Қоғам

Колледж студенттерінің мүмкіндіктері талқыланды

Астананың Нұра ауданында көлік құралдарын техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдаланумен айналысатын кәсіпорындар өкілдері мен Астана қаласы әкімдігінің Кәсіптік-техникалық колледжі басшылығының кездесуі өтті. Тараптар оқу орны түлектерін тиімді жұмысқа орналастыру және өзара әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Колледж директоры Римма Иманғазинова атап өткендей, дәл осы оқу орны Астанада көлік жөндеу мен қызмет көрсету саласының мамандарын даярлайтын жетекші білім ошағы болып саналады.

«Біз шағын талдау жүргізіп көрдік, Нұра ауданында автокөліктерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету бойынша қырыққа жуық ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Сондықтан бүгінгі күні оларға біздің қандай базада маман даярлайтынымызды көрсету маңызды», – деді ол.

Колледж дуальды білім беру жүйесімен жұмыс істейді: 60% тәжірибе – өндірісте, 40% – теория сабақтары оқу орнында өтеді. Қазірдің өзінде кәсіпорындармен шамамен 40 келісімшарт жасалған.

«Алайда жұмыс берушілер көбіне колледждің нақты немен айналысатынын, қандай шеберханалар барын, студенттердің қалай оқитынын көре бермейді. Біз оларды шақырып, студенттерімізбен таныстыруды жөн көрдік. Себебі ертеңгі күні дәл осы компаниялар олардың жұмыс берушілері болады. Кәсіпорындар алдын ала үйренуге құлшынысы бар студенттерді таңдап, келесі жылы қанша маман қажет болатынын көрсете алады. Біз ондай сұранысқа қарай кадрларды мақсатты түрде даярлауға дайынбыз», – деді колледж директоры.

Колледж жыл сайын шамамен 100-150 жұмысшы маман дайындайды. Барлығы – 11 мамандық және 16 біліктілік бойынша 250-ге жуық түлек, оның ішінде дәнекерлеушілер, электриктер, құрылысшылар, аспаздар, тігіншілер мен кондитерлер бар.

Оқу мерзімі – үш жыл. Алғашқы жылы студенттер 10-11-сыныптың жалпы білім беру бағдарламасын меңгереді, ал екінші курстан бастап кәсіби даярлық басталады.

«Осы жерден дуальды жүйе іске қосылады: студенттер оқу уақыттарының 60%-ын өндірісте өткізеді. Бұл – 1400 сағаттан астам тәжірибе. Яғни екінші курстан бастап-ақ жұмыс берушілер студенттердің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көріп, жұмысқа қабылдау мүмкіндігіне ие болады. Сөйтіп, түлектер тек қағаз жүзіндегі маман емес, нақты кәсіпорындардың қызметкерлері ретінде қалыптасады», – деді Римма Иманғазинова.

Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова бұл кездесудің маңызын ерекше атап өтті:

«Бүгін мұнда белсенді жандар жиналды. Олар – білікті мамандар даярлауға мүдделі компаниялар. Президент биылғы жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады, бұл өте орынды. Себебі дәл осы колледж студенттері ертеңгі күні қала мен компаниялар үшін нақты пайда әкелетін болады. Мемлекет қаржы жұмсап, балаларды оқытады, бірақ кейін кейбірі өз мамандығы бойынша жұмыс істемей, басқа салаларға кетеді немесе мүлде жұмыссыз қалады. Біз үшін олардың таңдаған саласында орнығуы маңызды. Ол үшін компаниялар санын кеңейтеміз, жаңа серіктестерді шақырамыз, студенттерге нақты тәжірибелік мүмкіндік береміз. Өйткені заманауи көліктер барған сайын күрделеніп барады, электромобильдердің үлесі артуда. Бізге тек теоретиктер емес, тәжірибелі мамандар қажет», – деді ол.

Кездесуде колледж бен жұмыс берушілер практикаға негізделген оқытуды дамытуға, кәсіпорындардың мақсатты тапсырыстарын кеңейтуге және мамандар даярлау бағытында ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button