Басты ақпаратСараптама

Көрiнбейтiн көп акша

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында: «Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастырған жөн. Цифрлық теңгенің енгізілуі бұл жұмысқа септігін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолдану аясын одан әрі кеңейту қажет. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануға болады. Қазіргі заманның талабын ескере отырып, криптоактивтерге баса назар аудару керек. Ұлттық банктің инвес­тициялық корпорациясы негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құрған жөн. Бұл құрылымда жаңа цифрлық қаржы жүйесіндегі болашағы зор активтерден құралған стратегиялық крипторезерв жинақталады» деп ашық айтты. Президенттің бұл мәлімдемесі еліміздің цифрлық активтерге және заманауи қаржы технологияларына ерекше мән беріп отыр­ғанын көрсетеді.

Криптовалюта – жаңа дәуірдің ақшасы

Иә, ақша – адамзат тарихындағы ең ықпалды материалдық құнды­лықтардың бірі. Ал алтын балдақ сүйеніп, алтын сауыт киініп, жайма алтынмен, құйма күміспен есептесіп, «тай тұяқ», «қой тұяқ» деп аталатын күміс бірліктермен саудаласқан біздің аталарымыз үшін байлық малмен, алтын-күміспен өлшенсе, бүгінде оның баламалары сан алуан. Валюталар, активтер, инвестициялар және ең соңғы төңкеріс біз сөз еткелі отырған криптовалюта болып отыр. Қазір әлемдік нарықта ең құнды ақша бір қарағанда АҚШ доллары деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда долларыңыз, әлемдік нарықта, құн жағынан оныншы орында. Сондықтан кейде «Арпа бидай ас екен, алтын күміс тас екен» деп бабаларымыз айтпақшы ақшаның құны адамның асқазанымен де өлшеніп жататыны тағы бар.

Әртүрлі кезеңдерде әртүрлі валюталардың дәуірі жүргені сияқты қазіргі мынау мың құбылған тотықұстың жүніндей заманда көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын жаңа бір формадағы ақша пайда болды. Ол – криптовалюта. Бұл құбылыс жаһандық нарықта үлкен төңкеріс жасады.

Шынтуайтында, криптовалюта тарихы 2008-2009 жылдары биткойн арқылы басталды. Бірақ оның ғылыми-теория­лық негіздері бұдан да ертерек қалыптасты. Биткойн – орталықтандырылмаған, яғни ешбір банкке немесе үкіметке бағынбайтын, тек блокчейн технологиясына негізделген цифрлық актив. Ол – қаржылық жүйенің жаңа кезеңі. Себебі біріншіден, криптовалюта арқылы аударымдар өте жылдам әрі арзан. Екіншіден, жеке деректер құпия сақталады. Үшіншіден, бұл – жаһандық нарықтағы шектеусіз және еркін айналымдағы қаржы құралы. Қазір криптовалюта дәстүрлі ақшаның баламасына ғана емес, инвестицияның тиімді түріне де айналып отыр.

Криптовалютаның пайда болу тарихы

Жалпы бұл ақшаның пайда болуы ең алғаш рет 1980-1990 жылдары идея ретінде өмірге келді. Яғни, ХХ ғасырдың соңында цифрлық ақшаның алғашқы формаларын жасауға деген талпыныстармен байланысты болды десек қателеспейміз. Сол кезде «cypherpunk» деп аталатын топ – құпиялылық пен жеке деректерді қорғауға мән беретін бағдарламашылар қауымдастығы  электронды ақша мен дербес қаржы жүйелерін дамытуға қызығушылық танытты. Мысалы, 1998 жылы Wei Dai есімді зерттеуші b-money деген жүйені ұсынды. Бұл шын мәнінде блокчейнге ұқсайтын идеялар жиынтығы еді. Бірақ ол нақты іске аспады. Кейін 2008-2009 жылдары биткойн пайда болды.

Міне, дәл осы кезде криптовалюта дәуірі ресми түрде басталды. Сол жылы «Сатоши Накамото» деген лақап атты адам (немесе топ) Bitcoin атты цифрлық валюта жүйесінің тұжырымдамасын сипаттаған «Bitcoin: A Peer-to-Peer Electronic Cash System» деген ақ қағаз (white paper) жариялады.

Бұл құжатта орталықтандырылмаған қаржы жүйесі, яғни банк немесе үкіметсіз, тек пайдаланушылар арасында тікелей ақша аударуға мүмкіндік беретін жүйе сипатталды. Жүйе блокчейн технологиясына негізделген еді.

Алғашқы транзакция

Сөйтіп, 2009 жылдың 3 қаң­тарында Сатоши Накамото алғашқы Bitcoin желісін іске қосты және алғашқы блокты (Genesis Block) өндірді. Бірнеше күннен кейін ол алғашқы 10 биткойнды басқа бағдарламашы Хэл Финниге (Hal Finney) жіберді. Осылайша бұл әлемдегі алғашқы криптовалюта транзакциясы болып қалды.

Он мың Bitcoin – екі пицца

Флоридада тұратын бағдарламашы әрі криптовалютаны алғашқылардың бірі болып қабылдаған энтузиаст Ласло Ханеч (Laszlo Hanyecz) 2010 жылы 22 мамыр күні Bitcoin форумында (bitcointalk.org) жазба қалдырып:

«Кімде-кім маған екі үлкен пицца әкеліп берсе, мен оған 10 000 биткойн аударамын» деп ұсыныс жасайды. Ондағы мақсат – биткойнның нақты өмірде, шынайы затқа айыр­басталуы мүмкін екенін көрсету еді.

Бірнеше сағаттан кейін форум қолданушысы – Джереми Стардивант (Jeremy Sturdivant) бұл ұсынысты қабылдап, 10 000 BTC алғаны үшін Ласлоға екі пицца жеткізеді. Ал ол пиццаларды шамамен 25 АҚШ долларына тапсырыс беріп, Ласлоның үйіне жіберген.

Міне, дәл осы сәтте биткойнның нақты затқа алғаш айыр­басталған тарихы басталып еді. Сондықтан да бұл оқиғаға байланысты кейін 22 мамыр – «Bitcoin Pizza Day» ретінде аталып өтетін болды. Демек, Биткойнға алғаш сатып алынған зат – бұл жай ғана пицца емес, криптовалютаның өміршеңдігін көрсеткен тарихи сәттің куәсі еді. Өйткені сол күннен бастап криптовалюта тек идея немесе код емес, нақты қолдануға болатын құрал екенін дәлелдеді.

Цифрлы ақша ма, сиқырлы ақша ма?

Мейлі, біз қабылдамасақ да, қабылдасақ та, оның болашағына сенсек те, сенбесек те, криптовалюта өмірімізге кірісіп үлгерді. Міне, осыны дер кезінде түсініп, халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып жүрген азаматтар да баршылық. Олардың бірі халыққа жанашырлық танытып, білім берсе, енді бірі керісінше – халықтың қалтасын қағып, алаяқтықпен айналысып жүр. Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) лицензиясын алып, екі бағытта жұмыс істеп келе жатқан Tarlan Development Group Ltd компаниясының басшысы Темірлан Нұрахимов өзінің Цифрлық активтер академиясын ашу арқылы азаматтарға криптонарықтың қыр-сырын ұғындырып жүр.

– Биткойн алғаш рет 2009 жылы шықты және жалпы саны 21 млн болып белгіленген. Қазірге дейін 19 млн биткойн табылып, белгілі бір адамдар мен компаниялар және мемлекеттер оларды ұстап отыр. Ал әлі 2 млн биткойн жасырынып жатыр. Табылған биткойндардың 6 миллионы жоғалып кеткен, біреулер кезінде сақтаған флешкасын, ноутбугін жоғалтып алған, құпия сөзін ұмытып қалған дегендей. Ал биткойн­ды қалай өндіреді? Ол үшін майнинг фермалар блоктар жасап, сол биткойндарды іздейді. Майнерлер алгоритмдік тапсырманы шешу арқылы, биткойндарды табудан жарысады. Ең басты әрі мықты криптовалюта биткойн екені белгілі. Әрине, оның құлдырайтын кездері де болады, дегенмен құны әрдайым өсіп келеді. 2024 жылдың 1 қаңтарында оның құны 44 мың доллар болса, 14 наурызда 73 мың доллар көлемінде саудаланды. Қазір 106 мың долларға дейін өсті. Міне, дәл осындай кезеңде биткойн туралы жарнамалар мен хабарлар көптеп тарала бастады. Осындай кезде халық алаяқтыққа ұрынып, қаржылық зардап шегіп қалмауы үшін біз өз жұмысымызды бастадық. Сөйтіп, біздің Академия жұмысы 2023 жылдың күзінде іске қосылды. Оған белгілі бір білім алған, өмірге деген көзқарасы қалыптасқан жастардан бастап 55-60 жас аралығындағы азаматтар қабылданды. Міне, содан бері 100-ге жуық адам академияға келіп, білім алды. Олардың біразымен байланыстамыз. Осылайша, біздің аналитиктер әлеуетті инвесторларды қызықтыра алатын портфель қалыптастырып үлгерді. Бұл нарық – блокчейн-технология өнімі және IT-мен тығыз байланысты. Сондықтан елге криптоинвесторларды тарту кумулятивті эффект береді. Қазір АХҚО алаңында инвес­тициялық крипто-қор құру бойынша жұмыс басталып та кетті. Мейлі, қалай десек те, бұл ретте криптонарықтың жалпы капиталдануының көлемі 2,8 трлн доллар екеніне назар аудару керек. Бұл цифр геометриялық прогрессиямен өсіп келеді. Сондықтан біз де әлемдегі осындай жедел дамып келе жатқан нарық мүмкіндігін уыстан шығарып алмауымыз керек, – дейді Tarlan Development Group LTD компаниясының бас директоры Темірлан Нұрахимов.

Кемшіліктер де жоқ емес

Бұл қаржы көзінің басты кемшілігі – оны ешбір мемлекет ресми қаржы құралы ретінде мойындамаған. Кепілдік жоқ, сақтандыру жоқ. Криптовалюта әмиянындағы жеке кілт жоғалса, ішіндегі барлық активтен айырылуыңыз мүмкін. Себебі ол кілтті қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Оған қоса, криптовалюта жүйесінің қадағаланбауы оны алаяқтық пен қылмыстық әрекеттерге пайдалануға ыңғайлы етеді. Заңсыз тауарлар сатылымынан бастап, қаражатты жылыстату жолына дейін кең ауқымды қамти алады. Осы себепті кей елдерде оған қарсы шектеу шаралары енгізіліп те үлгерді.

Айталық, 2025 жылдың 19 мамырында АҚШ Сенаты тұрақты монеталарды реттейтін алғашқы федералды заң жобасын мақұлдады. Қазіргі уақытта АҚШ үкіметі шамамен 200 000 BTC ұстайды, демек, олар – әлемдегі ең ірі биткойн иеленуші ел. Ал Жапонияның Қаржы қызметтері агенттігі (FSA) криптоактивтерді қаржылық құралдар ретінде ресми түрде тануды жоспарлап отыр. Бразилия болса қызметкерлер мен жұмыс берушілердің келісімімен жалақының бір бөлігін биткойнмен төлеуге мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдап, криптоға деген оң көзқарастарын айқын ұстанып отыр. Пәкістан крипто нарығын реттеу және халықаралық аударымдарды жеңілдету мақсатында Пәкістан крипто кеңесін құрды. Соның нәтижесінде, биткойн бағасы шамамен $106,930 деңгейіне дейін көтерілсе, 14 шілде күні 1 биткойн алғаш рет 120 мың доллардан асып рекорд жаратты.

Қазақстандағы жағдай қандай?

Біздің елде де криптовалютаға деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Жеке азаматтар ғана емес, кәсіпкерлер мен инвесторлар да бұл саланы зерттей бастаған. Тіпті қазіргі таңда Қазақстанда криптовалюта карталары қолданысқа енгізілген. Онымен ел азаматтары дүкенде сауда жасап, есеп айырыса алады. Криптовалюта картасында криптовалюта түріндегі активтер сақталады. Крипто-карта механизмі: клиент төлем жасаған сәтте оның АХҚО криптонарығындағы цифрлық активтері сатылып, сол сәтте төлем картасына (банк шотына байланған) нақты ақша түседі. Операция бір мезетте жүзеге асады және есеп айырысудың жеделдігі банк пен лицензия­ланған крипто-провайдер арасындағы крипто-фиаттық интеграция арқылы қамтамасыз етіледі.

АХҚО-да криптовалюта саудасы

Қазіргі таңда елімізде крип­товалюта саудасы тек Астана Халықаралық Қаржы Орталығы (АХҚО) аумағында тіркелген биржалар арқылы жүзеге асы­рылады. Ресми деректер бойынша, Қазақстанда 1,5 миллионға жуық азамат шетелдік криптобиржаларда тіркелген. Ал Қазақстан Ұлттық Банкі халықаралық тәжірибе негі­зінде криптонарықты реттеу бойынша ұсынымдар әзірледі. Сонымен қатар, қазірге дейін Қазақстанда ресми түрде 75 майнер тіркелген. Кейінгі 3 жылда олардың қызметтерінен түсуі тиіс салық көлемі 17,7 мил­лиард теңгені құрапты. 2024 жылғы салықтық тексерулер кезінде біршама кемшіліктер анықталып, тағы 4,9 миллиард теңге салық төленген. Олардың 2,3 миллиард теңгесі цифрлық майнинг үшін, ал 2,6 миллиард теңгесі корпоративтік кіріс салығына кіреді. Қаржылық мониторинг агенттігі 2024 жылы жалпы айналымы 60 миллиард теңгені құрайтын 36 заңсыз крипто айырбастау пунктін жойды. Сонымен қатар, 4,8 миллион USDT (шамамен 2,5 миллиард теңге) сомасына активтер бұғатталып, тәркіленді. Бұл шаралар қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру схемаларына қарсы бағытталған.

P.S: Цифрлық валюталарды бақылау – бұл қазіргі заманның үлкен сынағы. Сондықтан азаматтардың онымен заңды түрде айналысуына мүмкіндік жасау керек. Кәдімгі банктер секілді, оның да ортақ базасын дамытып, қор биржаларын ашып, жаңа ақшаның жанқалтамызға түсуіне қоғам да, мемлекет те кедергі емес, керісінше, көмек көрсетуі керек-ақ.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button