Көлік жүйесі – ел дамуының көрінісі

Астанаға әр күн сайын мыңға жуық жаңа автокөлік ағылуда, әсіресе таңертеңгі және кешкі қарбалас уақытта көліктердің көбейіп кететіні белгілі. Бұл кейбір тұрғындарға қиындықтар тудыруда. Осыған орай қалалық мәслихатта елорданың 2025-2035 жылдарға арналған көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасына енгізілетін өзгерістер талқыланып, ол бас шаһардағы жол кептелістері туралы ашық әңгімеге ұласты.
Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы кешенді бағдарламада қандай іс-шаралардың қалатыны және қайсысынан бас тартатыны туралы хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, кешенді бағдарламада көлік жағдайын жақсартуға бағытталған 142 іс-шара қарастырылған. Алайда қабалданған шешімдердің барлығы бірдей шынайы әрі заңнама тексерісіне сай деу қиын.
Өзгерістер аясында екі заңнамалық бастама қарастырылды. Олардың бірі тұраққа көліктерін қою ережелерін бұзған автокөліктердің дөңгелегін бұғаттауды енгізу болса, екіншісі – такси қызметін лицензиялау. Бұл екі ұсыныс та белсенді талқыланғанымен, нәтижесінде бағдарламадан алып тасталынды.
Басқарма мамандары дөңгелекті бұғаттау бастапқыда жедел қызметтердің өтуіне немесе жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін көліктердің санын шектеу үшін қарастырылғанын атап өтті. Алайда іс жүзінде бұл әдіс мәселенің оң шешілуіне көмектеспеді.
Оның орнына эвакуация қызметі құрылды, жол қозғалысын реттеуге нақты құралдар беретін заңнамаға өзгерістер енгізілді. Соңында дөңгелекті бұғаттау туралы тармақ кешенді жоспардан алынып тасталды.
Екінші тармақ – такси қызметін лицензиялау әкімдіктің өкілеттігіне кірмейтіні белгілі болды. Уақыт талабы көрсетіп отырғандай, нарық тез өзгеруде: ресми таксопарктер азайып барады, ал мобильді қосымшалар керісінше үстемдікке ие болып отыр.
Автобус паркі өсіп, маршруттар цифрландырылғанына қарамастан, қалада кептеліс жойылған жоқ. Себебі қарапайым: Астанадағы автокөліктер саны 9 айда 10%-ға артты, бұл соңғы үш жылдағы өсімнен жоғары.
Сарапшылар елорда көпшіліктің жиі бас қосатын орталығы болып қала беретінін және бұл процесс автокөліктер санының өсуін тоқтатпайтынын айтады. Сондықтан бағдарламаның негізгі ұстанымы – қала тұрғындарының жылдам әрі ыңғайлы қозғалысын қамтамасыз ету. Бұл ретте қоғамдық көлікті дамыту қажет. Оның мақсаты – жолаушылар үлесін 40%-дан 60-70%-ға дейін арттыру және қоғамдық көлікті тезірек, ыңғайлырақ, тиімдірек ету.
Ведомство өкілінің айтуынша, былтыр қалаға шамамен 300 жаңа автобус сатып алынды, бұл айтарлықтай нәтиже берді. Алайда тұрғындардың тұрақты өсуін ескере отырып, мұның жеткіліксіз екенін ұғынуға болады, сондықтан 2026 жылы автобус паркі одан әрі кеңейтіледі.
Сонымен қатар баламалы іс-шаралар да, мысалы, тұрақ орындарын басқару, қарбалас уақытты азайту үшін жұмыс уақытын ауыстыру, көлік-қатынас түйіндерін дамыту енгізілуде.
– Тұрғындардың бір көліктен екіншісіне ауысып мінуіне ерекше назар аудару қажет. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар, тексерілген шешім. Адамдар Қосшы немесе Қояндыдан қалаға жету үшін ауысу пунктіне дейін жетіп, жеке көлігін қалдырып, ЛРТ немесе басқа да қоғамдық көлікке отыра алады, – деді депутат Владислав Сергеев. – Бұл арзан, тез және қала орталығындағы кептелісті азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай мәселе елорданың жаңа бас жоспарына алдын ала енгізілуі керек, сонда артық шығын да болмайды, нәтижесі ел иігілігіне жарайды.
Сонымен қатар көлік жағдайын жақсарту үшін қосымша іс-шара ретінде Bus Lane (автобус жолақтарын) ұлғайту туралы да сөз болды. Астанада 130 км автобус жолақтары бар, оны 140 км-ге дейін кеңейту жоспарлануда. Кейбір учаскелерде қозғалыс жылдамдығы 5-10%-ға өсті, бірақ әлеуеті әлдеқайда жоғары. Мәселе – ережелерді бұзушыларда. Бұрын бақылау құралдары жеткіліксіз болса, енді Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексіне өзгерістер енгізілді.
Тұрақ «қалташаларынан» бас тартудың нәтижесінде апаттар саны азайды. Алдын ала талдау бойынша, Bus Lane жолақтарымен арнайы көліктер ғана жүретін болса, олардың тиімділігі 50%-ға дейін артады.
Алайда алғашқы нәтижелерді астаналықтар алдағы екі жыл ішінде көретін болады. 2030 жылға қарай қоғамдық көлік қызметі дамуы тиіс, ал 2035 жылға дейін жүйе мәселелерді алдын ала анықтап, алдын алу режимінде жұмыс істейтін болады.
Юлия ТЕН



