Басты ақпаратМәдениет

Көк пен қызыл

– Бүгінгі күнге риза болу керек қой, – деді Ерекең.

– Иә… содан?

– Мысалы, менің әкем не көрді? Ештеңе… Шүкір, қазір барам десең – қалаған еліңе барасың, қалаған тамағыңды жейсің, не істегің келсе – соны істейсің (екеуміздің әңгімеміз).

Астанадағы Орталық мұражайда көптен күткен жаңалық – Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылғалы біраз болды. Ерболат ерте танылды. Оның алғашқы суреттері елді елең еткізген. Қасқасудан шыққан қара торы жігіт – бүгінде әлем таныған, өнер мамандары мойындаған суреткер.

Полотнода екі жас. Бірі – көк түсті, бірі – қызыл түсті іш киімде. Оң жақта тізерлеп отырған ару. Жартылай жалаңаш. Кеудесінен төмен жағы жабық. Сол жақта – зауыт па, фабрика ма, әйтеуір өндіріс орны. Етегінде – өзеннің арнасы ма, көл ме – нусыз, қусыз, көңілсіз бірдеңе. Ерболат бұл суретті салғанда жас болатын. Ол да мынау суреттегі жастың біріндей алға ұмтылған. Көк іш киім киген көкбөрінің назары алға қарап қалыпты. Көк аспанның астында екі жігіт жүгіріп келеді. Екі дос, жолдас, замандас. Төңірек түгел тып-типыл. Бірде-бір гүл, гүлзар, ағаш көзге түспейді, тіпті шөп те шықпаған. «Жүрген жеріне шөп шықпайтын сұмырай» деген сөз еріксіз ауызға түседі. Неткен жаман сөз еді! Әлде пессимизм бе? Абстракционизм бе?

Ерболат бұл шығармасын жазғанда мынау дүние «Өтірік» болатын. «Партия – халықтың ақыл-ойы, ар-ожданы» деген өтірік ұран, жалған жар салу кезеңі-тін. Дей тұрғанмен суретке қарап екі жастың өткені жайлы, өмірі туралы толғанасың. Сонау көне заманда жер бетінде Адам ата мен Хауа анадан соң ұрпақтар болғаны, ең алғашқы бауырлардың – Қабыл мен Абылдың дос-жолдас болғаны ойға түседі. Ал анау монтиып отырған Ақлима емес пе? Иә. Көк аспанның астындағы екеу алдыңғы планда. Оң жақтағы арудың жанары төмен түскен. Әлсіз әйел. «Қай жеңгені қолымнан жетелеп кетер» дегендей. Кеудесі, қолы, иығы жалаңаш. Әлде ұялған, қысылған, қымсынған, болмаса барын да, нарын да, нәрін де көрсетпеуге тырысқан қалыпта. Бейкүнә дейсің бе, күнәсіз бойжеткен дейсің бе – белгісіз. Ал екінші жігіт қызыл түсті киім киген. Арғы жақта – қызыл зауыт, қызыл кісі, жалаңаш. Суретші Ерболаттың бұл туындысы әлі күнге өз бағасын алмаған. Оның философиясын әлі ешкім толық таба алмай жүр. Бұл сурет – көк пен қызыл тартысы. Өткен күн мен келешектің, ескі мен жаңаның, Қабыл мен Абылдың тіресі дерсің. Көк Тәңірі былай тұрсын, көкбөрінің аты аталмайтын кезең еді. Себебі мынау әлемде Кеңес елі деген планетада коммунистік қызыл дүние болу керек-тін. Тіпті іш киім де қызыл болса қандай жақсы! Қызыл армия, Қызыл алаң, Қызыл ту, қызыл қан. Бүкіл ақын-жыршының Қызылды жырлаған кезеңі.

«Советтің туған Қызыл армиясы,

Көріне көміп жауды өзі қаз­ған…» деп Сәбит Мұқанов ­жырлаған жұлдызды сәт. Идео­логияның шарықтау шегі. Бұл – жастардың ноқтаға басы сыймаған, сидырмаудан қашқан шағы-тын. Әрине, бәрі емес. Бұл – Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы аспаннан түскен, Мақатаевтың партиядан шыққан кезі, Шәмшінің үйсіз-күйсіз Алматыдан оңтүстікке ауған шағы, Набоков пен Бродскийдің, Тарковский мен Нуриевтің шетелге кеткен кезі, Высоцкийдің шыңғырған шағы. Дауылдың алдындағы тыныштық сәті болатын. Жігері бойға сыймаған жас таланттардың Қасқасудың ағысқа қарсы жүзген қара балығындай қоғамға қарсы ой түрген кезі. Иә, мынау сол көрініс. Сол сурет. Махамбет айтқандай: «Мен бір шарға ұстаған балта едім…» кез-тін.

Британия академиясының мүшесі, жазушы, өнертанушы Кеннет Кларк – бейнелеу өнерін бағалаушы ұлы тұлға. Оның әр хабары су түбінен терген маржан секілді. Өздеріңіз білетін әйгілі «Цивилизация» хабарының авторы. Оның кітаптарынан түйгенім – суретті көзбен көріп, жүрекпен ұғу керек. Иә, жүрекпен. Француз жазушысы, эссеист Марсель Пруст: «Суретші болашақты болжайтын, бағдарлайтын, бағамдайтын, сезетін, секем алатын сегізаяқтың түктеріне ұқсас түйсікке ие» депті. Ерболаттың бұл суретіне ұз-а-а-а-ақ қарау керек. Оның бояуы бір сәт найзағайдай жарқ етіп, көзіңді қариды. Қып-қызыл түске қарау оңай емес. Күнге ұзақ қараған жанның жанары жасиды. Көпке дейін көре алмайсың. Қызыл бояу дәл солай. Ерболат суретшінің суреткерге ұласқан шағында бояу солай сөйлейді – көзіңді қариды, жанарыңды жасқайды. Дей тұрғанмен бұл суретте көк түс көп. Олардың атын да, атауын да білу мүмкін емес. Ол түстер көңілдің ояуы мен суретшінің бояуында. Оған тілім де, білім де жетер емес. Көк түс, аспан көк, көгілдір, қара көк, боз көк, шым көк, мұз көк, суық көк, тағы-тағы Ерболаттың көк түсінде сан жоқ, тек сана бар, түйсік қана… Бәсе-бәсе, сонау ата-бабамыз алыстағы аспанды Көк Тәңір деп атауы бекер емес екен-ау. Өкінішке қарай, бізде сурет салу былай тұрсын, салған суретті түйсігімен ұғатын, түсінетін тұлғалар қалмады-ау. Суретті суретші қолындағы бояумен емес, жүрегі ояу кезеңде салар. Мастерской – қазақша шеберхана. «Ұлытауға бардың ба? Ұлар етін жедің бе?» деген биіктік жайлы тәмсіл бар. Суретшіні білгің келсе, сол шеберханаға бармай, қоңыр кеседен шай ішпесең, мың сан бояу мен мольбертке қарап эскиздердің ортасына отырмасаң, әртүрлі бюсттің ішінде басың қатпаса, күл салғыш – консервінің қалбырын көрмесең – суретшіні білмегенің. Суретшіні білу үшін суретші боп туу керек, болмаса сәл қуу керек.

Төлепбайдың төлі Италияда, болмаса Парижде туған жоқ. Төлепбайдың Ерболаты тауға қарап тамсанып, көшкен бұлт­қа қызығып өсті. Бір қызығы, Қасқасудан 18 кәсіби суретші шыққан деседі.

…Сол жақ төмендегі жалаңаш тұрған кім? Бойында лыпасы жоқ қызыл адам кім болады? Теріс қарап, мөлиіп тұр. Алдындағы үйшікке қарай ма? Неге киімсіз? Ескексіз қайықтың қасында тұрған есі ауысқан еркек. Абстракция. Сол қолымен әбиірін жаба ма, әлде керісінше ме? Тастан басқа, тұл жетім жағада ешкіден басқа ештеңе көзге түспейді. Тіпті суретшінің сүйікті жылқысы да көрінбейді. Шамасы, мольберттің сыртына шауып кетті ме. Әлде «ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде» ме? Қызыл түсті іш киім киген бозбала көзін көлегейлеп, бетін жапқан. Аспанда күн көрінбейді. Көзге түсер сәуле жоқ. Онда неге ол жігіт бетін жабады? Қабыл ма дейсің амалсыз. Абылын құртқан адамның іштен шыққан жалыны, ары, ұяты оның жүзін өртеген бе, әлде қалай? Көк пен қызыл. Қызыл киген мына жігіт өкіне ме, өмірінің өтірікпен өткеніне қинала ма – белгісіз. Аспан да көк, су да көк.

P.S. Ерболат Төлепбай – классикалық сурет өнеріндегі даңғылдан шығып, дара жол салған дарын иесі. Жо-жоқ, Василий Кандинский, Пит Мондриан, Казимир Малевичке де ұқсамайды. Исаның жолы бір басқа, Мұсаның жолы бір басқа. Ерболат Төлепбай – өз жолын, өз қолтаңбасын қалыптастырған қазақ суретшісі. Жо-жоқ, суреткері, тұлғасы!

 Талғат ТЕМЕНОВ,

кинорежиссер,

Қазақстанның халық әртісі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button