Басты ақпаратДенсаулық

Косметология: арзан процедураның ауыр салдары

Астанада косметология қызметі нарығы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Эстетикалық медицина күнделікті сұранысқа ие салаға айналды. Әсіресе бет жасарту, инъекция процедуралары (ботокс, филлер), аппараттық лифтинг сияқты қызметтерге қызығушылық артқан. Алайда бұл қауіпсіздік мәселесін де алға шығарды. Лицензиясы бар клиникалар мен көлеңкелі қызмет көрсетушілер қатар жұмыс істеп тұр. Сондықтан әсемдікке ұмтылған қыз-келіншектер үшін дұрыс таңдау жасау күйіп тұрған мәселеге айналды.

Ашығын айту керек, косметология сұлулық емес, медицина қызметіне жатады. Әсіресе инъекция процедуралары, лазер және аппарат әсерлері немесе теріге инвазиялық араласулар. Бұлардың барлығын жасау үшін міндетті лицензия қажет. Ресми түрде айтсақ, «ҚР Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс және медицина қызметін лицензиялау қағидаларына сәйкес, аталмыш қызметті тек медициналық білімі бар маман жүргізуі тиіс. Екіншіден, клиника санитарлық талаптарға сай болуы керек. Одан бөлек, қолданылатын препараттар тіркелгені жөн.

Негізгі қауіп – асқыну

«Елордада лицензияланған клиникалар сегменті жоқ деп айтуға болмайды. Мәселен, Lucem medical clinic, Tulip Medicine, ANNA Vi Clinics, тағы басқа орталықтарда тек халықаралық стандарттағы препараттар қолданылады. Косметологтар үшін пациенттің қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Өкініштісі, дәл осы салада көлеңкелі қызмет айтарлықтай кең таралған. Бұл ресми тіркелмеген, лицензиясыз қызмет көрсететін тұлғаларға қатысты. Олар үй жағдайында процедура жасай береді. Instagram, TikTok арқылы жарнама беріп, шақырады. «Арзан ботокс», «акция» деп таргет арқылы түрлі қызықтыратын ұсыныстар жібереді. Маман ретінде айтсам, мұның артында препарат сапасының төмендігі, маман білігінің жеткіліксіздігі, қауіпсіздік стандартының сақталмауы тұрады» дейді косметолог Гүлзат Анарбекқызы.

Оның айтуынша, косметологиядағы негізгі қауіп – асқыну. Өзінің тәжірибесінде жарнама арқылы арзан қызмет алып, салдарынан бет асимметриясын бұзып алған, инфекция түскен, аллергияға реакция берген, тіпті тері некрозына ұшыраған тұтынушылардың шағымына куә болған. Өкініштісі, ондай қыз-келіншектерді көбі заң жүзінде ондай қызметке шағым білдіруге құлықсыз көрінеді.

Лицензия сұрасаң, диалог тоқтайды

Журналистік эксперимент ретінде Instagram арқылы ұсынылған бірнеше қызмет түріне хабарласып көрген едік. Астанадағы баға айтарлықтай айырмашылыққа ие. Мәселен, айтулы клиникаларда ботокс жасату 80000-200000 аралығында болса, шағын кабинеттерде жасату 30000-70000 аралығын құрайды. Ал әйелдерге таныс филлер қызметі лицензиясы бар орталықтарда 120000 мен 600000 теңгеге дейін барады. Ал жарнама арқылы шақырып жатқан орталықтардағы орташа баға 50000-150000 екен. Нақты айтсақ, арзан бағадағы орталықтар препарат атауын айтуға құлықсыз көрінді. Құжат сұратсаңыз, «Орталыққа келуіңіз керек» немесе «Кейін жібереміз» деген жауаптан әрі аспады.

Екі түрлі тәжірибе

Сұлулық орталықтарына барып, бет әлпетін жақсартып жүрген кейбір келіншектердің пікірі әртүрлі. Бірі мақтайды, енді бірі өкінішін жасырмайды.

– «Астанаға Алматыдан мықты хирург келеді» деген жарнаманы көрген бойда алдын ала жазылдым. Бағасы, әрине, нарықтағы бағадан бірнеше есе қымбат. Блефаропластика жасату барысында кенеттен қан қысымым көтеріліп кетті. Оның үстіне бір көзімнен тоқтамай қан атқылады. Сол кезде қатты қорқып, не істерімді білмей қалдым. Қол-аяғым дірілдеп, жүрегім ерекше дүрсілдеп кетті. Дәрігер сабырға шақырып, бәрін бақылауда ұстап отырғанын айтты. Абырой болғанда, біраз уақыттан кейін қан тоқтап, процедура аяқталды. Қазір бәрі жақсы, бірақ сол сәт есіме түссе, әлі де қорқамын. Бұрын мұндай процедуралар жеңіл сияқты көрінетін. Енді түсіндім, бұл – жай ғана «сұлулық қызметі» емес, денсаулыққа қатысты маңызды нәрсе. Сондықтан мұндай қадамға барарда міндетті түрде мықты маманды таңдау керек әрі лицензиясын тексеру керек деп ойлаймын. Егер арзанқол орталыққа барып жасатқанымда қандай жағдайда қалатынымды ойласам, әлі күнге дейін шошимын, – дейді қала тұрғыны Шахизада Орынбаева.

Керісінше, әлеуметтік желідеге жалған жарнамаға сеніп барған елордалық келіншек (аты-жөнін айтқысы келмеді) маңдай бөлігіне жасатқан ботокстан кейін бет әлпетінің бұзылысын байқаған.

«Басында бәрі жақсы сияқ­­ты көрінді. Бірақ ботокс сал­дырғаннан кейін қасым бұрынғыдай қозғалмай қалды, бір жағы төмен түсіп кеткендей болды. Айнаға қарасам, бір көзім екіншісіне қарағанда кішірек, қабағым да сәл түсіп кеткен сияқты болды. Мимикам өзгеріп кетті. Күлу де, таңдану да бұрынғыдай емес. Бетім «қатып қал­ғандай» сезіледі. Сол кезде ғана дұрыс маман таңдамағанымды түсіндім. Басқа клиникаға барсам, «Уақыт керек, әсері біртіндеп қайтады» деп шығарып салды. Қазір күтіп жүрмін. Шынымды айт­сам, сотқа беруге ұялдым. Ешқандай құжат сұрамадым, маманның лицензиясын тексермедім. Тек сеніп бардым. Қазір қатты өкінемін» дейді.

Бақылау жеткіліксіз

Дамыған елдерде косметология қызметі қатаң реттелетіні белгілі. Мәселен, Германияда мұндай инъекция процедураларын тек лицензиясы бар дәрігерлер ғана жасайды, ал Францияда дәрігердің тікелей бақылауымен медқызметкерлерге рұқсат етіледі. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеуге сүйенсек, жалпы косметология инъекцияларының шамамен 70%-ын дәрігер емес, адамдар жасайды екен. Бұл қауіптің жоғары екенін көрсетеді. Еуропа Одағында кез келген косметика өнімі нарыққа шықпас бұрын қауіпсіздік бағалауынан өтеді. Арнайы құжаттама дайындалып, жауапты тұлға бекітіледі. Қатаң реттеу қажеттілігі халықаралық деңгейде мойындалған. Нәтижесінде мұндай жүйе дамыған елдерде асқынуды азайтып, тұтынушы қауіпсіздігін айтарлықтай                 арттырады.

Ал бізде жағдай біршама өзгеше. Инъекция процедураларын кей жағдайда медицина білімі толық емес мамандар да жасай береді. Лицензия­сыз қыз­мет көрсету фактісі үй жағдайында немесе шағын студияда кездесе береді. Препараттардың бір бөлігі ресми тіркеусіз әкелінуі мүмкін. Бақылау бар болғанмен, тәжірибеде тиімді жұмыс істей бермейді.

Ұзын сөздің қысқасы, сұлулық индустриясы қарқынды дамып жатқанмен, ол толық қауіпсіз деп айтуға болмайды. Косметология тек сыртқы келбет емес, ол – денсаулыққа да тікелей әсер ететін сала. Әлеу­меттік желідегі әдемі жарнама әрдайым қауіпсіз емес. Сондықтан ең маңыздысы – әр әйел өз таңдауы үшін өзі жауап беретінін түсінуі керек. Сұлулық құрбандықты емес, саналы таңдауды талап етеді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button