Басты ақпаратҚала мен сала

Көшбасшы кәсіпорын көкжиегі

Бүгінде отандық машина жасау саласы өңдеуші өнеркәсіптің негізгі салаларының біріне және елдің индустриялық дамуының тірегіне айналды. Соңғы жылдары бұл сала тұрақты өсім көрсетіп, өнім номенклатурасы кеңеюде, жергіліктендіру деңгейі мен өнеркәсіп кооперациясы дамуда. Атап айтқанда, 2015 жылы өндіріс көлемі 670 млрд теңгені құраса, 2025 жылы ол ең жоғары тарихи деңгейге, яғни 5,7 трлн теңгеге жетіп, 8,5 есе артты. Саланың өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 20%-ға жақындады. Осы ретте елдегі ауыр өнеркәсіптің дамуына ауқымды үлес қосып отырған Астана электртехникалық зауыты аталған өндіріс саласында жабдықтар жасауда көшбасшы орыннан табылуда.

Елордада 2009 жылы бар болғаны 9 адаммен негізі қаланған шағын кәсіпорын біртіндеп дамып, бүгінде тек еліміздің ғана емес, шетелдің де нарығында сұранысқа ие, 300-ге жуық кәсіби техникалық білікті маманның басын құраған алып компанияға айналды. Зауыт жұмысы трансформаторлық кіші стансалар, жоғары вольтты тарату құрылғылары, төменгі кернеудегі «шкафтар», релелік қорғаныс және автоматика құрылғыларын өндіруге бағытталған. Номиналды кернеуі 0,4 кВ-тан бастап 110 Кв-қа дейінгі электр құрал-жабдықтары жасалады. Өз ісін жетік білетін тәжірибелі жұмысшылардың арқасында кәсіпорын эксплуатация сипаттамасына сын келтірмей, шығаратын жабдықтарының ұзақ та берік жұмыс істеуіне кепілдік беруімен ерекшеленеді. Сол бірегейлігімен зауыт бүгінге дейін ауыл шаруашылығы, энергетика, жер қойнауын пайдаланушылар және құрылыс компанияларымен арадағы келісімшарт негізінде 3 мыңға жуық жобаны жүзеге асырып, өндіріс өнеркәсібіндегі төрден алған орнын тұрақты бекітті. Астананың оң жағалауында, теміржолға жақын тұста орналасқан зауыт 15 мың шаршы метр аумақты алып жатыр.

Сапалы қызмет – ұзақмерзімді ынтымақтастық кепілі

«Астана электртехникалық зауыты» ЖШС атқарушы директоры Бақытжан Омаровтың айтуынша, зауытта жылына 12 млрд теңгенің өнімі өндіріледі, осылайша кәсіпорын Астана қаласының бюджетіне жыл сайын 3-4 млрд теңге табыс түсіріп отыр.

Жобаларды жүзеге асыру бірнеше кезеңнен тұрады. Жобалау, жабдықты дайындау, құрылыс-дәнекерлеу, нысанға жеткізу, дәнекерлеу, іске қосу, пайдалануға беру, сервистік қызмет көрсету кезеңдері бар. Зауыттың өндіріс кешені 8 бөлімді, атап айтқанда, жобалау бөлімі, құрастыру бөлімі, өндіріс-техника бөлімі, токарьлық учаске, бояу учаскесі, электр зертханасы, материалдар, дайын және құрамдас бөлік өнімдерінің қоймасы, жинақтау және қаптама учаскесін қамтиды.

– Әрбір жобаға кіріскенде оның өзіндік ерекшеліктерін, әр саланың артықшылықтарын ескеру жұмыста нақтылық деп жылдамдықты қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде бірге қолдау білдіре отырып, зауыт тапсырыс берушінің көңілінен шығу үшін барын салады. Тіпті жабдықтарды тапсырып, қолданысқа бергеннен кейін де ынтымақтастығын тоқтатпайды. Себебі компания өз клиент­терімен ұзақмерзімді серіктестік орнатуды көздейді. Сондықтан әр жоба оларға сенім артқан клиенттермен арадағы берік байланыстың өзегі саналады, – дейді Бақытжан Құралұлы.

Ауыл шаруашылығы саласында 5 шаруа қожалығымен жұмыс істейді. Қала инфрақұрылымы бойынша зауыттың электр жабдықтары BI Group инновациялық құрылыс холдингінің 80 нысанында орнатылған. Сонымен қатар тұрғын үй салатын 10 ірі құрылыс компаниясымен ынтымақтастық жолға қойылған. Қазір Астананың сол жағалауында салынып жатқан тұрғын үйлердің 60 пайыздан астамында осы зауыттың электртехникалық өнімдері қойылған. Компания сондай-ақ жоғары технологиялы жабдықтар ұсына отырып, жер қойнауын пайдаланушы тау-кен өндіру саласына да дендеп енген, ынтымақтастығы берік қалыптасқан клиент компаниялар ішінде «Қазақмыс» АҚ, «ERG» халықаралық компаниялар тобы, «Qarmet» АҚ сияқты 15-ке жуық ірі кәсіпорын бар. Ішкі нарықта тұрақты орнын тапқан кәсіпорын бүгінде өз өнімдерін Өзбекстан, Қырғызстанға да шығаруда.

Жұмысшы мамандықтар ордасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру үшін былтырғы жылды ерекше атаумен белгілеп, қарапайым еңбек адамының беделін арттыруға назар аудартты. Бұл аталған зауыттың қызметкерлері үшін өте жағымды әсер қалдырды. Себебі мұнда персоналдың басым бөлігі – қарапайым жұмысшы мамандықтарының 30 шақты түрі бойынша еңбек ететін мамандар, олардың 90 пайызы – елордалықтар. Арасында өзге өңірлерден келіп-кетіп жұмыс істейтіндері де бар, оларға 30 орындық жатақхана салынған. Еңбек жағдайы толық жасалған, жұмысшыларға 3 мезгіл тегін тамақ, зиянды еңбек жағдайындағы мамандарға сүт, айран, еңбек демалысына қосымша күн беріледі. Зауыт жұмысы 5 күндік, таңертең 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін созылады.

– Зауыт шағын құраммен қазіргі бас директорымыз Асқар Сыздықовтың бастамасымен 17 жыл бұрын іргесін қалағанмен, бүгінгі атаумен үлкен зауыт ретінде 2012 жылы 4 сәуірде құрылды. Биыл осылайша ресми зауыт ретінде тарихымыздың 14-жылына аяқ басамыз. Мен сол жылы қарапайым инженер болып жұмысқа келіп, қазір атқарушы директор қызметіне дейін көтерілдім, – дейді Б.Омаров.

Ғылыми тәжірибе алаңы

Зауыт еліміздің және Астананың білім саласы мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Кәсіп­орын қазір 3 ЖОО және 3 колледжбен өзара меморандум арқылы байланыс орнатқан. Сол оқу орындарындағы доценттер, академиктер, ғалымдар ғылыми жобаларын жүз пайыз іске асыру үшін тәжірибе алаңы ретінде осы зауытқа келеді. Жоба толық аяқталған соң, оны зауытта өндіріске қосу да тиімділігін береді.

– Астана қалалық Білім басқармасымен өзара жұмыс бойынша кәсіптік-техникалық мамандықтарға грант бөлуде, білім бағдарламасын әзірлеуде комиссия құрамында бармын. Студенттер осында келіп тәжірибеден өтеді, диплом жазады. Комиссия мүшесі ретінде олардың жұмысын қабылдаймын, – дейді Б.Құралұлы.

Техникалық мамандар жетіспейді

Зауыттағы ең өзекті мәселелердің бірі – кәсіптік-техникалық мамандар жетіспеушілігі. Ең өкініштісі – қазіргі жастардың бұл салаға ден қоймауы. 3-4 жыл бұрын Б.Құралұлы Білім басқармасы, Оқу-ағарту министрлігіне табандылықпен өзі ұсыныс етіп, осындай мамандықтарға грант санын көбейтуге атсалысқан еді. Бірақ сол еңбегі ақталмай, жастар бұл салаларды таңдамай, гранттар орны толмай қалған.

– Біздің зауытқа қазір жақсы ­конструкторлар, жақсы жобалаушылар, инженерлер, реле, іске қосушы мамандар, токарьлар, дәнекерлеу­шілер аса қажет. Сондай мамандар бойынша 15 жұмысшы орны бос тұр. Қазір ақпараттық дәуірде жастар жан-жағына алаңдап, мұндай салаға келгісі келмейді. Бәрі экономист, заңгер, қаржыгер немесе бірден бастық болғысы келеді. Білім беру саласындағы комиссия құрамында жүріп байқағаным, колледждерде кәсіптік бағытта оқып жүрген балалардың 80 пайызы тек диплом үшін жүр. Мектепте де математика мен физиканы оқығысы келетін балалар аз. Қазір зауытта сондай мамандардың бұрыннан қалған соңғы буыны істеп жатыр. Ал олардың орнын басар мықты мамандар әзірге жетіспей тұр, – деп налиды сала маманы.

Екінші мәселе – тапсырыс берушілердің жасалған жұмыстың ақысын тапсырғаннан кейін де тым созбақтатып, беріп болмауы. Алдын ала төлемге жоба құнының 30 пайызын береді, сосын қалғанын сыздықтатып, бөліп-бөліп әрең ұсынады.

– Бұл біздің қаржы жағдайымызға үлкен қиындық келтіреді. Тапсырыс көлемінің 20 пайызы біздің көрсететін қызметіміз болса, қалған 80 пайызы жабдықтар алуға кетеді. Сондықтан келесі тапсырыс үшін ақшаны несиеге аламыз да, ал банктер несиені өте жоғары үстеме пайызбен беретіндіктен шығынға батамыз. Кешіктіріп берген қаржыны инфляция жеп қойып отыр, – дейді Б.Омаров.

Зауыт өнімдерін жасауға шикізаттың 60 пайызын отандық кәсіпорындардан, қалғанын шетелден, соның ішінде, негізінен, Ресей мен Қытайдан, арасында Түркия мен Еуропа елдерінен алады. Кезінде жұмысты бастаған кезде отандық шикізат өнімінің үлесі 30 пайыз ғана болған, жыл өткен сайын оның үлесі артып келеді.

Форумнан күтер үміт көп

Биыл 2-3 сәуірде Астанада Қазақстан машина жасаушыларының кезекті форумы өтеді. «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ мүшелігінде бар Астана электртехникалық зауыты сияқты елдегі көптеген кәсіпорын осындай ірі диалог алаңдарында өз жетістіктері туралы есеп беріп, мәселелерін де ортаға салады. Биыл бұл форум XIII рет ұйымдастырылмақ.

«Форум – мемлекет пен бизнес арасындағы диалогтың басты алаңы, сондықтан саланы одан әрі дамыту және оның бәсекеге қабілетін арттыру бойынша нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуде біздің де жағдайымыз ескеріледі деген үміт бар» дейді зауыт өкілі.

Басқосуда өнеркәсіп кооперациясы мен жергіліктендіруді дамыту, еңбек өнімін арттыру мақсатында роботтандыру мен цифрлық технологияларды енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, экспорт әлеуетін кеңейту, Қазақстанның инвестиция әлеуеті және машина жасау саласын дамытудағы шетелдік серіктестердің рөлі, кадр саясаты және машина жасау саласы үшін мамандар даярлау мәселелері көтерілгелі отыр.

Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдауды бұл зауыт та көруде. Атап айтқанда, төмен пайызбен және қайтарымсыз несие алады. Айтылған қиындықтарға қарамастан жұмысын жалғастырып, елорда халқын жұмыспен қамтып, қала бюджетіне экономикалық тұрғыда тиімділігін көрсетіп отырған зауыт өз ісіне шын берілген кәсіби білікті мамандардың арқасында еліміздің ауыр өнеркәсіп саласындағы дамуына өзіндік қарқын қосып келеді.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button