Мәдениет

Классикалық өнер мен Цифрландыру

Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланды. 4 ақпан күні «Астана Опера» театры «Бақшасарай бұрқағы» спектаклі арқылы классикалық өнер цифрландыру дәуірімен қалай ұштасатынын көрсетеді.

Жалпы бұл өнер ошағында сәулелі партитура мен бейне-контенттен бастап дыбыс режиссерлерінің, реквизиторлар мен костюмерлік цех жұмысына дейін барлығы цифрландырылған. Театр директорының орынбасары Виктор Караренің айтуынша, мұның бәрі сахнаның орталық компьютерінің көмегімен сақталып, қолданылады. Күрделі спектакльдер соның көмегімен өтеді. Бұл механизм тіпті инженерлік желілерді қамтып, көрермендер залындағы қолайлы температураны да ұстап тұрады. Цифрландыру – декорацияларды монтаждаудан бастап дайындықтар мен көрсетілімдерге дейін барлық қызметті үйлестіреді және жоспарлайды, логистиканы жақсартатын кешенді ақпараттық жүйелерді енгізеді.

Арнайы әсерлер өнер өрлеуі­нің жарқын көрінісіне айналды. Егер бұған дейін сахнада өртті көрсету үшін жел көмегімен көтерілетін қызғылт-сары мата қолданылса, қазір күрделі цифр­лық жүйелер пайдаланылады. Енді түтінді немесе пиротехника әсерін сахнадан 50 метр жерде орналасқан пульттің көмегімен іске қосуға болады.

Театрда мұндай технологиялар қолданылған алғашқы спектакльдердің бірі – Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балеті. Қазіргі таңда театрдың құрал-жабдығы едәуір кеңейді. Бұл қатарға 3D-проекциялар, фронталды бейне мэппинг, LED-экрандар, күрделі көтергіш механизмдері мен пневматика қосылды. Мұның бәрі цифрлық жүйелермен басқарылады. Қазіргі кездегі заманауи технологиялар ең көп қолданылатын спектакльдер­дің бірі – «Турандот» операсы. Мұнда көрермендер табиғи жауынды, Турандот ханшайымның жердің астынан, ал әртістердің айдаһардың басынан шығатын сәтін көре алады.

«Цифрлық технологиялар кө­рермендер тамашалайтын дүниені де, сондай-ақ шымылдықтың арғы жағындағы көзге көрінбейтін жұмысты да түбегейлі өзгертеді. Цифрландыру барлық алаңдағы әрбір құрылымдық бөлімшенің жұмысын өте жақсы жоспарлауға және ұйымдастыруға мүмкіндік береді» дейді Виктор Караре.

Ол Цифрландыру және жасанды интеллект жылы қағаз жүзінде емес, нақты істе көрініс тауып жатқанын атап өтті. Бұрын сценография жобалары мен қойылым жұмыстарын іске асыру департаменті сызбаларды қағазда салса, қазір барлығы электрондық форматқа көшірілген. Цифрландыру театрға уақыт сұранысына сай қадам басуға, ауқымды да әсерлі спектакльдерді қоюға мүмкіндік берді. Күнделікті істелетін жұмысты жеңілдетіп, қызметкерлер мен әртістердің шаруаларын азайтты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button