Басты ақпаратЕл тынысы

Көшелер көркейіп, аулалар абаттандырылды

Жаз – қызу жұмыс кезеңі. Астанада аулалар жаңарып, сая­бақтар мен скверлер көркеюде. Жол жөндеу жұмыстары да қарқын алды. Елорда тұрғындарының жайлылығы үшін барлық 6 ауданда осындай жұмыстар жүйелі, жоспарлы және үздіксіз түрде жүргізіліп келеді.

Алматы ауданында

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының алдындағы алаң заманауи әрі жайлы қоғамдық кеңістікке айналуда. Қазір бұл маңда гранит пен жиектас төсеу, фонтанды жөндеу-қалпына келтіру, шағын сәулет нысандарын (орындықтар мен қоқыс жәшіктері) орнату, кабель жүргізу және сыртқы жарықтандыру бағаналарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қ.Жалаири, «Лайнер» дүкенінің артындағы, Қ.Сәтпаев көшесі, 3/1 мекенжайындағы, Ғ.Мұстафин көшесі, 7/1 және 7/2 үйлерінің арасындағы, Б.Момышұлы, Р.Қошқарбаев, И.Панфилов, «Шекара қызметі», Шарль де Голль ескерткіштері жанындағы скверлерде жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, бұрынғылары жөнделді. Жарықтандыру жүйесі ретке келтіріліп, кешкі уақытта қоғамдық кеңістіктер анағұрлым жарық әрі қауіпсіз бола түсті. Күйші Дина көше­сіндегі №40, 44/2, Манас көше­сіндегі №20/1, 20/2 үйлер­дің ауласы абаттандырылып, Ш.Құдайбердіұлы даңғылы, 24 мекенжайындағы тағы бір аула тұрғындар игілігіне берілді. «3 гектар» тұрғын үй кешені мен «Ақ мешіт» мешіті арасындағы бос жатқан аумақ­та жаңа қоғамдық кеңістік ашылды. Бос жатқан аумақтың орнына ағаштар мен көпжылдық бұталар отырғызылып, жарық шамдары, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Жаңа қоғамдық кеңістікте спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған: баскетбол мен волейбол ойнауға арналған спорт алаңы, футбол алаңы және воркаут аймағы салынды. Сондай-ақ тыныш демалуға арналған арнайы орындар да қарастырылған. Жыл басынан бері аудан бойынша, соның ішінде «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 22 аула абаттандырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, ай соңына дейін тағы бірнеше аула жаңартылып, пайдалануға беріледі.

Байқоңыр ауданында

Шаһар келбетін жақсарту мақсатында Байқоңыр ауданында абаттандыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Елорда күніне орай аудан аумағындағы Кенесары көшесінің №42, 44 және 46 үйлеріне ортақ жаңа аула абаттандырылды. Жалпы аумағы 6000 шаршы метрді құрайтын ауланы абаттандыру барысында 4000 шаршы метрден аса кеспетас, 410 шаршы метр тартан жабынды және 250 шаршы метр жасанды көгал төселді. Сонымен қатар 100 велосипедке арналған 10 тұрақ орны, балалар мен спорт алаңдары, футбол алаңы, демалыс аймақтары және гүлдермен көмкерілген сәндік қабырғалар орнатылып, ауланың келбеті жаңаша сипат алды. Аталған аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың бастамасы негізінде жүзеге асырылды.

Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында коммуналдық сала өкілдеріне құрмет көрсету және олардың күнделікті еңбегіне алғыс білдіру ниетімен Абай даңғылы бойында жаңа қоғамдық кеңістік – «Коммуналдық қызметкерлер» гүлзары ашылды. Жалпы ауданы 1,8 гектар аумақты құрайтын гүлзар А.Жұбанов көшесінен А.Пушкин көшесіне дейінгі аумақты қамтиды. Абаттандыру жұмыстары аясында 3500 шаршы метр аумақта кеспетас және 2000 шаршы метр асфальт жабыны төселді. Бұдан бөлек, 100 көлікке арналған автотұрақ орны жайластырылды. Сонымен қатар кешенді абаттандыру барысында балалар мен ересектерге арналған ойын және спорт алаңдары жабдықталды.

Ағымдағы жылы ауданда 88 аула аумағы жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Оның 70-інде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, 18-і кешенді абаттандырылды. Сонымен бірге 8 гүлзар мен қоғамдық кеңістік жайластырылды. «Ататүрік» саябағы маңындағы жаңа жаяу жүргіншілер жолдары, тынығуға арналған орындар және көгалдандыру шешімдері қарастырылған. Бүгінгі таңда ауданның орталық бөлігіндегі Абай даңғылы, 92/1 мекенжа­йында орналасқан «Эгалите» тұрғын үй кешені аумағындағы ескі, заңсыз салынған жеке тұрғын үй сүрілуде. Бұл мәселе осыған дейін көп жылдан бері шешімін таппай, тұрғындар үшін аса өзекті болып келді. Сүру жұмыстарынан кейін бұл аумақта кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Ескі заңсыз үйдің орнына автотұрақ аумағы жайластырылады және балалар ойын алаңы кеңейеді.

Реновация бағдарламасы аясында ұзақ жылдар бойы тозығы жеткен, ескірген үйлердің орнына заманауи әрі қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. «Тұлпар» сауда орталығының артында орналасқан ескі үйлерге қатысты алғашқы қадам жасалып, BI Group компаниясы бұл аумақта реновация жобасын жүзеге асыру үшін өз жұмысын бастауға кірісті. Аталған компанияның жобасы жалпы көлемі 6,5 гектар аумақты қамтиды. Бұл аумақта орналасқан 122 үй мен құрылыс нысанын бұзу және олардың орнына жаңа нысандар салу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта аталған компания тұрғындармен бірлесе отырып, сүру және құрылыс жұмыстарының нақты жоспарын іске асырады. Сондай-ақ А.Пушкин көшесі, 15 мекенжайында орналасқан, халық арасында «Китайская стена» атауымен танымал тұрғын үй аумағында автотұрақ алаңы абаттандырылды. Аталған көпқабатты тұрғын үй – аталмыш ауданда ең ірі кешендердің бірі. Осыған байланысты көлік қою мәселесі көптен бері өзекті болып келген еді. Жүргізілген абаттандыру жұмыстарының нәтижесінде 70 көлікке арналған автотұрақ алаңы жаңадан жайластырыл­ды. Бұл тұрғындардың күнделікті өміріне едәуір қолайлы жағдай жасап, аула аумағындағы көлік қозғалысын реттеуге септігін тигізеді.

Сарыарқа ауданында

Ауданды одан әрі жайлы, таза әрі қауіпсіз ету жолындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Тарихи маңызы бар қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, жаңа келбетке ие болды. Солардың бірі – Е.Рахмадиев атындағы филармония алдындағы алаң. Оның аумағында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар толық жаңартылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тактильді плиталар төселді, кедергісіз орта элементтері қарас­тырылған. Сондай-ақ заманауи көше жиһаздары орнатылып, классикалық стильдегі шойын шамдар алаңның келбетін айшықтай түсті. Алтын­емел және Гёте көшелерінің қиылысында, бұрын сүрілген тұрғын үйдің орнында 2000 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан жаңа қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Аталған аумақта заманауи балалар алаңы орнатылып, қауіпсіздікке ерекше мән берілді. Сонымен қатар отбасы демалысына ­арналған көлеңкелі орындар мен орындықтар жайластырылды. Көгалдандыру жұмыстарына ерекше назар аударылып, 1500-ден астам жасыл желек, оның ішінде 50-ден астам ағаш (шырша, үйеңкі, қарақат ағашы және т. б.) отырғызылды, көпжылдық гүлдер егілді. Кешкі уақыттағы жарық пен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін классикалық үлгідегі шойын көше шамдары орнатылды. Н.Тілендиев даңғылының Көктал көшесінен Оңтүстік-­батыс айналма көпіріне дейінгі аралықтағы бөлгіш жолағына 614-тен астам кең жапырақты шетен ағашы отырғызылды. Республика даңғылы, 7/1 үйде заманауи талаптарға сай абаттандырылған жаңа қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді.

Құрылыс маусымы басталғалы бері ауданда 22 аула жаңғыр­тылды. Солардың бірі – ­М.Әуе­зов көшесіндегі №26 үйдің маңындағы аула «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асты. С.Сейфуллин көшесі, 2, 4/2, 5, 6, 7, 8, 9 және 10 мекенжайларындағы 8 тұрғын үйдің қасбетін сәндік жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Жылы түсті заманауи жарық ғимараттардың сәулеттік ерекшелігін айшықтап, ау­данға жайлылық пен үйлесім сыйлады. Осындай жұмыстар Ш.Қосшығұлұлы көшесіндегі тұрғын үйлерде де жүргізіледі деп жоспарлануда. Әл-Фараби даңғылы, 29 («Comfort Town» ТК) және Мәңгілік ел даңғылы, 22 («Астана жұлдызы» ТК) мекенжайларында екі жаңартылған аула ашылды.

Нұра ауданында

Ә.Өмірзақова көшесінде, «Grand Turan Avenue» және «Кәмшат» тұрғын үй кешендерінің маңында, сондай-ақ Михай Эминеску атындағы сквер аумағында тротуарларды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Алдымен жаяу жүргіншілер ағыны көп және жабындысы тозған учаскелер жаңартылуда. Тұран даңғылы бойында орналасқан диаметрі 1000 мм болатын магистралды нөсер коллекторы «Camel» арнайы техникасымен тазартылып, «Самұрық Towers» тұрғын үй кешенінің жанында жаңа қоғамдық кеңістік абаттандырылуда. Мұнда заманауи балалар ойын, спорт алаңы және демалуға арналған орындар орнатылады. Сондай-ақ аумаққа сирень бұталары егіледі. Көктемде олардың хош иісі мен гүлденуі демалыс аумағына ерекше өң береді. Жаңа орын барлық жастағы тұрғындар үшін тартымды демалыс аймағына айналмақ. Мұнда балалармен серуендеуге, спортпен шұғылдануға немесе таза ауада тынығуға болады. Жұмыстар шілде айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Сарайшық ауданында

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарына асфальт төселіп, аулалар жаңартылуда. «HighVill Astana» тұрғын үй кешенінің айналасында 6000 м2 тас төсемесі төселіп, 1,3 км веложол салынды. 70-ке жуық автокөлік тұрағы жайластырылып, абаттандырылуы аяқталған бөлікте ағаштар мен гүлдер отырғызылды. А.Байтұрсынов – Р.Қошқарбаев – Тәуелсіздік үшбұрышы абаттандырылып, осы маңға 63 ағаш пен 5286 сәндік бұта егілді. С.Нұрмағамбетов пен А.Байтұрсынов көшелері қиылысындағы жаяужолда тас төсеме жаңартылып, барлығы 500 м2 аумақтың тас төсемесі ауыстырылды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл аудандағы Р.Қошқарбаев даңғылы, 15, 34, 68, А.Бөлек­паев көшесі, 4, Шалкөде көшесі, 9 мекенжайларында аулалар абаттандырылды. «Халық қатысатын бюджет» бойынша «Отан», «Аксиома», «Гранд Астана» үйлерінде жөндеу-қалпына келтіру, шағын сәулет формаларын жөндеу, жасанды көгал төсеу, футбол алаңын бояу және тас төсемесін салу жұмыстары жүргізілді. Құрылыс-монтаж жұмыстары жоспар бойынша биыл тамыз айының соңында аяқталады.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button