Көрермендер мен спортшылар трибунадағы қоқысты жинады

Қазақстан Премьер-лигасының 12-турындағы матчынан кейін «Астана Арена» стадионында елордалық Олимпиадалық резервтің №8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері көрермендермен бірге трибуналардағы қоқысты жинап шықты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Осылайша, жас спортшылар «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясын қолдап, көпшілік орындарға деген құрмет пен тәртіп мәдениетінің ерекше үлгісін көрсетті. Олар футболға деген сүйіспеншілік тек алаңда ғана емес, тазалыққа деген жанашырлықтан да көрінетінін дәлелдеді.
Еске салайық, «Астана Арена» стадионында Қазақстан Премьер-лигасының 12-тур ойыны өтті. Онда елордалық «Астана» командасы Көкшетаудың «Оқжетпесінен» айқын басым түсіп, өз алаңында жеңіске жетті.
Бұл жеңістен кейін «Астана» 13 матчтан соң 30 ұпай жинап, турнирлік кестеде қайтадан бірінші орынға көтерілді. Ал «Оқжетпес» 12 ойыннан кейін 20 ұпаймен бесінші орында тұр.
Келесі турда астаналық команда сырт алаңда «Ақтөбемен» кездеседі.