«Климат күтпейді» жазғы лагері өтті

10–14 шілде аралығында Зерендіде «Климат күтпейді» атты жазғы климаттық лагері өтті. Бұл – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 40-тан астам оқушы мен 20-ға жуық мұғалімді біріктірген білім беру бастамасы. Лагерь Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының өкілдігі, Оқу-ағарту министрлігі, Су ресурстары және ирригация министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, сондай-ақ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясының қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шара климаттық білім беру саласындағы идеялармен, біліммен және шабытпен өзара бөлісуге арналған ашық алаңға айналды.
Лагерьдің мақсаты – оқушылардың климаттың өзгеруіне деген саналы көзқарасын қалыптастыру, көшбасшылық қабілеттерін және жобалық ойлауын дамыту. Бұл міндеттер интерактивті оқыту, командалық жұмыс және зерттеу қызметі арқылы жүзеге асырылды. Төрт күн бойы қатысушылар биологиялық әртүрлілік, климаттық осалдық, энергия тиімділігі мен су үнемдеу тақырыптарын зерттеді.
Лагерьдің ресми ашылуы 11 шілде күні мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен өтті. Қатысушыларды қарсы алған БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов өз сөзінде атап өтті:
«Климат – бұл жалғыз күресе алмайтын жаһандық сын-қатер. Сол себепті біз экологиялық ағартушылыққа, көшбасшылық дағдыларды дамытуға және оқушылар арасындағы жобалық-зерттеу жұмыстарына баса мән береміз. Сендер – ертеңгі күннің климат көшбасшыларысыңдар», – деді ол.
Лагерь бағдарламасына дәрістер, шеберлік сабақтары, тренингтер, квесттер мен шығармашылық тапсырмалар енді. Қатысушылар өздерінің климатқа қатысты жобаларын ұсынды және бір-бірімен тәжірибе алмасты. Ерекше назар БҰҰДБ әзірлеген жаңартылған оқу-әдістемелік жинақ – «Климаттық қобдишаға» аударылды. Бұл құрал климат тақырыбын балалар мен жасөспірімдерге қолжетімді әрі қызықты тілде түсіндіруге мүмкіндік береді.
Лагерьдегі жарқын күндердің бірі — Су күні болды. Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі жанындағы Су ресурстары бойынша ақпараттық-талдау орталығы ұйымдастырды. Қатысушылар «Соңғы тамшыны іздеуде» атты квестке қатысып, «Менің қамқор тамшым» атты бейнероликтер байқауына қатысты және суды үнемдеудің маңыздылығы туралы арт-инсталляциялар жасады.
Лагерьдің үшінші күні климаттық осалдық пен климаттың өзгеруіне бейімделу тақырыбына арналды. Бағдарлама аясында «Климат дегеніміз не және ол неге өзгереді?» атты интерактивті дәріс, климаттық қауіп-қатерлер картасымен топтық жұмыс, климаттық төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекет бойынша тренинг және энергия үнемдеу мен тиімділікке арналған практикалық сессия өтті. Күннің соңында қатысушылар «Не? Қайда? Қашан? Климатпен» атты экологиялық тақырыптағы зияткерлік турнирге қатысты.
Күннің форматы теория мен практиканы біріктірді – бұл оқушылар мен мұғалімдерді қатар тартуға мүмкіндік берді. Мұғалімдер үшін бұл – климат тақырыбында жаңа оқыту тәсілдерін меңгеруге тамаша мүмкіндік болды. Биология пәнінің бір мұғалімі сабақтарын заманауи және тартымды ету үшін өз оқыту әдістерін қайта қарастыратынын атап өтті.
Лагерь салтанатты рәсіммен аяқталды: қатысушыларға сертификаттар табысталып, алған әсерлерімен бөлісті. Олар үйлеріне жаңа біліммен, ниеттес командамен және маңызды түсінікпен оралды: климат күтпейді — әрекет дәл бүгін бастаған жөн!