“Климат: кері санақ” журналистер байқауы өтуде

Байқау Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні (5 маусым) басталды, ал жеңімпаздар Халықаралық көгілдір аспан үшін таза ауа күні (7 қыркүйек) жарияланады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бүгінгі таңда адамзат тап болып отырған төтенше климаттық жағдай, биоалуантүрліліктің жоғалуы тиісінше және дереу әрекет етуді талап етеді. Климаттың өзгеруі қазіргі уақытта ең кең таралған және қауіп төндіретін дағдарыстардың бірі болып табылады, оны БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш қазіргі заманның ең үлкен сын-қатері деп атады. Климаттың өзгеруі тіршілігімізге қауіп төндіреді, сондықтан тез арада ерекше көңіл бөлетін басымдықтарды айқындап, әрекет ету керек, оның үстіне қолайлы шешімдер де бар әрі қолжетімді. Атап айтқанда Париж келісіміне сәйкес жаһандық температураның көтерілуін Цельсий бойынша 1,5 градусқа дейін төмендету – кезек күттірмейтін мәселе. Елдер, компаниялар немесе азаматтар қолға алып жатқан климаттың өзгеруімен күрес ғаламшарымызға ғана емес, сонымен қатар адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатына да пайдасын тигізуі мүмкін. Климат саласындағы іс-әрекет COVID-19 пандемиясынан кейін бәріміз көргіміз келетін әлемді құру үшін қажет.
Климаттың өзгеруі және биоалуантүрліліктің жоғалуы Қазақстанға қалай әсер етеді, біздің денсаулығымыз, экономикамыз, азық-түлікпен қамтамасыз ету, тіршілігімізге арқау болған күллі табиғат үшін нені білдіреді? Қазақстанда климаттың өзгеруіне бейімделудің немесе оның әсерін жұмсартудың қандай жолдары бар?
Қазақстандағы БҰҰДБ қазақстандық журналистер мен блогерлерге қоршаған ортаны қорғау игілігі үшін өз дағдыларын көрсету және бағалы сыйлықтар ұтып алу мүмкіндігін ұсынады.
Біздің міндетіміз – климаттың өзгеруі туралы хабардарлықты арттыру, осылайша оны қоғамдық күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналдыру, соның арқасында адамдарды шешім табуға шабыттандыру және ынталандыру.
Шарттары:
-
Журналистер мен блогерлер Қазақстанның баспа және электронды БАҚ-да климаттың өзгеруінен, биоалуантүрліліктің жоғалуынан Қазақстанға төнетін қауіп туралы хабардарлықты арттыруға мүмкіндік беретін, климаттың өзгеруінің салдарын жұмсарту немесе соған бейімделудің ықтимал шешімдерін ұсынатын көлемі 800 сөзге дейінгі мақала жіберу арқылы байқауға қатысуға шақырылады.
-
Мақала баспа және/немесе онлайн БАҚ-да, ақпараттық бюллетеньде, веб-сайтта немесе блогта жарияланған, нақты деректерге негізделген мақала болуы тиіс. Мақаланы қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде жазуға болады.
-
БҰҰДБ қызметкерлері мен серіктестерінен құралған қазылар алқасы мақалаларды келесі критерийлер бойынша бағалайды:
-
Оқиғаны баяндау үшін таңдалған материалды ұсынудың шығармашылық тәсілі және бірегейлігі;
-
Мақаланы дайындау үшін жүргізілген зерттеу деңгейі;
-
Мақаланың мемлекеттік қызметкерлерді/кәсіпкерлерді/азаматтық секторды/жеке тұлғаларды климаттың өзгеруімен күресу үшін әрекет етуге шабыттандыру немесе ынталандыру деңгейі.
-
Бірінші, екінші және үшінші орындарға ие болған жеңімпаздар әр тақырыптық бағыт бойынша (климат және биоалуантүрлілік) бағалы жүлделермен мараптталады. Байқау қорытындысы бойынша үш жеңімпаз да Қазақстандағы БҰҰДБ атынан сертификат алады.
-
Барлық ұсынылған мақалалардың авторлары өз жұмыстарына құқықтарын сақтап қалады. Авторлар мақалаларын жіберу арқылы БҰҰДБ-ға оларды әр кез авторларын және БАҚ көрсете отырып, коммерциялық емес мақсатта пайдалану құқығын береді. БҰҰДБ тарапынан материалдарды коммерциялық пайдалану автордың және БАҚ келісімін талап етеді.
-
Авторларға мақалаларына фотосуреттерді қосу ұсынылады, бірақ олар сондай фотосуреттерді пайдалану құқықтары бар екеніне көз жеткізуі тиіс. Авторлар жүлдесінің бір бөлігін мақаланы дайындауға үлес қосқан басқа әріптестерімен бөлісуді таңдай алады (зерттеу, фотосуреттер және т.б.). БҰҰДБ әр мақалаға бір ғана жүлде береді, оны қалай үлестіруді мақаланы дайындауға қанша адам қатысқанына қарамастан, байқау жеңімпазы анықтайды.
-
Байқауға 18 жасқа толған, Қазақстанда тұратын қатысушылар шақырылады. Басқа елдерде тұратындар да байқауға қатыса алады, бірақ жүлделер мен аталған сертификаттарды алуға құқығы жоқ. БҰҰДБ қызметкерлері, кеңесшілері мен тағылымгерлері де байқауға қатыса алады, бірақ жүлде алуға құқығы жоқ. Жүлде алуға құқығы жоқ, бірақ мақаласын қазылар алқасы таңдаған кез келген қатысушы Қазақстандағы БҰҰДБ атынан сертификат алады. Материалдар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады. Қатысушылардың ағылшын тілін білуі құпталады.
-
Байқауға тек жеке тұлғалар ғана қатыса алады. Қатысушылар өз атынан жіберілген жұмыстардың авторы және авторлық құқықтардың иесі болуы тиіс. Материал басқа автордың шығармасының аудармасы немесе бейімдемесі емес, түпнұсқа туынды болуы тиіс. Әр үміткер қанша қаласа, сонша мақала ұсына алады.
-
Өтініштер PDF және Word форматында ұсынылып, climate.challenge.kz@gmail.comмекенжайына жіберіледі және 5 маусымнан (Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінен) бастап 2025 жылдың 31 шілдесінің аяғына дейін (23:59 Астана уақыты бойынша) қабылданады.
-
Мақала файлынан басқа әрбір мақалаға автордың толық аты-жөні, азаматтығы, Қазақстанда тұратын қаласы, лауазымы, БАҚ немесе блог атауы, Интернетте жарияланған мақалаға сілтеме және мақаланы жазуға не түрткі болғанының қысқаша сипаттамасы (150 сөзден көп емес) көрсетілген Word немесе PDF құжаты қоса жіберілуі тиіс. Құжатта сондай-ақ мақаланы дайындауда автормен бірлесіп жұмыс істеген адамдардың (фотограф, бірлескен автор, зерттеуші және т.б.) аты-жөні көрсетілуі керек. Мақала таңдалған жағдайда жоғарыда айтылғандай, жүлдені тек негізгі автор алады, тек соған ғана жүлдені команда мүшелері арасында үлестіру туралы шешім қабылдау құқығы беріледі.
-
Қазақстандағы БҰҰДБ жеңімпаздарды БҰҰДБ веб-сайтында және әлеуметтік желілерде жариялайды және 7 қыркүйектен бастап өз әлеуметтік желілерінде жіберілген мақалалардың топтамасын көрсете алады.