Көлік министрі Астана әуежайының жұмысын тексерді

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Астана әуежайына барып, әуежайдың негізгі қызметтерінің жұмысымен танысып, әкімдік, кеден және шекара қызметтері, сондай-ақ әуежайдың негізгі құрылымдық бөлімшелері өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Министр паспорттық бақылау аймақтарының, тексеру пункттерінің, багажды өңдеу бөлімдерінің және өзге де нысандардың жұмысын тексерді. Қызметтердің тиімділігіне, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасына, Q-Gate жүйесінің жұмыс істеуіне және паспорттық бақылаудан алдын ала онлайн өту тетіктеріне ерекше назар аударылды.
Жұмыс кеңесі барысында екінші ұшу-қону жолағын салу және аэротрополис қалыптастыру жобалары, сондай-ақ әуежайдың транзиттік тартымдылығын арттыруға бағытталған шаралар талқыланды. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-мен бірлесіп әуе кемелерін «қанатқа құю» тәсілімен жанармаймен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылғаны атап өтілді, бұл қосымша рейстерді тартуға мүмкіндік береді.
Тексеру қорытындысы бойынша Көлік министрі Астана қаласының әкімдігімен және Азаматтық авиация комитетімен бірлесіп жолаушылардың барлық рәсімдерден жайлы әрі уақтылы өтуін қамтамасыз етуді, отырғызу және рейстен шығару процестерін оңтайландыруды, багаж бөлімінің жұмысын жақсартуды, персоналды даярлау мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, кез келген жағдайларға және рейстердің кешігуі кезінде жедел әрекет етуді тапсырды. Тапсырмалардың орындалуы апталық негізде бақылауға алынды.



