Ел тынысы

Конституциялық реформаның жаңалығы қандай?

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жұмыс тобы конституциялық реформаға қатысты ұсынған жаңашылдықтарды айтып берді.

Негізгі тезистер мынадай: бірінші – Құрылтайдағы депутат саны. Жұмыс тобы Құрылтайда 145 депутат болуы керек деген тоқтамға келді. Екінші – Құрылтайға депутат болудан үміткерлерге қойылатын талаптар. Жұмыс тобы қазіргі Мәжіліс депутаттарына қойылатын талаптар Құрылтайға да қатысты болып, сол қалпында қалғаны жөн деген пайымға келді. Ал Құрылтай депутаттарына қойылатын қосымша талаптар конституциялық заңда айқындалуы мүмкін. Үшінші – Құрылтай депутаттарын сайлау жүйесі. Жұмыс тобы толығымен пропорционалды тәсілге көшуді бірауыздан қолдады. Төртінші – Құрылтай депутаттарының өкілет мерзімі. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткен отырысында «Жаңа Парламентте депутаттарды 5 жыл мерзімге сайлау көзделіп отыр» деп нақты атап өтті. Жұмыс тобы да осы пайымға тоқтады. Бесінші – бір палаталы Құрылтайдың заң шығару үдерісі. Құрылтай жұмысына заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматын енгізу ұсынылды. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді. Парламент болмаған кезде заң шығару функциясы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы – Президентке жүктеледі. Алтыншы – Парламенттегі квоталар. «Президенттік квота» деген болмайды. Ал әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады. Себебі бұл – Парламенттік емес, партиялық тізімдегі квота. Жетінші – Президент институтының қызметіне қатысты Құрылтайдағы дауыс кворумы. Жұмыс тобы қазіргі Конституцияның 47-бабында қамтылған барлық рәсімді болашақ Құрылтай моделінде қалдыруға болады деген байламға келді. Сегізінші – негізгі мемлекеттік органдардың құрамын жасақтау ісіндегі Құрылтайдың құзыреті. Қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы қажет деген ұсыныс айтылды. Бұған қоса, Президенттің ұсынысы бойынша Жоғары соттың барлық судьясын сайлау құзыретін жоғары өкілді орган депутаттарына беру ұсынылды. Жұмыс тобы Сенаттың ерекше қарауына кіретін өкілеттерді қайта қарады. Ал Мәжілістің өкілеттігін Құрылтайға беру ұсынылды.

Президент мерзімінен бұрын қызметінен кеткен жағдайда, оның өкілетін табыстау тәртібі өзгермек. Қолданыстағы ережеге сәйкес, Президенттің өкілеі алдымен Сенат төрағасына өтеді. Ал жаңа бастамаға сәйкес, бұл міндет ең алдымен Вице-президентке жүктелмек. Егер Вице-президент өкілетті қабылдай алмаса, ол Құрылтай төрағасына беріледі, ал одан кейін Премьер-министрге тапсырылады. Ел Конституциясының 41-бабына өзгеріс енгізіліп, Президенттің кезекті сайлауы оның өкілет мерзімінің аяқталуына кемінде 2 ай қалғанда өткізіледі деп белгіленеді. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.

«ҚР Конституциясының 41-бабы Президенттің кезекті сайлауын тағайындау және өткізу тәртібін реттей отырып, жоғары мемлекеттік биліктің жаңарып отыруына қатысты конституциялық шеңберді белгілейді. Қолданыстағы редакциядағы Конституцияда сайлауды өткізу күні нақты бекітілген, яғни желтоқсан айының бірінші жексенбісі деп көрсетілген. Мұндай норма әртүрлі, объективті мән-жайларды ескеруге мүмкіндік бермейді әрі өкілеттік мерзімінің аяқталуы мен сайлау күні арасындағы мерзімдік айырмашылықтың туындауына әкеп соғуы мүмкін. Осыған байланысты Конституцияның 41-бабында Президенттің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімінің аяқталуына кемінде 2 ай қалғанда өтеді деп көзделеді» деді Ерлан Сәрсембаев.

Министрдің пайымынша, бұл редакцияда Мемлекет басшысының сайлау күні оның өкілеттік мерзімі аяқталу күнімен орай белгіленіп, құқықтық айқындық қамтамасыз етіледі әрі икемділік артады.

«Сонымен қатар Президент сайлауының президенттік электоралдық циклімен тұспа-тұс келмеуі жөніндегі талап сақталады. Сондай-ақ Конституцияның 41-бабынан тиісті тармақты алып тастау ұсынылады. Аталған тармаққа сәйкес, кезектен тыс Президент сайлауы республика Президентінің шешімімен тағайындалып, конституциялық заңда белгіленген тәртіппен мерзімде өткізілетін» деді министр.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button