Ел тынысыСаясат

Конституцияның Преамбуласы тұтастай өзгерді — тарих ғылымдарының докторы

Тарих ғылымдарының докторы Гүлжаухар Көкебаева Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасына еліміздің мемлекеттік құрылысына өзгеріс енгізу туралы Ұлттық Құрылтайда айтылған, жалпы соңғы жылдарда көтеріліп жүрген идеялар енгізіліп, Конституцияның Преамбуласы тұтастай өзгергенін айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

-«Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз» деген жолдарда Ата заңды жаңартудың, мемлекетіміздің дамытудың іргелі бағдарлары көрініс тапқан.  «Байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайту» деген сөз жалпы қазақ мемлекеттілігінің тарихи уақыт қатпарларынан өтіп, бүгінге дейін жеткен терең тамырларын көрсетсе, одан кейінгі сөз тіркестері конституцияны жаңартудың мақсаттары мен бағдарларын негіздейді. Преамбуладағы ерекше мән беретін идея − мемлекеттің унитарлы сипатын нақты мәлімдеу, бұл Қазақстанның мемлекеттік құрылысын унитарлы мемлекет түсінігіне сай айқындауға негіз болды, — деп талдайды тарихшы.

Конституциялық құрылыс негіздері Конституцияның 11 баптан тұратын бірінші бөлімінде баяндалған. Осы бөлімнің 2-бабының 6-тармағындағы «Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді» деп шегелеуі де бүгінгі күннің өзгерістеріне сай болып тұр.

-Конституцияның азаматтардың негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттері бекітілген екінші бөлімінің атауы нақтыланған. Бұл да тиімді өзгеріс, енді кім болса да, азамтқа берілген құқықтар мен бостандықтар оған белгілі бір міндеттер де жүктейтінін айқын түсінетін болады. Міндеттер адамның жеке жауапкершілігін туғызуға тиісті. Өзінің қоғам алдындағы, заң алдындағы, отбасы мен әріптестері, тағы басқа индивидтер алдындағы жеке жауапкершілігін түсінген адам заңды бұзбауға тырысады. Тәуелсіздік алғаннан бері қалыптасқан федералдық мемлекеттерде болатын екі палаталы парламенттен бас тартып, унитарлық мемлекеттердегі бір палаталы парламент құру және депутаттар санын жүз қырық беспен шектеу − Конституцияның маңызды жаңалығы. Жиырма миллион халқы бар елге 145 депутат толығымен жетеді, мұның өзі мемлекеттік бюджетке қаншама үнем әкеледі десеңізші. Парламенттің атауын Құрылтай деп өзгерту де тиімді, өйткені Сенат пен Мәжіліс парламенттің жеке палаталарының атауы, енді жаңа парламентке ол атауларды бере алмаймыз, жалпы атау ретінде Құрылтай жарасымды, — дейді ол тағы да.

Оның айтуынша, Парламентке өз тіліндегі өзіндік атау беру жалпы әлемде бар тәжірибе: Азияның кейбір елдерінде хурал, жирга сиқты дәстүрлі атаулар болса, мұндай дәстүр батыс елдерінде де бар, мәселен, Ирландияда парламент Эрияхтас (жоғары палатасы – Сенат Эрен, төменгі палатасы − Дойл Эрен), АҚШ-та Конгресс (жоғарғы палатасы – Сенат, төменгісі – Өкілдер палатасы) деп аталады.

-Жаңа конституция жобасында мемлекеттік кеңесші лауазымы алынып тасталған да, оның орнына вице-президент қызметі енгізілген. Кеңес Одағы ыдыраған соң барлық посткеңестік елдер президенттік республика формасын таңдады. Жалпы тарихта президенттік республиканың қалыптасқан, сыннан өткен екі моделін білеміз: американ және француз модельдері. Біздегі президенттік республика француз үлгісінде құрылса да, оған американдық модельдің элементтерін енгізу бір қызық жағдай туғызған еді. Мәселен, американдық модельде президент әкімшілігі атқару билігін іске асырады, яғни оларда министрлер кабинеті деген жоқ, мемлекеттік хатшы іс жүзінде сыртқы істер министрі. Француз моделінде президент мемлекет басшысы, бірақ ол үкіметінің басшысы емес, онда президент әкімшілігіне енетін мемлекеттік хатшы деген жоқ, үкімет құрамында сыртқы істер министрі бар. Қазақстандағы мемлекеттік хатшы (кеңесші) ресми идеология мәселесімен айналысатын. Конституциядағы «Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандық танылады» деген бап біртұтас ресми идеология идеясын жоққа шығарады.
Президенттік республиканың американдық моделіндегі бір жақсы үлгі вице-президент қызметі болатын. Бұл, біріншіден, президентті кейбір екінші қатардағы міндеттерінен босатып, тұтастай елдің дамуының стратегиялық бағдарын анықтаумен айналысуына мүмкіндік береді, екіншіден, президент ауырып қалса немесе басқа бір төтенше жағдай болса, оның күнделікті қызметін жалғастыра беруге жағдай туғызады.
Жаңа конституция жобасында 6-баптың 1-тармағында «Дін мемлекеттен бөлек» деп көрсетілген. Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттен және мектептен бөлек болады, бұл тарихның сонау жаңа дәуірінде пайда болып, іске асқан түсінік, алайда мұны кейбір адамдар түсінбейді. Мұның өзі талай-талай келеңсіз жағдайлар туғызып жатады, дін жнеке ба сының ісі екенін түсінбей, басқаларға өз көзқарасын таңып, содан қақтығыс туатыны бар, сондықтан ғасырлар бойы қалыптасқан осы аксиоманы Ата заңға тәптіштеп енгізу дұрыс болған, — деп түйіндейді ойын спикер.

Жалпы алғанда ол жаңа Конституция жобасы тәуеліздік жылдары болған өзгерістерді, сондай-ақ адамзат тарихында жинақталған тәжірибені ескеріп, әзірленгенін жеткізді. «Ендігі мәселе – Қазақстанның әрбір азаматы ата заңды қаншалықты түсініп, қабылдайды және өзінің жеке жауапкершілігін қаншалықты түсінеді деген сұрақ. Бұл сұрақтың жауабын болашақ көрсетеді», дейді ол.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button