Көктем музыкасының концертмейстері

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – әншілерге немесе балет әртістеріне партияларды үйренуге көмектесетін, концерттерде сүйемелдейтін (аккомпанемент) жоғары кәсіби пианист. Неміс тілінен аударғанда «концерт шебері», яғни концертмейстер.
«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының балет концермейстері Долорес Үмбетәлиевамен театр сахнасының сыртында кездесіп, мамандық сырына қанықтық.
– Концертмейстер бірінші кезекте әртістерге қарауы тиіс. Ол би ырғағына ілесе отырып, бишіге музыка арқылы тірек болып, қанат бітіреді, жеңілдік сезімін сыйлайды. Дайындықтың соңына қарай шаршаған балеринаның жай-күйін түсініп, музыка арқылы екінші тынысын ашып, күш береді. Жалпы, балет әртістерінің таңы классикалық сабақтан, яғни бойын қыздырудан басталады, осылайша олар бұлшық еттерін бидің ырғағына дайындап, кешкі қойылымдарға даярлықты шыңдайды. Осы кезде музыкалық сүйемелдеу үшін концертмейстер белгілі бір дағдыларға ие болуы керек. Жұмысын енді бастап келе жатқан жастар үшін бұл, әрине, өте күрделі шаруа. Дегенмен де оларды үйрететін, мамандықтың қыр-сырын түсіндіретін, білімімен бөлісе алатын біздер, тәжірибелі концертмейстерлер бармыз, – дейді концермейстері Долорес Үмбетәлиева.
Концермейстерден опера әлеміндегі рөлі туралы сұрадық.
– Ал мұнда бәрі керісінше, – деп жымиды ол. – Әншінің даусы – жанды материя. Ол кез келген нәрсеге, мәселен күн райына, көңіл күйге, адамның ішкі жағдайына, өмірлік күш-қуатқа тәуелді. Концертмейстер психолог әрі алғашқы сыншы болуымен қатар, ең алдымен коуч болуы керек. Яғни ол дыбыстың өзіне ғана емес, тыңдаушыға да әдемі болып естілуін, эстетикалық әрі кәсіби деңгейде шығуын бақылауы тиіс. Ол әншінің жинақталуы үшін ырғақты қашан жылдамдату керек екенін немесе дауыстың ашылуына мүмкіндік беру үшін қашан жайырақ ойнау қажет екенін сезеді. Концертмейстер әншімен бірге композитордың ескертпелері бойынша жұмыс істейді, музыкалық әрі мәтіндік дәлдікті, фразировканы пысықтайды. Бұл өзара үйлесімділікті талап ететін жұмыс, мұнда ешкім өз бетінше әрекет ете алмайды».
Долорес балетте де, операда да концертмейстер болды, жеке концерттерге де қатысты. Осынау мол тәжірибесі нәтижесінде бүгінде концертмейстерлердің «цехын» басқарып отырған бірегей маманға айналды. «Біздің әрқайсымызда өзіміздің белгілі бір білім қорымыз бар. Егер ол адам театрда еңбек етсе, әлбетте оның білімі де мол болады. Алайда театрдағы жұмыстың өз ерекшелігі бар» дейді Долорес Үмбетәлиева. Оның мақтанышы – командасы: олар – бір кездері өзі жетелеп алып келген және үйреткен, ал бүгінде оның өзіне тірек болып отырған жандар. Балетте біздің екі мықты маманымыз бар, олар – Сұлтан Ибрагимов пен Жанар Аяпбергенова. Операда – төртеу – Ирина Кургузкина, Айшабибі Асқарова, Динара Сартай, Жаңыл Сембекова, олардың барлығы да – дара маман.
Осы ретте Айшабибі Асқарованың да пікірін білудің сәті түсті. – Маған әншіге көмектесу маңызды. Бірақ біз барлығымыз адам болғандықтан, тура сахнада ыңғайсыз жағдайлар орын алатын кездер болады, кейде орындаушы речитативте мәтінді ұмытып қалуы мүмкін. Мұндай сәттерде мен үзіліс жасамау үшін әнді орындай бастаймын, мұндағы мақсат – музыка жалғаса беруі үшін бәрін білінбейтіндей етіп жасау. Біздің жұмысымыздың тағы бір бөлігі – опералық спектакльдерге дайындық. «Астана Опера» репертуарында олар қазақ, итальян, француз, орыс және басқа да тілдерде қойылады. Біз драматургияны түсінуіміз керек, клавирді, ноталарды, темпті зерттейміз, сонымен қатар осы тілдерде еркін сөйлемесек те, мәтінді сезініп, оны талдап, әншіге бағыт-бағдар беруіміз қажет. Әрине, біз кәсіби мамандармен жұмыс істейміз, олар дайындықпен келеді және көпшілігі итальян тілін жетік меңгерген. Кейде жаңа операларда кейбір нюанстарды бізге дирижерлер айтып, түсіндіреді. Жалпы алғанда, біздің жұмысымыз қызықты. Мәселен, солист ансамбльдік нөмірлерді жаттаған кезде әнші кімнен кейін және қандай фразадан соң бастайтынын түсінуі үшін біз басқа кейіпкерлердің орнына ән айтамыз, – деп сөзін түйіндеді Айшабибі Асқарова.
Қорытындылай келе, концертмейстерлер өз жұмыстары көбінесе көзге көріне бермейтінін, бірақ көрермен залда отырып жоғары өнерден шынайы ләззат алуы үшін оны әрдайым абыроймен атқаруға тырысатындарын айтты. Мұнымен келіспеуге болмайды.
Айгүл УАЙС



