Ел тынысыСаясат

Конституция тек құқықтық акт емес, стратегиялық бағдар

Жаңа Конституция жобасы – ел болашағына бағытталған маңызды қадам. Құжатта қоғамның өзекті мәселелері қамтылып, азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігі айқындалған. Осы орайда біз жаңа жобаның мән-маңызы туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қорытынды-талдау секторының бас сарапшысы Бақыт Злобинмен әңгімелескен едік.

-Жаңа Конституция жобасының басты концептуалдық айырмашылығы неде?

-Жаңа Конституция жобасы ең алдымен мемлекеттік құрылыстың адамға бағдарланған сипатын күшейтуді көздейді. Құжатта мемлекет қызметінің мазмұны адам құқықтары мен бостандықтарын нақты қамтамасыз етуге, сот арқылы қорғау тетіктерін кеңейтуге және мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін айқындауға бағытталған. Жоба тұлғаның құқықтық қорғалу деңгейін арттыруды және мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершілік қағидатын институционалдық тұрғыдан бекітеді.

Сонымен қатар құжат ел дамуының құндылықтық негізін айқындайды. Кіріспеде және негізгі қағидаттар қатарында Әділетті Қазақстан идеясы, заңның үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлік, адам капиталының дамуы, экологиялық жауапкершілік сияқты бағдарлар бекітілген. Атап айтқанда, адам капиталы, білім беру, ғылым және инновациялар мемлекеттің стратегиялық қызмет бағыттары ретінде танылған. Бұл мемлекеттің даму моделін тек әкімшілік басқару шеңберінде емес, сапалы білімге, ғылыми әлеуетке және инновациялық серпінге негіздеуге бағытталғанын көрсетеді.

Сондай-ақ, жоба мемлекеттің негізгі сипаттарын – егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және басқару нысанының өзгермейтіндігін – неғұрлым нақты әрі қатаң бекітеді. Бұл мемлекет негіздерінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы тұрғыдан алғанда, Конституция тек билік құрылымдарын реттейтін құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге қоғам дамуының стратегиялық бағдарын айқындайтын, мемлекеттің ұзақ мерзімді басымдықтарын бекітетін негізгі акт ретінде көрінеді.

Институционалдық тұрғыдан алғанда, жоба жаңа құрылымдық шешімдерді ұсынады, олар – Кұрылтайды жоғары өкілді орган ретінде айқындау, Вице-Президент институтын енгізу, Конституциялық Соттың рөлін күшейту.  Бұл өзгерістер басқару нысанын өзгертуге емес, мемлекеттік билік жүйесін жүйелендіруге және оның тиімділігін арттыруға бағытталған.

Осылайша, жобаның концептуалдық ерекшелігі мемлекеттік тұрақтылықты сақтай отырып, оның мазмұнын адам құқығының қорғалуы, заң үстемдігі және стратегиялық даму басымдықтары арқылы тереңдетуінде болып табылады.

Бұл жоба құқықтық мемлекет қағидатын қаншалықты күшейтеді?

-Жоба құқықтық мемлекет қағидатын мазмұндық әрі институционалдық тұрғыдан нақтылай түседі. 1-бапта Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалады. Бұл норма мемлекеттің табиғатын кешенді түрде сипаттайды: демократиялық қағидаттар – биліктің халықтан бастау алатынын, зайырлылық – мемлекеттік саясаттың діни бейтараптығын, құқықтық мемлекет – заң үстемдігін, ал әлеуметтік мемлекет – азаматтардың лайықты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету міндетін білдіреді.

Әрине, құқықтық мемлекет қағидаты қолданыстағы Конституцияда да бекітілген. Сондықтан мәселе оның енгізілуінде емес, мазмұндық және институционалдық тұрғыдан дамытылуында болып отыр.

Кіріспеде және мемлекеттің қызметінің негізгі қағидаттары қатарында «Заң және Тәртіп» идеясы бекітіледі. 3-бапта заңның үстемдігін және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету Республика қызметінің іргелі қағидаттарының бірі ретінде көрсетілген. Мұндағы тәртіп ұғымы әкімшілік шектеу ретінде емес, заң үстемдігіне негізделген құқықтық тәртіп ретінде түсіндіріледі. Яғни, мемлекеттік билік тек заң аясында әрекет етуге міндетті.

Жоба ең алдымен құқықтарды қорғау тетіктерін кеңейту арқылы құқықтық мемлекет қағидатын күшейтеді. Азаматтарға өз құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер ететін нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын даулау мақсатында Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігі беріледі. Бұл конституциялық бақылаудың азаматтарға қолжетімділігін арттырып, құқықтық қорғаудың тиімділігін күшейтеді.

Сонымен қатар құқықтық айқындыққа ерекше назар аударылады. Конституция нормаларының тікелей қолданылуы, заңдардың кері күшінің болмауы, нормативтік актілерді ресми жариялау міндеттілігі нақты көрсетіледі. Мұның барлығы құқықтық ортаның болжамдылығын қамтамасыз етеді, ал бұл – құқықтық мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі.

Осылайша, жоба құқықтық мемлекет қағидатын декларативті деңгейден нақты рәсімдер мен институттар арқылы қамтамасыз етілетін жүйелі деңгейге көтереді.

Конституциялық нормалардың орындалуын қамтамасыз ететін тетіктер жеткілікті ме?

-Құқықтық тұрғыдан алғанда, жобада Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін кешенді тетіктер қарастырылған.

Конституциялық Сотқа негізгі заңның сақталуын қамтамасыз етуде айрықша рөл беріледі. Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған нормативтік құқықтық актілер өз күшін жояды. Сонымен қатар соттар қолданылуға тиіс норманың Конституцияға сәйкестігіне күмән туған жағдайда іс жүргізуді тоқтатып, Конституциялық Сотқа жүгінуге міндетті. Бұл құқықтық жүйенің ішкі бақылау тетігін қалыптастырады.

Сондай-ақ саяси жауапкершілік рәсімдері де көзделген: Үкіметке сенімсіздік білдіру мүмкіндігі, Президентке қатысты арнайы рәсімдер. Конституция өкілеттіктерді бөліп қана қоймай, оларды бақылау механизмдерін де бекітеді.

Әрине, кез келген конституциялық жүйенің тиімділігі тек мәтінге емес, оны іске асыру практикасына және институттардың кәсіби деңгейіне байланысты. Дегенмен нормативтік тұрғыдан алғанда, жоба Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған жеткілікті әрі құрылымдалған тетіктерді қамтиды.

Жоба халықаралық құқық стандарттарына қаншалықты сәйкес келеді?

Конституция жобасы адам құқықтары мен бостандықтарының мазмұны тұрғысынан халықаралық құқықтағы негізгі стандарттармен үйлесімді сипатта деп айтуға негіз бар. Онда кемсітушілікке тыйым салу, өмір сүру құқығы, жеке өмірге қол сұқпаушылық, сот арқылы қорғалу құқығы сияқты негізгі кепілдіктер сақталған және дамытылған.

Сонымен қатар жоба әлеуметтік құқықтарға, оның ішінде еңбек ету құқығына ерекше мән береді. Еңбек ету еркіндігі, қауіпсіз және әділ еңбек жағдайларына құқық, еңбегі үшін лайықты сыйақы алу кепілдіктері әлеуметтік мемлекеттің мазмұнын нақтылай түседі. Бұл нормалар Халықаралық еңбек ұйымының негізгі қағидаттарымен және әлеуметтік-экономикалық құқықтар жөніндегі халықаралық стандарттармен үндес келеді. Еңбек құқығының осылайша айқындалуы мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін конституциялық деңгейде бекітуге бағытталған.

Бұдан бөлек, қазіргі цифрлық кезеңнің талаптарын ескере отырып, жеке деректерді және байланыс құпиясын қорғауға ерекше назар аударылуы – заманауи құқықтық үрдістерге бейімделудің көрінісі.

Сонымен қатар жоба ұлттық құқықтық жүйенің дербестігін сақтай отырып, Конституцияның жоғары заңдық күшін айқындайды. Бұл халықаралық міндеттемелерді құрметтей отырып, ұлттық конституциялық тәртіптің басымдығын қамтамасыз етуге бағытталған ұстаным болып табылады.

Жалпы алғанда, жоба адам құқықтарының мазмұны бойынша халықаралық стандарттарға сай келеді және сонымен бірге ұлттық құқықтық егемендікті сақтауға негізделген теңгерімді модель ұсынады.

Осылайша, жоба құқықтық тәртіпке негізделген, тұлға құқықтарының басымдығын сақтай отырып, мемлекеттік тұрақтылықты күшейтуге бағдарланған модельді қалыптастыруға ұмтылады.

Әңгімелескен Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button