Астана қаласы әкімдігіне қарасты Elorda Eco System мекемесінде «Қазақстандағы конституциялық реформа» тақырыбында мекеме қызметкерлерімен кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға Астана қаласы мәслихатының депутаты, «Аманат» партиясының мүшесі Лаззат Разбекова,«Ауыл» партиясының белсендісі Ұлан Абдыханов, «Аманат» партиясының «Байқоңыр» аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Талғат Мамыканов,«Аманат» партиясының белсендісі Мекен Карманов, Астана қаласы Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Олжабек Бейсов қатысты. Шараны Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Eco System» мекемесінің Басқарушы директоры Руслан Игіліков жүргізді.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы жан-жақты талқыланды. Спикерлер конституциялық реформалардың ел дамуына, демократиялық үдерістердің нығаюына және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті.
Астана қаласы мәслихатының депутаты Лаззат Разбекова өз сөзінде:
«Қазақстандағы басты капитал – адам ресурсы. Жаңа Конституцияны оқып, терең түсінген азамат үшін ол үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар өзгерістер енгізілді. Бұл реформалардың барлығы халық игілігі үшін қызмет етеді», – деді.
Сондай-ақ ол Конституциядағы мемлекеттік тілдің мәртебесі, билік тармақтарының өкілеттіктері мен жауапкершілігі жөнінде кеңінен түсіндіріп өтті.
Ал «Ауыл» партиясының белсендісі Ұлан Абдыханов қазіргі таңда еліміздің геосаяси жағдайы күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай өзгерістер құқықтық тұрғыдан мемлекет тұрақтылығын нығайтып, халыққа оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар ол ел болашағы үшін маңызды шешімдер қабылдауда жұрт болып жұмылудың маңыздылығын айтты.

Басқа да спикерлер қоғамдағы тұрақтылық, бейбітшілік пен келісімнің құндылығына тоқталып, Ата заңның жаңартылған нұсқасы елдің алдағы дамуына берік негіз болатынын жеткізді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.
Шапағат Әбдір



