Коммуникациялық қос компания

Жуырда Астана қаласы маңындағы №1 индустриялық паркте телекоммуникация жабдықтарын шығаратын екі компанияда болдық. Бірден айтайық, шетелдік технологиядан әсте кем емес бұл құрылғылар мемлекеттің құзырлы орындарында іске асып тұр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, оған қарасты Шекара қызметі, Ішкі істер, Қорғаныс министрлігі және төтеншеліктер осы жабдықтарды пайдаланады. Ал Президент Іс басқармасы, Мемлекеттік күзет қызметі, Парламенттің қос палатасындағы жұмыстарға бұл құрылғылардың көмегі көп. Пайдаланушылар қатарына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын да қосыңыз. Мұнай зауыттары, сондай-ақ орман мен аң-құсты қорғайтын табиғат сақшылары да екі кәсіпорынның өнімдерін қолданады. Қазақстанның басты органдарына жаққан мұндай дүниенің ішкі қыртысына үңілгіміз келген. Қалауымыз орындалды.
Экспорттың ауылы алыс емес
Әуелгі бас сұққанымыз – модемдер мен коммутаторлар шығаратын «Digital System Servis» ЖШС. Тауарлық белгісі «Сuman» деп аталатын бұл компания 2005 жылы құрылған. Мұнда 6 өнім шығады. Бірнеше телефон нүктесін қосуға болатын автоматтандырылған станция құрылғысы, интернет таратушы Wi-Fi роутер, «Arman» атты коммутатор, сымсыз Wi-Fi Mesh интернет жүйесі, «Infinity» атты бірнеше нұсқадағы телефон аппараты зауыттың ең басты тауарлары десек болады.
«Зауыт бірнеше цехқа бөлінген. 100-ге жуық қызметкер бар. Бірінде өнімнің басты қаңқасы дайындалса, енді бірінде интернет құрылғылардың ішкі материалын құрастырады. Ішкі материал дегеніміз – электроника тауарларының негізгі жүйесі, яғни электронды тақталары. Ол Қытайдан келеді. Ал барлық өнімнің сыртқы корпусы өзіміздегі арнайы аппарат-құрылғыда жасалады. Бірақ оның да шикізатын Оңтүстік Кореядан алдырамыз. Бұл жағынан қалдықсыз жүйе қалыптасқан. Жалпы зауытта бір күнде 1000-ға жуық электронды тақтаны дайындап, арнайы корпуста қаптай аламыз. Сондай-ақ бізден шығатын барлық коммуникация өнімінің интернет таратуда мүмкіндігі көп. Әзірге тұтынушылар тарапынан шағым болған емес» дейді компанияның бас директоры Дастан Абдрахманов.
Дастанның сөзінше, мұнда барлық интернет құралын монтаждаушы, құрастырушы аппараттар шетелдік екені белгілі болды. Бірі – швециялық, енді бірі – оңтүстіккореялық құрылғы. Америка Құрама Штаттарынан алынған жабдықтар да жоқ емес.
«Менің мамандығым – электроника және байланыс құралдарының инженері. Дәл қазір мен интернет желісін таратушы Wi-Fi роутердің ішкі компоненттерін құрастырудамын. Бұл жұмыс біткен соң арнайы операторлар тексеруден өткізіп, жұмысымыздың сапасын қайта-қайта сынақтан өткізеді. Осылайша, бірнеше қадағалаудан соң барып арнайы корпуспен қапталып, қорапшаға салынып, сатылымға шығады» дейді компания қызметкері Ержан Кәрімов.
Сату бөлімінің маманы Мұхамедкәрім Кенжеханұлының айтуынша, бір модемнің бөлшек саудадағы бағасы – 13500 теңге. Сондай-ақ өнімді шығару барысында ақау анықталса, оны қайта қалпына келтіретін жөндеу бөлімі де бар. Сонда жөнделген соң қайта техникалық қадағалаудан өтіп, тестілеуден оң нәтиже көрсеткенде ғана сату бөліміне жөнелтіледі. Демек, әрі қарай бұл құрылғылар «Қазақтелеком» немесе «Beeline» желісі арқылы келіп тұрған байланыс тізбегі бойынша интернет тарата алады.
«Былтыр Мәскеу қаласында болдық. Онда халықаралық «Байланыс-2024» тақырыбында көрме өтті. Онда біздің өнімдер көрсетілді. Мұны экспортқа деген алғашқы қадам десек болады. Екі жыл бұрын Әзербайжандағы көрмеде де өз заттарымызды көрсеткенбіз. Әзірге қызығушылар жетерлік. Өз елімізде ғана емес, өзге мемлекеттерге де экспортқа шығатын күн алыс емес деп ойлаймын» дейді М.Кенжеханұлы.
Алдағы мақсат – дрондар өндірісі
Екінші барғанымыз – «Barys E&T» жеке серіктестігі. 70-тен астам қызметкері бар компанияға тиесілі өнімдер де жоғарыда айтқан зауыттыкіне ұқсас. Мұнда кәдімгі үй жағдайындағы электр тогын есептегіш құрылғы мен радиотелефон (рация) шығады. Өнімнің ішкі электроникалық тақтасы шетелден келеді. Қалғаны цехтан құрастырылуда. Ал алдағы жоспары – өздігінен ұшу аппараттарын, яғни дрондар өндірісін қолға алмақ.
«Компания негізгі жұмысын 2022 жылы бастады. Зауыт жылына 54 мың электр есептегіш, 45 мың рация шығаруға қауқарлы. Ендігі мақсат – өздігінен ұшу аппараттарын шығару және зауыт көлемін кеңейту. Өйткені қазірге орналасқан аумақ тарлық етіп отыр. Тағы бір жаңалық – былтыр Қазақстан мен Оңтүстік Корея мемлекеті бірлесе өткізген форум. Онда біздің өнімдер мен жобаларымыз көрсетілді. Артынша үш жақты, яғни Қазақстан, Корея және біздің компания меморандумға отырып, арнайы құжатқа қол қойылды. Соның нәтижесінде корей ғалымдары біздің студенттерге дәріс оқып, осы электроника саласы бойынша барлығын үйретпекші. Демек, алдағы уақытта мамандар да өзіміздің азаматтар болады деген сөз. Бұған дейін мамандарды өзіміз Малайзия, Қытай және Оңтүстік Кореяда арнайы оқытып келдік» дейді зауыттың техникалық директоры Айбек Ақыш.
Зауыт өніміне тапсырыс берушілер – мақала басында көрсетіп кеткен арнайы органдар. Алдағы уақытта арнайы тапсырмаларға қажетті ұшу дрондарын шығарса, онда сыртқы импортқа да тәуелді болмас едік.
«Мысалы, Қорғаныс министрлігінің барлау қызметіне ұшу дрондары қажет-ақ. Сондай-ақ қазір елімізде 50-60 қабатты үйлер көп. «Қатер аяқ астында» дегендей, мысалы, осындай жоғары қабаттарда өрт шыққан жағдайда арнайы су шлангісін көтеруге арналған дрондар қажет емес пе? Орман өртіне де бұл өте керек бұйым. Жалпы мұны елімізге өте қажетті өнім десек болады. Өйткені азаматтық не әскери мақсатқа, болмаса өрт қызметіне қажетті ұшу дрондарын пайдалану көп жұмысты жеңілдететіні анық» дейді А.Ақыш.
Айтпақшы, кәсіпорынның біз көзбен көрген, оған «Барыс» деп атау таңып, ат қойған радиостанция телефонының қуаты 200 сағатқа дейін жетеді. Былайша айтсақ, бір апта бойы ток көзіне қуаттамай жүре беруге болады. Өзі салмақтылау өнімнің бір ғажабы – жаңбырлы күнге немесе суға түсіп кеткен жағдайда да жұмысын тоқтатпайды, яғни ылғалға төзімді. Ал нарықтағы бағасы 350-400 мың теңге көлемінде екен.
Отандық өнімді өрге сүйреген астаналық кәсіпорынның тынысынан ерекше шабыттанып қайтқанбыз. Тап-таза зауыт іші, қатал сақталған қауіпсіздік, жұмыс тәртібі мұндағы қызметкерлердің өз ісіне тиянақтылық сыйлап тұрғандай.
Ержан ҚОЖАС