Конституциялық реформаны талқылау жөніндегі аппараттық кеңес өтті

Әділет министрлігінде өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде еліміздің жаңа Конституциясының жобасы туралы айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz ҚР Әділет министрлігіне сілтеме жасап.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев өз сөзінде еліміз қазіргі таңда қоғамдық-саяси дамудың маңызды кезеңінде екенін, сондай-ақ жаңа Ата Заңымыздың жобасында адамның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде нақтыланып, әділдік, заң үстемдігі және тең мүмкіндік қағидаттарына аса мән берілгенін атап өтті.
Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова Жаңа Конституцияның негізгі жаңалықтары туралы баяндап, жаңа редакциядағы Конституцияны әзірлеу және талқылау үдерісі ашық форматта өткенін және шамамен жарты жылға жуық уақытты қамтығанын атап өтті.
Өз баяндамасында вице-министр жаңа Конституцияның екінші бөлімі – «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» тарауына жеке тоқталды.
Бұл бөлімде адамның ең жоғары құндылық ретіндегі қағидатына сүйене отырып, құқықтар мен бостандықтарды іске асыру мен қорғау кепілдіктерін күшейтуге басымдық берілген. Осы бағытта адам құқықтарын қорғау саласындағы жалпыға танылған халықаралық актілердің талаптары барынша ескерілген.
Оның айтуынша:
«Адам мен азаматтың негізгі құқықтарының барлық санаттарының мазмұны – жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтар жаңартылып, олардың жаңа қырлары ашылды. Сонымен қатар өмір сүру құқығы абсолютті деп танылып, ажырамас құқық ретінде бекітіліп, адамның ар-намысы бұдан былай оның қадір-қасиетімен қатар қол сұғылмайтын құндылық ретінде қорғалатынын айтты. Жеке басына қол сұқпаушылық кепілдіктері күшейтілді: цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау, сондай-ақ іс жүргізу ықпал ету шараларын қолдану кезінде адам құқықтарын сақтау мәселелері нақты айқындалды. «Миранда қағидасы» мен кінәсіздік презумпциясы дербес қағидаттар ретінде бекітілді».
Жалпы алғанда, жаңа Конституцияның аталған бөлімінің өзегін адамға бағдарланған тәсілмен құқықтық айқындық қағидаты құрайды. Барлық енгізілген жаңашылдықтар заңнама жүйесін, құқық қолдану тәжірибесін және қоғамның саяси-құқықтық санасын жалпыадамзаттық құндылықтар мен орнықты даму қағидаттарына бағдарлауға бағытталған.
Кеңес соңында қатысушылар Конституциялық реформа бойынша өз пікірлерін білдіріп, кейбір заңнамалық мәселелерге қатысты өз сауалдарын қойды.



