Ел тынысы

Конституция деңгейінде Әділеттілік, Заң және Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар бекітілді

Баршаңызға мәлім, бүгін Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Конституциялық өзгерістердің басталуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің бірпалаталы моделіне көшу туралы ұсынысы негіз болды. Жарты жыл бойы жан-жақты дайындық жұмыстары жүрді. Нәтижесінде, Ата заңға енгізілетін түзетулердің маңызын, ауқымы мен көлемін ескере отырып, жаңа Конституция қабылдау мәселесі күн тәртібіне шықты.

Атап айтқанда, жобада алғаш рет Конституция деңгейінде Әділеттілік, Заң және Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар бекітілді.

Білім мен ғылымға, мәдениет пен инновациялық дамуға негізгі басымдық берілді. Бұл елдің стратегиялық таңдауы – тұлғалық әлеуетті, азаматтардың білімі мен талантын дамытуға, жаңа технологиялар мен прогреске бағытталғанын көрсетеді.

Сонымен қатар, мемлекеттіліктің мәдени және құндылықтар жүйесі айқындалған. Бұл ұстанымның өзегінде — адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен жеке жауапкершілігі тұр. Сондай-ақ дәстүр мен қоғамдық бірліктің және рухани бағдардың қоғамның орнықты дамуы мен біртұтастығының негізі екені пайымдалған.

Жобада діннің мемлекеттен бөлек екені, сондай-ақ білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты көрсетілген. Бұл ретте біздің еліміз әр азаматтың рухани таңдауын құрметтейтін зайырлы мемлекет ретінде дами беретінін атап өткен жөн.

Неке институтын ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде бекіту ерекше маңызды. Бұл шешім отбасын қоғамның негізгі ұясы ретінде қорғауға, дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға және әйелдер құқығын қорғауға бағытталған. Осылайша, отбасы – тәрбие мен мәдениеттің, ұрпақтар сабақтастығының діңгегі екені айқындалады.

Жаңа Преамбулада және Конституцияның бүкіл мәтінінде Бірлік пен ынтымақ, Әділдік, Заң және Тәртіп, табиғатқа, мәдениетке және адами капиталға құрмет негізгі құндылықтар жүйелі ретінде көрініс табады.

Конституция жобасының кең қоғамдық диалог арқылы әзірленуі аса маңызды. Сондықтан Конституциялық комиссияның барлық отырысы ашық форматта өтіп, әрбір азамат тікелей эфирде бақылауға мүмкіндік алды.

Аида БАЛАЕВА,

ҚР Премьер-министрінің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button