Көкталда қалықтаған Тәуелсіздік рухы

Көктал – Астана қаласындағы қарқынды дамып келе жатқан шет аймақтардың бірі. Бұл ауданда бүгінгі таңда Koktal Garden School жеке меншік мектебі мен Koktal Junior Hall балаларға арналған спорт және шығармашылық орталығы табысты жұмыс істеп келеді. Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған бұл білім ордалары Көктал тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік әрі мәдени орталыққа айналған.
Айта кетсек, Koktal Garden School жеке меншік мектебінің ашылғанына биыл 3 жыл толды. Person бағдарламасы негізінде жұмыс істейтін мектепте бастауыш сынып оқушылары білім алады. Мұнда оқу процесі тек білім берумен шектелмей, балалардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға ерекше мән беріледі. Оқушылар домбыра, вокал, би үйірмелері мен спорт секцияларына белсенді қатысады.

Жеке меншік мектеп өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, отансүйгіштікке және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып келеді. Соның жарқын көріністерінің бірі – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Наз би» театрында Koktal Garden School жеке меншік мектебінің ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік – мәңгілік ел тұғыры» атты салтанатты ART-Festa мерекелік концерті болды.
Жуырда мектептің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Әйгерім Күндебекованың бастамасымен мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор шара ұйымдастырылды. Тәуелсіздік күніне арналған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткен бұл кеште балалар өнер арқылы елжандылықты, адалдықты, бірлікті және Отан алдындағы жауапкершілікті дәріптеді.
«Біздің мақсатымыз – балаларға Тәуелсіздіктің тарихи маңызын түсіндірумен қатар, әр баланың жүрегіне “Мен осы елдің азаматы боламын” деген сенімді ұялату. Өнер, музыка, театр және спорт арқылы біз өскелең ұрпаққа “Мәңгілік ел” идеясының мәнін өмірлік құндылық ретінде жеткізгіміз келеді», – дейді Koktal Garden School жеке меншік мектебінің директоры Еркегүл Наби.
Мерекелік кеш барысында қонақтар Тәуелсіздікке арналған патриоттық әндерді, Отан мен ұлттар бірлігін насихаттайтын музыкалық композицияларды тамашалады. Ұлттық және заманауи билерді мың бұрала орындаған жас бишілердің өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Домбыраның қоңыр үнімен орындалған күйлер, термелер мен ұлттық шығармалар ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар тарихи сәттер мен ұлттық құндылықтар сахналық мюзикл қойылымдары арқылы көрермен жүрегіне жол тапты. Музыкамен үйлескен спорттық көрсетілімдер жаттықтырушылар мен балалардың кәсіби шеберлігін айқын көрсетті. Кеш соңында барлық қатысушылар бірігіп орындаған «Жаса, Қазақстан!» әні мерекелік кештің шарықтау шегіне айналып, көрерменге ерекше рух пен әсер сыйлады.
Дария ЕРҒАЗИНА



