
Конституциялық Соттың Төрайымы – Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның төрайымы Эльвира Әзімова Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасы бойынша жүргізілген жұмыстың алдын ала қорытындысын шығарды. Комиссия мүшелері мен азаматтардың пікірлерін ескере отырып, ол Ата Заңды республикалық референдумға шығаруды ұсынды. Бұл жөнінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түпкілікті шешім қабылдайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сөз басында Эльвира Әзімова азаматтық және заң қауымдастықтарының өкілдері, ғалымдар, құқықтанушылар, лингвистер, қоғамдық ұйымдардың мүшелеріне және Ата Заңның тағдырына бей-жай қарамай, өз ұсыныстарын білдірген мыңдаған азаматқа алғыс білдірді.
Конституциялық комиссияның миссиясы басынан бастап айқын болғанын, ол – азаматтардың көпшілігінің еркін көрсететін, құқықтар мен міндеттердің тепе-теңдігін қамтамасыз ететін, мемлекеттілікті нығайтып, адам құқықтарының кепілдіктерін қорғауға бағытталған үйлесімді, салмақты Ата Заң моделін әзірлеу екенін атап өтті Эльвира Әзімова.
Мысалы, ҚР жаңа Конституциясының жобасына адвокаттың мәртебесі, меншік құқығының кепілдіктері, мемлекет келтірген зиянды өтеу құқығы, экологиялық қауіпсіздік, азаматтық мәселелері туралы нормалар және т.б. енгізілді.
Қазақша мәтіннің сапасына ерекше назар аударылды – терминология жаңартылды және қазіргі заманға бейімделді. Сонымен қатар өтпелі ережелер туралы ұсыныстар ескерілді.
Эльвира Әзімованың айтуынша, Еуразия кеңістіъгінде алғаш рет мұндай жұмыс толық ашық режімде жүргізілді.
Комиссия төрайымы Конституция нормативтік құқықтық актілердің бүкіл жүйесі үшін бағыт беретін бағдар екенін еске салды: ол бағыт-бағдарды анықтайды, базалық қағидаттарды, адам мен азаматтың басты құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттілік және ұлттық мүдделердің негіздерін бекітеді.
Оның айтуынша, Комиссия мүшелерінің басым көпшілігі жаңа Конституцияның жобасын республикалық референдумға шығаруды қолдады.
Эльвира Әзімова республикалық референдумды өткізу әрбір азаматқа өзінің конституциялық құқығын іске асырып, Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы бойынша пікір білдіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.



