егер Ахмет Жұбанов болмағанда күйші анамыздың танымалдылығы сол өңірден аспай қалар еді. Бүгінгідей күллі жұрттың алдында әйгілі де абыройлы болар ма еді, болмас па еді, кім білсін?».
Композитор Ахмет Жұбановтың «Музыканы түсінуге тілдің қажеті жоқ, көңіл болса жетіп жатыр» деген сөзі бар. Ол Дина сияқты өнер иесі, сазгерді Алматыға әкелуге ерекше ұмтылыс жасаған. Арнайы кісі жіберіп 76 жастағы қарт күйшіні ел астанасына шақырғанда, шырағым, мен қартайдым ғой, мені қозғап қайтесіздер» депті.
Шақыра келген өкіл Смағұл Көшекбаев: «Ел астанасында Құрманғазының күйлерін үйренеміз» деп жастар Сізді күтіп отыр» дегенде ол келініне көтеріңкі көңілмен «менің чемоданымды жина, жол жүремін» деген екен. Сөйтіп, 76 жаста ел астанасында сахнаға көтеріліп, домбыраны сөйлетіп, сиқыр өнердің сырын төкті дейді көзкөргендер.
Дина анамыз 1937 жылы 75-тен асқан шағында ұлттық аспапта шебер орындаушы өнерпаздардың қатарында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық бірінші байқауда жүлделі орынды жеңіп алды. 1944 жылы 83 жасында Орталық Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегі онкүндік байқауда Дина Нұрпейісова тағы да топ жарды.
Ол 1939 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ұлттық аспапта орындаушылар байқауында бірінші орынды иеленді. 2000 қатысушы арасынан таңдалып алынған 9 үздік өнерпаздың бірі болды.
Ұлы Отан соғысы басталған тұста ол майдандағы ұлын зарыға күткен сағынышын «Ана бұйрығы» атты шығармасына арқау етті.
1944 жылы 83 жастағы Дина Ташкентте өткен Орта Азия республикалары музыкасының 3-онкүндігінде өнер көрсетті. Сол жылы ол «Қазақ ССР-інің халық әртісі» атағын иемденді. Ал 1945 жылы соғыстың аяқталуына орай «Жеңіс» күйін жарыққа шығарды. 1937 жылы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен домбырашы Динаны Алматыға келіп орналасқан болатын. Сол жылдың күзінде Алматы қаласында ұлт дарындары бас қосқан екінші республикалық жиында Динаға ресми түрде сый-сияпат, құрмет көрсетілді. Ол өзінің «Бұлбұл», Құрманғазының «Төремұрат» пен «Қайран, шешем» атты күйлерін шебер орындағаны үшін ең алғашқы сыйлығын алды. Осыдан кейін Дина Қазақ филармониясына жұмысқа алынып, оған «Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілді
Дина туралы белгілі ақын-жазушылар пікірлерін жазып қалдырған. Ақын Жұмекен Нәжімеденов: Қазақ өнеріне сіңірген еңбегі үшін «ХХ ғасыр адамы» атанған құдіретті күй анасы – Дина Нұрпейісова деп жазған. Оның шығармашылығы және өмір жолы туралы А.Жұбанов, Г.Бисенова, Ж.Рсалдин т.б. зерттеп, жазушы С.Бақбергенов «Қайран, шешем» (1963) романын жазды.
Күйші Дина – «Ғасыр адамы» атағын алған өнерпаз. 94 жаста жарық дүниемен қоштасқан кезде қолына өмірбойғы серігі домбырасын алып, Құрманғазының «Қайран, шешем» күйін тартып, көзін жұмған екен.
Өзгелерге жай ғана қос ішекті аспап болып көрінетін домбыра Динаның қолында алуан түрлі дыбыс шығаратын ғажап құралға айналады. Әсіресе, домбырадағы оң қолдың әсері Дина күйшінің тек біркелкі қос ішекті қағып тұратын жай ғана қызмет емес, музыкалық шығарманы құбылтып, кұйқылжытып шығаратын шеберлік шыңы деп музыка зерттеушілері өте жоғары баға берген. Қазіргідей ешқандай консерватория бітірмей-ақ, музыка әлемінде жарық жұлдыз деңгейіне көтерілген тұлға. Ол заманда қазақ әйелдеріне тән емес домбыра тарту, оны ең жоғарғы деңгейге дейін жеткізу тек Динаның маңдайына жазылған бақыт еді.
Осы айтылғандарды оның жебеушісі де, демеушісі де академик Ахмет Жұбанов «Дина Нұрпейісова» деген мақаласында былай суреттейді: «Оның перне басысы, домбыраның ішегін саусақ сезіміне билетуі бұрын-соңды жұрт көрмеген домбырашылықтың керемет өнері еді. Ал оң қолы ше? Әйел ішекті аспапты тарту әдісі жөнінде еш жерде жазылмаған, қолданылмаған, ішек қағудың алуан түрін көрсетіп отыр. Тіпті домбыраның үнін барынша күмбірлете шығаратын жерлерде әйелдің саусағы домбыраның бет тақтайына тимейді. Оң қолының шапшаңдығы сонша, кей жерлерде қолдың буын қимылдары аңғарылмайды. Күйдің көтеріңкі, толқынды жерлеріне келгенде бет құбылысы мүлде өзгеріп, домбыраның сабын сәл көтеріп, ілгері ұмтыла, аузын аша, дайын шығарманы емес, дәл қазір ойдан шығарып тартып отырған сияқтанады».
Қазақ әйелі домбыра тартып, сазгер болып, өлмес туындылар шығара алмайды деген қасаң ұғымды жоққа шығарған Дина Нұрпейісованың үлгісін жалғаған қыз-келіншектер, әсіресе, еліміздің батысында көбейе түсті.
Солардың бірі – Әсима Ізмұхамбетова. Алпысыншы жылдары ортасында Алматыда өткен ауыл көркемөнерпаздарының Республикалық фестиваліне қатысып, осы додада елге көп таралмаған Нарын өңірінің туындыларын орындап, халықты таң қалдырды. Ел ұмыта бастаған Құрманғазының «Қарт жігер», «Көк ала ат» және Мақаш күйшінің «Байжұма» күйлерін халыққа жеткізді.
Одан кейінгі дәуірлерде де Қазақстанның батыс өңірінен талай саңлақ өнер иелері шықты. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева – қазақтың күй өнерін еліміз де, шет елдерде де талмай насихаттап, әлемге танытып келе жатқан өнерпаз.
1957 жылы облыстық жастар және студенттердің 1-облыстық фестивалінде Атырау (Гурьев) қаласының Мұнайшы стадионында 500 өнерпаздан құралған оркестр Нұрғиса Тілендиев пен Сейілхан Құсайыновтың дирижерлігімен Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», Дәулеткерейдің «Қосалқа», Динаның «Тойбастар», Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» күйлерін тартты.
Маңғыстау аудандық өнерпаздарының арасында осы додаға қатысқан сол кездегі мектеп оқушысы Әбіш Кекілбаев былай деп жазады:
«…1957 жылы маусым айында алғаш рет фестивальға жиналдық. Тек жер-жерден келген домбырашылардың өздері мәдениет үйінің сахнасына сыймады. Өнер мерекесін ұйымдастыруға Алматыдан екі жас маман келген-ді. Екеуі облыс басшыларымен әрі ақылдасып, бері ақылдасып, ақыр аяғында бәрімізді Жайық өзенінің жағасындағы облыстық стадионға қарай бастап жүрді. Өзен бет трибунасын толтыра жайғастырды. Ешқайсымызды қағыс қалдырмай, басымызға ұрып санап шықты.
Тұп-тура бес жүз адам болдық. Бес жүз аспаптан сел болып ақтарылған күй тасқынына Ақ Жайықтың бойында әрлі-берлі ағылып жатқан кемедегілер де ауыздарын ашып, көздерін жұмды. Бұл күй топанын ұйымдастырған ол кезде өнердегі жолдарын енді бастаған, кейін әйгілі композитор, саңлақ дирижерге айналған Нұрғиса Тілендиев пен атақты киноактер, көрнекті театр режиссері, тамаша педагог Бәйтен Омаров еді».
2013 жылдың 29 мамырында Атырау өңірінде адамзат мәдениетіне күй атты теңдессіз мұра қосқан қазақ халқының ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдығына орай республикалық күй фестивалі өтті. Фестивальге еліміздің Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстары мен Алматы, Ақмола қалаларынан, Ресей елінің Астрахань облысынан келген «Атамұра» ансамблі және Атырау қаласы мен облыс аудандарының өнерпаздары қатысты. Құрманғазы бабаның халық арасында кеңінен танылған 14 күйін мың өнерпаз бір уақытта орындап, Жайық – Каспий атырабын күмбірлеген күйге бөледі. Шара соңында Атырау облысы әкімі Б.Ізмұхамбетовке бір мезгілде 1000 өнерпаз біріккен оркестр Құрманғазының күйін орындағанын растап, Қазақстан рекордтар кітабына енгізілгендігі жөнінде және фестиваль қатысушыларына тарихи құжат ретінде арнайы сертификаттар табыс етілді.
Көптеген қолтума шығармалардың авторы болған үлкен суреткер, қайталанбас тамаша орындаушы шебері Дина Нұрпейісова күйшілік өнерде тұтас бір дәуір тудырып, өз халқының аспаптық музыкасын жомарттықпен байытты.
Сөз соңында атақты ұстазы дүлдүл, дарабоз сазгер Құрманғазы Сағырбайұлы өзінің атақты шәкірті Дина Нұрпейісоваға өз домбырасын табыстап тұрып:
Домбырам – мұрам,
ал, балам,
Мүлкім осы қалдырған.
Ұсынамын қолымнан,
Серігің болсын домбырам,
Қалған саған күй мұрам,
Ұрпағым сенен тыңдайды, – деп толғаған батасын келтіре отырып, әсем Астананың көркіне көрік қосқан қасиетті Дина апамыздың бейнесі астаналықтарға өнердің таусылмас шашуын шашып, қаланың сәніне сән қосып тұрғандай, асқақ биіктен қарап тұр. Атағың және өнер туындыларың жасай берсін, ұлы өнердің жарық жұлдызы!
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор