Басты ақпаратМәселе

«Коучтардың» көбейгені қауіпті ме?

Қоғамда өзін «имтренер», «психосоматолог», «жеке бренд маманы», «энергопрактик», «қаржы кеңесшісі», «сексолог» деп таныстыратын адамдардың көбеюі құбылысқа айналды. Оған қоса, «Ғарыш толқынымен байланыс», «Табыс кодын ашу», «Рухани жаңғыру», «Чакраны ашу», «Молшылық энергиясын шақыру», «Ажырасудан кейін жаңару», «Еріңді бағындырудың құпиясы», «Бақытты неке формуласы» секілді жарнамамен жұрттың сеніміне кіргендер қаншама. Әлеуметтік желіде күн сайын осындай курстар мен марафондардың жарнамасынан көз сүрінеді. Кімнің нақты маман екенін анықтау қиын. Дегенмен мұндай құбылыстың салдары қоғам үшін қауіпті екені ақиқат.

Ақылы аз, ақысы қымбат

Мамандардың айтуынша, жылтыраған уәдеге алданатындардың көбі – өмірде жолы болмай жүрген, күйзеліске түскен, жақынын жоғалтқан, отбасындағы қарым-қатынасы қиын жандар. Ал қаптап жүрген «коучтардың» көбінің ешқандай жоғары білімі жоқ, қысқа онлайн-курстарды оқып алғаннан кейін бірден «маман» болып шыға келеді.

– Мұндай құбылыстың себебі – адамдардың ішкі әлсіздігін пайдалану. Оның ең бірінші зардабы психикалық денсау­лыққа қауіпті. Маған қаншама адам хабарласады сондай «жалған» мамандардың сағатына 50 мың бердім, 100 мың төледім деп. Кейде өзін «психотерапевтпін» деген мамандармен сөйлесіп қаламын. Парақшасы әдемі, өзін жарқыратып көрсетеді. Бірақ сөйлессең, ешқандай психологиялық, психотерапиялық білімі жоқ. «Мен Дубайда оқығанмын», «Қазақи психологияны бітірдім» дейді. Психология мамандығын сонша құнсыздандырып жібергеніне таңғаламын! Нағыз психолог немесе психотерапевт ғылыми әдіске сүйенеді, ал жалған мамандар эмоция мен жеке тәжірибесін ғана ұсынады. Нәтижесінде адам шынайы терапия орнына «энергия тазалау», «сананы ояту» сияқты дәлелсіз тәсілдерге сеніп, уақыт пен сенімін жоғалтады, – дейді белгілі елордалық психолог Лимана Құттыбекқызы.

Осыдан бір-екі күн бұрын Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдады. Онда елімізде кеңінен таралып кеткен сан алуан эзотерика, псевдопсихология сияқты жалған ілімдер мен секталардың әсіре белсенділігіне қатты алаңдайтынын жеткізді.

– Өздеріне жалған диплом жасатып, атағы жер жаратын «академиялардың», әлемдік «ұйымдардың» атынан сөз сөйлеп жүрген бақсы-құшнаштың, тренер-коучтердің шараларының саны күн санап артып келеді. Қай бір сайтты, әлеуметтік желіні ашып қалсаң болды, әлемнің барша құпия­сын меңгерген, адамның жан дүниесінің бүкіл кілтін беліне байлаған мамансымақтар көпшілікпен кездесу, курс, семинар өткізіп жатады. Өкініштісі, мұны жекелеген адамдардың өз таңдауы, жеке құқығы деп те айта алмаймыз. Рухани алаяқтар мемлекеттік мекемелерге, квазимемлекеттік сектордағы ұйымдарға дейін жетіп, мемлекеттік, қоғамдық проблемаға айналғанын байқап отырмыз, – дейді халық қалаулысы.

Нәтижесінде көптеген адам, әсіресе әйелдер мен жастар, қаржылай шығынға ұшырап, психологиялық тәуелділікке түсуде, ал кейбірі отбасылық және әлеуметтік күйзеліске тап болғанын мәлімдеді.

Курстан кейін көңілі қалғандар көп

Коучтардың көпшілігі өз қызметін өте қымбат бағамен сатады. Курстардың орташа бағасы 5000-нан басталып, 350 мың теңгеге дейін барады. Осыған қатысу үшін «соңғы» ақшасын жұмсап, соңында нәтиже болмаған соң өзін кінәлайтындар көп. Қазіргі уақытта курстан нәтиже алмағандар өз қателігін ашық айта бастады.

– Былтыр белгілі блогердің «Өзін-өзі дамыту курсына» жазылдым. Бағасы 120 мың теңге болды. Тіркелгеннен кейін бір аптадан соң WhatsApp арқылы сілтеме келді. Барлығы жабық парақшада тұр екен. Алдын ала түсірілген дайын видеоларды көру ғана. Сұрақ қойсам, «кейін талқылаймыз» дейді. Бір ай өтті, ешқандай нәтиже жоқ. Ақшаны қайтару мүмкін емес деді. Өзімді алданғандай сезіндім, – дейді Жаннұр есімді бойжеткен.

Ал елордалық мұғалім Динара «Қылықты әйел» курсын кезінде сатып алғанын айтады.

– Өмірімде алған ең қымбат курсым болды. Бағасы – 90 мың теңге. Алғашында бәрі әсерлі көрінді, жарқыраған видеолар, «әйелдің энергиясын ашу», «еркекті бағындыру тәсілдері» дегендей. Бірақ іс жүзінде ешқандай жаңа ақпарат алған жоқпын. Басқа қатысушылар мақтап жатты. Риза болғандар да көп. Бірақ жеке өзімнің пікірім, бар болғаны – интернеттен табылатын дайын видеолар мен бос әңгіме. Уақытым мен кеткен ақшама өкінемін, – дейді ол.

Әлеуметтік желілерде дәл осындай шағымдар көбейіп келеді: дайын бейнесабақтар, «энергия көтеру» сессиялары, «кармамен жұмыс» сияқты түсініксіз тренингтер. Педагогика ғылымдарының кандидаты Айжан Ермағанбетқызы бұл құбылысты қоғамдағы ақпараттық сауаттың төмендігімен байланыстырады.

– Қазір адамдардың көбі эмоцияға тез беріледі. «Тез өзгертемін» деген сөздің артында көбіне психология­лық манипуляция жатады. Адам уәде еткен нәтижеге жетпесе, өзін кінәлі сезінеді. «Мен дұрыс орындамадым, менің энергиям төмен екен» деп ойлап, қайта ақша төлеп, жаңа курс алады. Бұл – тәуелділіктің белгісі. Мұндай «псевдомамандар» нақты психикалық күйі тұрақсыз адамдарға зиян тигізуі әбден мүмкін. Себебі олардың қолданатын әдістері ғылыми негізге сүйенбейді. Ал шынайы терапия тек кәсіби психологтар мен психотерапевтер тарапынан жасалуы тиіс, – дейді сарапшы.

Бақылау қажет

Құқық саласының мамандары да бұл тақырып­қа алаңдайды. «Тұтынушы құқығын қорғау заңы» бойынша жалған уәде мен жалған жарнама берушілер жауапкершілікке тартылады. Бірақ жеке онлайн-кеңес беру саласында нақты тетік жоқ.

«Коучинг пен психология­лық қызметті лицензиялау жүйесін енгізу – уақыт талабы. Сонымен қатар халықтың ақпараттық мәдениетін арттыру қажет. Адамдар «коуч» сөзі бар кез келген парақшаға сеніп кетпеуі керек. Егер маманның білімі мен лицензиясы болмаса, оның кеңесі жай пікір ғана. Білім мен жауапкершілік қатар жүрген жерде ғана нәтиже болады» дейді заңгер Ербол Тұяқов.

Оның пікірінше, мұндай қызметтердің дамыған елдерде нақты стандарты бар. Мәселен, Ұлыбритания мен Канадада бұл сала Этика кодексімен реттеледі. Ал бізде мұндай жүйе жоқ. Кім көрінген қысқа онлайн-курс бітіріп, өзін «психолог» немесе «энергетикалық терапевт» деп таныстыра алады. Оның білімі, дипломы, тәжірибесі ешкімді қызықтырмайды.

Айта кеткен жөн, депутаттар тарапынан коучтар мен бизнес тренерлерді сертификаттау мәселесі бұған дейін де қозғалды. Дәл қазіргі уақытта коучтың қызметін анықтайтын, лицензиялау немесе сертификат талап ететін нақты ереже жоқ. «Коучинг қызметі» бойынша стандарттар, лицензиялау жүйесі жедел түрде енгізілуі тиіс. «Жылдам табыс табасың», «Өміріңді тез өзгертеді» деген құрғақ уәделерге шектеу қою қажет. Егер азаматтар алданса, мемлекеттік органдар тұтынушы құқығын қорғау тұрғысынан назар аударуы қажет. Әйтпесе халықтың сеніміне селкеу түсіретіндердің қатары көбеймесе, азаймайды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button