Басты ақпаратҚоғам

Көші-қон мен демография кейінге қалдыратын мәселе ме?

Елімізде көші-қон және демография мәселелерімен айналысатын өз алдына бөлек мемлекеттік құрылым керек. Қандастар көшін ұйымдастырумен тынымсыз шұғылданатын және демографиялық саясатты жүргізетін органдар құру туралы мақала бірнеше рет біздің басылымда да жарық көрген. Бұл мәселені ҚР Сенатында «Демография­лық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылықтарының негізі» тақырыбында өткен Үкімет сағатында бірнеше сенатор көтерген болатын.

Алайда Үкіметтің бұған қатысты берген жауабы көңіл көншітпей, депутаттар соған наразылық білдірді. Сенат тиісті атқарушы органдарға бірқатар жолданымдар жіберді. Осыған байланысты Үкімет берген жауапта көтерілген проблемалық мәселелердің басым бөлігі шешімін таппаған күйінде қалған. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп пленарлық отырыста Үкіметтің аталған ұсыныстарға берген жауабына наразылығын білдірді. Сенаторлар – Нұртөре Жүсіп, Ольга Перепечина, Әсем Рахметова Үкімет басшысы Олжас Бектеновке қайтадан депутаттық сауал жолдады.

– Үкіметке демография мәселесі бойынша мемлекеттік орган құру мәселесін зерделеу ұсынылды. Ұлттық экономика министрлігі мұндай мемлекеттік органды құру іс жүзінде мүмкін емес депті. Бұл қалай сонда? Бәрі керек те демография керек емес пе? Енді қараңыз, елімізде демографиялық саясат саласындағы өкілетті орган анықталмаған. Демографиялық зерттеулер жүйесін болжау да құрылмаған. Демографиялық саясат мәселелерінде мемлекеттік нақты ұстанымдар анықталмаған. Соның салдарынан бүгінгі таңда тек статистикамен шектеліп отырмыз. Сенат өткізген үкімет сағатында ұзақ мерзімді және орта мерзімді перспективада форсайт сессиялар өткізу, сондай-ақ демография бойынша ұлттық баяндама дайындау ұсынылды. Осыған қатысты Үкімет өз жауабында барлық салалық министрліктердің өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз ету туралы жалпы ақпаратты ғана ұсынып отыр. Сонымен қатар үкімет сағаты ұсынымдарының бірінде ҚР тұрақты демографиялық дамуының ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеу мәселесі де көтерілді. Бұл ұсынысты да Үкімет орынсыз деп санайды. ҚР Еңбек минис­трлігі мен Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне жер учаскелерін 10-15 жылдан кейін жекеменшікке беру құқығымен жалға беру мүмкіндігін зерделеу, салық жеңілдіктерін жасау, техника сатып алуға, үй салуға, сондай-ақ төмен пайыздық несие беру, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс­керлерге климаттық үстеме жалақы тағайындау мүмкіндігін зерделеу туралы нақты ұсыныс берілген еді. Еңбек министрлігінің жауабында да бұл мәселелерге қатысты нақты шешімдер көрсетілмеген. Өңірлік әкімдіктердің жауаптарында «Дипломмен ауылға» және «Қандастарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру» бағдарламалары шеңберінде жастар үшін шекаралық аудандарда жаңа тұрғын үй салуға, субсидиялауға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты тиімсіз деп көрсетілген. Сенаттың демографиялық саясатқа қатысты демографиялық мәселелерінің бәрін Үкімет елемейтін болса, сырғытпа жауаптармен ғана құтылса, Үкімет сағатын не үшін өткіздік сонда? Мұның бәрінің кімге арналғанын білмей отырып, елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының қандай әсері туралы айтып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет берген жауаптар көңілімізді көншітпейді, – деді Н.Жүсіп.

Ол сондай-ақ елдегі демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация және көші-қон, халықтың шамадан тыс өлімі жүйелі және шұғыл шешімдерді қажет ететінін жеткізді. Демографиялық процестер үшін Үкімет тарапынан нақты жауапкершіліктің болмауы, мониторингтің жоқтығы, жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалардың тиімділігінің төмендеуіне әкелетінін де үкіметтің назарына салды.

– Соңғы жылдары солтүстік, шығыс өңірлерде халықтың азаю тенденциясы қатты байқалуда. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон сальдосы 2024 жылғы 1 шілдеде теріс және -3396 адамды құрады. Сондай-ақ СҚО бойынша табиғи өсім мың адамға шаққанда минус 1,94 теріс сальдоны құрап отыр. СҚО, Қостанай және Павлодар облыстарында туылған адам саны жылдан жылға азайып барады. Құрметті Олжас Абайұлы, өңірлерге жұмыс сапарлары барысында халықпен кездесулер өткізіп келдік. Демографияға қатысты сұрақтар тағы да алдымыздан шықты. Мәселен, СҚО-дағы ­­
С.Мұқанов ауылы жабылған. Халық жазушысы С.Шәймерденовтің ауылы жабылуға жақын. Еңбек ері, қазақ әдебиетінің классигі Ғ.Мүсірепов туған Жаңа жол ауылының тағдыры да қыл үстінде тұр. Сондықтан Сенат ұсынымдарын қайта қарап, солтүстік өңірлерде әлеуметтік және экономикалық даму бағдарламаларын дереу қолға алу, аймақтарға жастарды тарту, инфрақұрылымды дамыту, миграцияны басқару, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел пысықтап, нақты шешімдер қабылдау қажет деп есептеймін. Депутаттық сауалға заңда берілген тәртіппен жазбаша жауап беріңізді сұраймын, – деп аяқтады сөзін сенатор.

Бұл аса маңызды мәселе бойынша ұсынысқа қолдау білдіретіндер көп. Көрші мемлекеттер халқының тез өсіп, көбеюі жер жетіспеушілігі мәселесін туындатуда. Ал Қазақстанда ұшан-теңіз жер бос жатады. Демографиялық жағдайды жақсартудың басты жолының бірі – сырттан келетін қандастар көшін көбейту.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін қандастар көшін ұйымдастыру өте жақсы жүрді. Бұл жұмыспен Көші-қон комитеті айналысатын. Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігі де бұл мәселеге айрықша көңіл бөлетін. Соған орай келген қазақтарға ешқандай әуреге салмай, бірден азаматтық берілетін. Дүние жүзі қазақтары қауымдастығындағы қызметімізге орай, біз де көшті ұйымдастырудың ортасында жүрдік. Сөйтіп елімізге 1 миллионнан астам ағайындар оралды. Бірақ кейін бұл көш біртіндеп азайып, тоқтауға айналды. Қазір қандастар көшіне квота жылына үш-төрт мың адамға ғана беріледі. Бұл сырт жерлердегі сан миллион қазақ үшін түкке тұрмайтын, тіпті, айтуға ұят жағдай. Ал сонда бұл көш неге азайды? Мұның басты себебі Қазақстанда қазақтардың тым көбейіп кетуі кейбір билік ұстағандарға онша ұнамауынан туындады деп ойлаймыз. Сөйтіп, қандастар көшін ұйымдастырумен тынымсыз айналысқан Көші-қон комитеті аяқ астынан жабылды. Қазір бұл жұмыспен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі бір-екі қызметкер ғана айналысады және олардың жұмысы алыс-жақын елдерден өз күштерімен келген ағайындарды тізімге алумен ғана шектеледі. Сондай-ақ қолданыстағы заң бойынша қандастар көшін шетелдерде ұйымдастыру Сыртқы істер министрлігіне жүктелген деп айтылады. Бірақ министрлік бұл жұмысқа мүлдем көңіл бөлген емес. Келген қандастардың тұрақты орналасып, азаматтық алуы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы комитетіне байланысты. Бірақ бұл Комитет қызметкерлері келген қандастарға қамқорлық көрсетудің орнына керісінше түрлі сылтаулармен кедергі жасау­ға тырысады, – дейді жазушы Сұлтанәлі Балғабаев.

Демографиялық ахуал – ұлттың қауіпсіздігіне, аумақтық тұтастығына, тіпті егемендігімізге тікелей әсер ететін маңызды фактор. Халық санының азаюы мен көшіп-қону үрдістері экономикалық, әлеуметтік, әрі саяси тұрақтылықтың бұзылуына әкелуі мүмкін. Бұл жерде халықты тұрақтандыру және кері көшті ынталандыру мәселесі де өзекті. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік басымдық деңгейіне көтерудің аса қажеттігі айтылуда. Соның бәрін билікке жеткізіп отырған Сенат депуттарының сауалына Үкімет тарапынан енді оң жауап беріледі деп күтеміз.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button