Конституцияның жаңа жобасы: Қаламгерлер не дейді?

Ұлттық академиялық кітапханада Конституцияның жаңа жобасын талқылауға арналған «Қалам мен қоғам» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов төрағалық еткен жиында елорданың қаламгерлер қауымы елдің басты құжатының жаңа жобасы туралы көзқарастарын білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Сонда айтылғанды назарларыңызға ұсынамыз.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы:
БОЛАШАҒЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ
– Преамбуласының өзінен бастап Конституция басқаша жазылды. Әрине, кейбір баптарға байланысты сұрақтар қойылып жатыр. Бірақ оның бәрі қазіргі жағдайда өзінің уақыты келгенде жоқ болып кететін нәрсе деп ойлаймын. Әсіресе, тілге байланысты мәселе. Біздің қазақ тілі еңсесін көтеріп, өз қазағымыз өзінің тілінде сөйлей бастаған кезде үлкен сұрақ кетеді. Өзімнің түсінігім солай. Ал жалпы бұл Конституция біздің болашағымыз, болашағымыздың кепілі, кейінгі ұрпаққа пайдасы тиетін құжат деп есептеймін. 1995 жылғы Конституцияға қарағанда ішінде көптеген жақсы өзгеріс бар. Әсіресе, ерлер мен әйелдер арасындағы одақтың мәселесі. Бұл бұрын болған жоқ. Қос палаталы Парламентті бір палата ету, оның атын Құрылтай деп қою, Халық кеңесі атты жұртқа ақыл айтып, жұртпен ақылдасып отыратын тағы бір кеңес құрылады. Осының бәрі үлкен өзгерістер деп ойлаймын. Вице-президент институты кіреді. Яғни біздің үш тармақты басқару органдарымыз әрқайсысы өзінің саласымен жұмыс істей бастайды. Сотқа байланысты көптеген жақсы нәрсе қаралып жатыр. Әсіресе, біздің ғылым мен мәдениеттің адамдарына арналған баптар өте жақсы деп есептеймін. Өйткені оның ішінде мәдениет қайраткерлерін, ғалымдарды қолдаумен бірге, олардың жауапкершілігі артып отыр. Соның бәрі, меніңше, жақсы. Құжаттың нүктесі әлі қойылған жоқ. Бұрынғы Конституцияның 80 пайыздан астамы өзгертіліп, қайта жазылды. Баптардың біразы ықшамдалып, толықтырылып, басқаша жазылғаны анық. Конституцияның жаңа жобасы біздің қазақ деген халықтың өзінің ел екенін көрсететін құжат болғалы тұр. Өйткені оның преамбуласында «Біз ежелден келе жатқан мыңдаған жылдар тарихы бар халықпыз» деген сөз бұрын айтылмаған еді.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
НЕГІЗГІ ЗАҢНЫҢ ӨЗГЕРУІ – ТАБИҒИ НӘРСЕ
– Қазақта айтылмаған сөз жоқ қой, соның біреуі – «Заман басқа, заң басқа» деген сөз. Заман мен қоғам, адам өзгергенде соған сәйкес заң да өзгереді. Соның ішінде негізгі заңның өзгеруі де табиғи нәрсе. 1993 жылғы Конституция да өзінің белгілі бір уақыт аралығына қатысты міндетін атқарды. 1995 жылғы Конституция біздің елімізді Президенттік билік институтын ұстанатын мемлекет ретінде орнықтырды. Ол Конституция 30 жыл өзінің міндетін атқарып шықты. Сол заманда сондай Конституция керек болды. Мысалы, сонда «тектік-топтық астамшылық» (сословное превосходство) деген сөз бар. Қазіргі жобада ол жоқ. Ал 1995 жылы біздің жекелеген қалаларымызда әскери киімдерін киіп, ұзын қылышын салаңдатып жүрген адамдардың шерулері жаңа ғана басталған болатын. Сол кезде оны негізгі заңға шегелеп, ондайға тыйым салынады дегенді жазу қажет болды. Бүгінгі таңда ондай қажеттілік жоқ. Жаңа жобада әр сөзге мән берілген. Мысалы, егемендік пен тәуелсіздік. Біз бұған дейін егемендікті тәуелсіздіктің баспалдағы ретінде қарастырып келдік. Ең биік шыңы – тәуелсіздік. Сонымен бірге тәуелсіздік – егемендіктің жемісі. 1990 жылы егемендік қабылданбаса, 1991 жылы тәуелсіздік жарияланбас еді. Екінші жағынан, тәуелсіздік – мемлекеттің қалыпты жағдайы. Тәуелсіздік туралы көп айтып, жазғанымыз, осы жылдар ішінде халықтың ойына, санасына «біз тәуелсізбіз, біз тәуелсіз мемлекет құрдық, тәуелсіздік жағдайында өмір сүріп жатырмыз» деген қарапайым постулаттарды сіңіру керек болды. Ол идеология да өзінің уақытында өзін-өзі ақтады. Енді жаңа идеологияның уақыты келді.
Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
ҚОҒАМДЫ ӘРІ ҚАРАЙ ӨРКЕНДЕТЕДІ
– Біздің қоғам дамып жатыр. Қоғам алға жылжыған сайын түрлі мәселе туындайды. Ал оларды шешу үшін жаңа заңдарды тудыруға қажеттілік туады. Сондықтан Президентіміздің Конституцияны өзгерту, қоғамды басқарудың жаңа жүйесін енгізу керек дегені өте орынды әрі уақытында қозғалған деп ойлаймын. Бұл жерде заңгерлер, саясаткерлер осы уақытта қандай заң керек дегенді жазған екен. Соған тілектеспін. Жаңа заңымыз біздің қоғамды әрі қарай өркендетіп, өркениетті, халықаралық қауымдастықта өзінің орнын табуына септігін тигізеді деп сенемін.
Роза МҰҚАНОВА, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫ ҚОРҒАЙДЫ
– Конституцияның жаңа жобасын қарап шықтым. Қарап отырсақ, қазір қоғамда белсенділік өте күшті. Бұрын мемлекеттік қызметкерлерге ғана Конституцияны оқу міндеттелетін, қазір қарапайым халықтың өзінен белсенділікті көруге болады. Бұл – ұлттың оянғаны, ұлттың мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілігі. Жаңа жобада маған қатты әсер еткені – шығармашылық еркіндік және зияткерлік меншік, цензура, мемлекет және дін. Себебі шығармашылық тұлғаға еркін шығармашылық керегі айқын. Ал зияткерлікке келсек, біз зияткерлік меншік бойынша осы уақытқа дейін көп қиындық көріп келдік деуге болады. Өйткені зияткерлік меншікке қатысты нақты мемлекеттік органдардың заңға сүйенетін, бізді, авторларды, қорғайтын, мүддемізді, құқымызды қорғайтын заң тетіктері болмады. Соның жоғынан авторлар қиындық көрді. Соның ішінде ақын-жазушылар, композиторлар, суретшілер, тіпті өнертапқыштар бар. Қазір жаңа технологиялар, жаңа инновациялар еніп жатыр. Соның авторларын қорғау керек. Ата заңымызға сүйеніп, біз шетелге шыққан дүниелерімізге қаламақы талап ете аламыз. Жаңа жоба халықаралық құқық қорғау деңгейінде құқымызды қорғай алады, соған жол ашылды деп ойлаймын. Себебі бұған қатысты қиындық көрген адамның бірі – Әкім ағаларың. Оның Англиядан шыққан кітабы «Амазонда» бір миллион тиражбен тарады. Бірақ халықаралық деңгейде келісімшарт жасалмағандықтан, зияткерлік меншік қорғалмағандықтан қаламақысыз қалды. Бұл кез келген автордың, кез келген жазушының алдында тұрған үлкен күрделі мәселе болатын. Жаңа жобадағы осындай тұстар өзіме ұнады. Әділет министрлігі тарапынан оның тармақтары толықтырыла түседі деп ойлаймын.
Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ, жазушы, драматург:
ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ
– Жалпы қазіргі қоғамда талқыға түсіп жатқан Конституциямызға өзгерістер енгізіліп тұруы – заңды құбылыс. Ата заңымыз – ұлтымыздың төлқұжаты елдегі тәртіптің, құқықтық жүйенің негізгі құжаты. Сондықтан уақыт талабына, саяси жағдайларға байланысты өзгерістер енгізу Қазақстанда ғана емес, әлемдік тәжірибеде де бар. Біздің елімізде қос палаталы Парламент болды. Енді бір палаталы Парламент, яғни атауы Құрылтай болады деген ұсыныс айтылып жатыр. Бұл мәселе Қызылордада өткен V Құрылтайда көтерілді. Екінші мәселе – Мемлекеттік кеңесші лауазымы. Оны тоқтатып, вице-президент лауазымын енгізу туралы ұсыныс жасалды. Мен бұл екі ұсынысты да қажет деп санаймын. Дәлел ретінде айтсақ, біріншіден, бір палаталы Парламенттің болуы біз секілді халқы шамамен 20 миллионнан асып, 25 миллионға қадам басып келе жатқан ел үшін тиімді. Екіншіден, вице-президент лауазымы Мемлекеттік кеңесшіге қарағанда салмақты, жауапкершілігі де ауыр. Атқаратын қызметі де бөлек болады. Президентпен бірге бір мақсатта, бір бағытта жұмыс істейді. Үшіншіден, бізде бұрын Құрылтай болған. Оның орнына Халық кеңесі ұғымының келуі де дұрыс шешім.
Есберген АЛАУХАНОВ, заңгер, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
ЕЛ БОЛЫП ҚОЛДАЙДЫ деп сенемін
– Қазіргі ұсынылып отырған Конституция жобасы өте орынды деп есептеймін. Жобада барлық мәселе нақты әрі айқын көрсетілген. Халық арасында түсінбеушілік тудырып отырған тіл мәселесі – бұрыннан белгілі, заң жүзінде айқындалған жағдай. Орыс тілі ресми тіл ретінде қолданылады, ал қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде заңмен бекітілген. Халықаралық жағдайлар шиеленісіп тұрған қазіргі кезеңде кейбір алыс ауылдарда тұратын азаматтар тарапынан түсінбеушілік байқалып жатыр. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Ең бастысы, Конституциямыздың демократиялық елдің нышаны ретіндегі бір маңызды ерекшелігі – адвокатураға, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға қатысты ауқымды баптардың енгізілуі. Бұл жаңа, үшінші Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі деп ойлаймын. Жалпыхалықтық референдумда халық өз бағасын береді. Конституцияның жаңа жобасын ел болып қолдайды деп сенемін.
Сәдібек ТҮГЕЛ, жазушы, қоғам қайраткері:
СЕРПІЛІС ӘКЕЛЕТІН БАСТАМА
– Бұл – өте жақсы ұсыныс, оңды өзгеріс, қоғамға жаңа серпіліс пен сілкініс әкелетін маңызды бастама. Ең алдымен айтарым – қайырлы, құтты болсын! Шын мәнінде, егер түбегейлі өзгерістерге назар аударсақ, екі мың жылдық тарихы бар Қазақ елінде, Қазақ хандығы құрылғанға дейін-ақ, барлық маңызды мәселе Құрылтайда шешілген. Сондықтан Парламентті Құрылтай деп атау дұрыс шешім деп санаймын. Одан кейін Халық кеңесінің енгізілуі де өте орынды, тапқырлықпен келген жаңалық. Жалпы көптеген өзгерістен ұлттық реңкті байқауға болады. Егер осы талқыланып жатқан ұсыныстар толық қабылданса, бұл нағыз толыққанды құжат – Ата заңымыз болып өмірге келеді деп есептеймін. Тағы бір ой, егер сабыр сақтап, алға қарайтын болсақ, 10 жыл өткеннен кейін мүлде басқа картина қалыптасады. Ал сайлау мәселесіне келсек, партияларымыз мықты болса, сайлаушылардың құрметіне бөленсе деген тілек бар. Біз партияларды түзеуіміз керек, оларды күшейтуіміз қажет. Осы мәселеге ерекше көңіл бөлінсе екен деп ойлаймын.
***
Сондай-ақ жиында жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуаныш Жиенбай, ақын, жазушы Ұларбек Дәлейұлы, жазушы, аудармашы Камал Әлпейісова, жазушы Ораз Қауғабай, ақын Гүлісхан Домалайқызы, әдебиеттанушы Марат Азбанбаев Конституцияның жаңа жобасы жөнінде пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.
Дайындағандар:
Аманғали ҚАЛЖАНОВ,
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



