Қала мен сала

Көгалдандыру – ерекше назарда

Бас шаһардың ғажап ғимараттары ең көп орналасқаны Есіл ауданы екені белгілі. Өзге аудан тұрғындары мен туристер көп аялдайтын аудан ішінде жеңіл көліктің де қарасы қалың. Сондықтан әр көше мен жаяу жүргіншілер жолы, сондай-ақ саябақтар мен өзге де ашық аспан астындағы демалыс орындарының күтімі басты назарда болары анық. Аталған аудан бойынша биылғы абаттандыру бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасап көрдік.

Есіл ауданында қалалық ортаны жаңарту және қалпына келтіру жұмысы басталғалы көп болған. 18 наурыздан бастап елорданың негізгі қоғамдық кеңістіктерін қамтитын Мәдениет және демалыс саябағы, Нұржол бульвары, әл-Фараби мешіті жанындағы алаң, Есіл өзенінің жағалауы, Д.Қонаев көшесіндегі дипломатия қалашығындағы алаң, ЭКСПО алаңы, Есіл өзені бо­йындағы саябақ, «Астана Балет» театры алдындағы алаң, сондай-ақ Ақмешіт, Сарайшық, Ұлы дала, Гейдар Әлиев, Орынбор, Түркістан және Мәңгілік ел көше, даңғылдарын көркейту жұмысы қарқынды жүруде. Бұдан бөлек, Достық көшесі жие­гіне (Мәңгілік ел даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейін), Қазақ радиосы көшесі, Сауран көшесі (Достық көшесінен Алматы көшесіне дейін) брусчатка және жиектастар төсеу жұмысы да осы сапта.

«Ауданда көгалдандыруға ерекше назар аударылуда. Хусейн Бен Талал, Ә.Кекілбаев, Жошы хан көшелері бойында, Ботаникалық бақ, Мәдениет және демалыс саябағы, ­Г.Әлиев көшесі, «Астана Балет» театры жанына және ЭКСПО аумағына 7 мыңнан астам түрлі ағаш отырғызылды. Егілген тал-көшеттің көбі қайың, қарағаш, қарағай, шырша, алма ағашынан тұрады. Әсіресе Керей-Жәнібек хандар көшесінің бойындағы бөлікті ерекше атап өткен жөн. Бұл жерде 800-ден астам қарағаш, 450-ден астам қарағай, ашық тамырлы шамамен 18 мың қарағаш отырғызылды. Бұл аумақта көшет отырғызу жұмысы көше салынған кезден бері алғаш рет жүргізілуде» дейді Есіл ауданы әкімінің кеңесшісі Құралай Слямбекова.

Оның айтуынша, жалпы биыл Есіл ауданында көгалдандыру бағдарламасы аясында 16 мыңнан астам ағаш және 68 мыңнан астам бұта мен көпжылдық өсімдіктер отыр­ғызу жоспарлануда.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button