
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде қоғамдық талқылауға ұсынылған жаңа Конституцияның жобасын қарау бойынша аппараттық кеңес өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев конституциялық реформа мемлекеттің дамуындағы маңызды кезең болып табылатынын және қоғамның жаңаруға, тұрақтылыққа және ұзақ мерзімді дамуға деген ұмтылысын көрсететінін атап өтті. Ол жаңа Конституция жобасы барлық аймақтардың, кәсіби қауымдастықтардың, сарапшылардың және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен жүргізілген ауқымды және ашық жұмыстың нәтижесінде дайындалғанын мәлімдеді.
Министр Негізгі Заңда білім беру, ғылым, мәдениет және инновация саласындағы басымдықтардың, сондай-ақ ғылыми және техникалық шығармашылық еркіндігінің бекітілуі сол салалар үшін ерекше маңызды екенін айтты. Бұл ережелер адами капиталды дамытудың, озық технологияларды енгізудің және өнеркәсіпті жаңғыртудың институционалдық негізін құрайды.
Кеңес барысында конституциялық түзетулер білім экономикасын дамыту және отандық өнеркәсіп пен құрылыс саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қажетті білікті кадрларды даярлауға қосымша мүмкіндіктер беретіні айтылды.
Жаңа Конституция жобасында аумақтық дамудың арнайы құқықтық режимдерін, соның ішінде «жеделдетілген даму қалалары» механизмдерін енгізуді көздейтін ережелеріне ерекше назар аударылды. Бұл құралдар инвестицияларды тартуға, заманауи инфрақұрылым салу, инновациялық өндіріс салаларын, индустриалды парктерді және цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын технологиялық хабтарды құруға ықпал ететіні айтылды.
Кеңестен кейін қатысушылар конституциялық реформаның негізгі ережелері бойынша пікір алмасып, жаңа Конституция жобасы тұрақты өнеркәсіптік дамудың, технологиялық жаңғыртудың және Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартудың негізін қалайтынын атап өтті.



