Руханият

«Классик ұстаханасында»: Төлен Әбдікпен шығармашылық лабораториясына сапар

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының бастамасымен жаңа әдеби жоба – «Классик ұстаханасы» өз жұмысын бастады. Бұл жоба – қазақ әдебиетінің тірі аңыздарына айналған қаламгерлердің шығармашылық лабораториясына терең үңіліп, кейінгі буынмен тәжірибе алмасуын көздейтін тың бастама.

«Классик ұстаханасының» алғашқы қонағы – көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ прозасының дара тұлғасы Төлен Әбдік болды. «Жазушы лабораториясы» атты шығармашылық кездесуде Төлен Әбдік өз өмір жолы мен жазушылық тәжірибесі туралы кеңінен әңгімеледі.

Жазушы лекция барысында тек әдебиет төңірегінде ғана емес, адамзаттық құндылықтар, рухани ізденіс, ой бостандығы мен шығармашылық еркіндік туралы да кең көлемде сөз қозғады. Ол өзінің шығаромашылық ізденісінің жолында шетел әдебиетіне ерекше қызығушылық танытып, Шарль Бодлер, Жан-Поль Сартр, Эрнест Хемингуэй, Альбер Камю сияқты жазушыларды оқығанын айтты. Солардың әсерінен дүниетанымы өзгеріп, «Ой бостандығы деген ұғым барын, сөз бостандығы адам болмысының өзегі екенін, барлық адам (ұлт) тең, бірдей құқыққа ие екенін» түсінгенін жеткізді. Бұл – жазушының өмірлік философиясының іргетасын қалаған сәт еді.

Алғашқы әңгімесі «Райхан»

Кездесу барысында Төлен Әбдік алғашқы әңгімесін «Райхан» деген атпен үшінші курс оқып жүрген кезінде жазғанын айтып, ол кезде өзін бірден «жазушы болып кеттік» деп ойлап бала қиял, балаң мінезбен жастықтың желігіне де ергенін еске алып күлді.
– Сөйтсек, жазушылық бір әңгімені жазумен келмейді екен. Ол – ұзақ әрі үздіксіз еңбек пен ізденістің жолы екен, – деді.
Ал, кейінгі жазылған «Қонақтар» атты әңгімесінде жазушы ұрпақтар арасындағы үзіліс мәселесін көтереді. Шетелге оқуға кеткен баласы мен ауылда қалып қойған ата-ана тағдыры арқылы заман мен буын алшақтығын, мәдениет пен құндылықтар арасындағы алшақтықты терең бейнелейді.
Ол турасында:
– Ұрпақ пен ұрпақтың арасындағы байланыс үзілген сәтте, халықтың болмысы өзгереді, – деп түйді жазушы.

«Әке» әңгімесінің арқауы

Енді бірде «әкем өмірден өтер шағында туыс-туған, бала-шағасын жинап алып, өзінің соңғы сапары жайлы әңгіме қозғады. Сүйекті кім жуады? Қалай жерлейсіңдер? Алыс-жақыннан келген құда-жекжатты қалай жөнелтесіңдер? Деген сыңайда шағын кеңес құрды. Бұл — бір жағынан өз өсиеті де болатын. Сол сәтте, өлім аузында отырып, бөтен біреудің емес, өз өлімін сабырмен сөз еткен әкемнің бейнесі мені қатты таңғалдырды. Қорқынышсыз, ерекше бір байсалдылықпен, сабырмен бізге бәрін тапсырып отырды. Ол сөздері маған терең әсер етті. Сол кезде мен «өмір бойы кітап оқып, білім жинасақ та, дәл мұндай сабырлықты, дәл осындай өмірмен қоштасудың алдындағы әке бойындағы салмақтылығын ешбір кітап үйретпепті ғой» деген ойға қалдым. Кейін осы оқиғаның әсерінен «Әке» атты шығармамды жаздым» деп әңгімесін сабақтады классик.

«Оң қол» туралы ой

Әңгіме барысында автор өзінің «Оң қол» шығармасы турасында да тоқталды. Бұл туындысын жазу барысында Достоевский, Ницше сияқты ойшылдарды оқып жүргенін айтты.
– Адамның бойындағы жаман ой өлмейді. Жаман әрекет – жаман ойдан басталады. Егер ойымызды таза ұстасақ, жанымыз да тазарады. Адам – ең алдымен ішкі ойымен адам, – деді ол.

Жазушының азаматтық ұстанымы

Кездесу барысында жазушы өзінің тек әдебиетпен шектелмейтінін, азамат ретінде де белсенді ұстанымда екенін көрсетті.
– Мен Кеңес үкіметінің жүргізген саясатына, идеологиясына түбегейлі қарсы болдым. Бірақ әлі де біздің қоғамда өткен тарихын мақтан тұтатын, сол кездегі өз заманының тираны болғандарды тұлға ретінде дәріптейтін адамдар бар. Шын мәнінде кешегі бабаларымыз батыр болған, бай болған деп олардың зұлымдығын ұрпағына мұра етіп, оны мақтан ету – надандық, – деп бір тоқталды.

Ол сонымен бірге бүгінгі заманның да «көзқарас шайқасына» толы екенін, «Парасат майданы» повесін жазуда осы идеялар мен дүниетанымдық қақтығыстардың негізгі арқау болғанын атап өтті.

Күндіз отырмай,түнде ұйықтамай жазған

Жазушының ең үлкен күресі – уақытпен күрес екені де бәрімізге аян. Әрбір шығармашылық адамы жазу үстелінде отырып ой арпалысын кешетіні, оны қағазға түсіріп үлгергенше неше түрлі кедергілер мен ішкі толғаныстарды көретіні анық. Міне, осындай сынақтарды Төлен Әбдік те бастан өткерген. Бұл турасында ол өзінің «Өліара» романын жазу барысындағы қиындықтарын еске алып, былай деді:
«Кешкі сегізден таңғы сегізге дейін тапжылмай отырып жазатынмын. Он күн бойы сол тәртіппен жұмыс істеп, романды бітіріп шықтым» деді.
Досқа деген махаббат

Кездесу соңында жазушы өзінің қаламдас достары, әдеби орта туралы да жылы естеліктерімен бөлісті. Соның ішінде Дулат Исабековпен бірге бір шағын ауданда тұрған кездерін, мектепке балаларын бірге апарып алып келетіндіктерін айтып сағынышпен еске алды.
– Сол кезде адамның өмірін қызықты ететін де, мәнді ететін де – достық екенін ұқтым. Шынайы достық – өмірге сәуле түсіретін құндылық, – деді ол.

Осылайша, «Классик ұстаханасы» жобасының алғашқы қонағы Төлен Әбдіктің шығармашылық шеберханасына сапар жасай отырып, оның әдебиеті мен өмірлік философиясының тереңдігін түсінуге мүмкіндік туды. Бұл кездесуде сөз бостандығы, рухани ізденіс және шығармашылық еркіндік мәселелері төңірегінде көп мағыналы ойлар айтылды. Қазақ прозасының бүгінгі дара тұлғасының шығармашылық жолы мен адамгершілік ұстанымдары жас буынға үлгі болары анық.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button