Көш керуенмен келген саз

Астанада майталман музыкант, Қаз КСР және КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Көш керуенмен келген саз» атты кеш өтті.
Нұрғиса керемет күйші-композитор, дарынды дирижер болғаны белгілі. Музыканың әртүрлі жанрында еңбектеніп, соңында мол мұра қалдырды. Бүгінде оның төл туындылары 500-ден асады деп айтылып жүр. Соның ішінде ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, тіпті опера мен балетке дейін бар. Театр қойылымдары мен көркем фильмдерге, анимациялық туындыларға да музыка жазды. Сол шығармалардың біразын кеште К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстаздар қауымы мен студенттері, өнер ұжымдары орындады.
Концертті оқу орнының студенттік халық аспаптар оркестрі (дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Ғылымов) «Ата толғауы» күйімен ашты. Әрі қарай осы кешке атау берген «Көш керуені» күйі, шоқтығы биік «Махамбет» поэмасы, т.б. шығармалар шалқыды. Мәдениет саласының үздігі Батырлан Әбенов әйгілі «Әлқиссаны» оркестрмен бірге құйқылжытты.
Әндерге келсек, Нұрғиса Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, басқа да көрнекті ақындармен шығармашылық байланыста болып, олардың өлеңдеріне ән жазды. Белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева «Әжеме» әнін сырнаймен әуелетсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали «Сағындым ғой» туындысын шырқады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Шалдыбеков «Саржайлауды» айтты. Сонымен қатар «Жүрегім менің», «Өз елім», Тілендиевтің өзге де танымал туындылары әуеледі. Оларды Мәдениет саласының үздіктері Мақсат Медеубек, Бауыржан Бекмұхамбет, «Вокалдық өнер» кафедрасының студенттері Әйгерім Ахметова, Ақнұр Қабитова, Саят Сақитжан, Мақсат Темірғалиев орындады. «Дирижерлеу» кафедрасының студенттері Абзал Сәли мен Әмин Данияр өнер көрсетті. Кеш «Құстар әні» шығармасымен түйінделді. Бұл шығарманы аталмыш университеттің аралас хоры (хормейстері – Мәдениет саласының үздігі Ольга Кряжевских), осы оқу орны колледжінің хоры (жетекшісі – Дәурен Мусин, хормейстері – Айдана Сатыбалды), «Серпін» домбырашылар ансамблі (жетекшісі – Мәдениет саласының үздігі Ерболат Сапуанов) және «Үміт» домбырашылар ансамблі (жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлперизат Ұлтарақова) бірлесе шырқады.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



