Кітапханашы ақындар мүшәйрасы

Ұлттық академиялық кітапханада тұңғыш рет кітапханашылар мен кітапхана саласында қызмет ететін ақындар арасында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Абайдың алып айдыны» атты республикалық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылып, жүлдегерлерді марапаттау салтанаты өтті.
Мәдениет пен әдебиетті, ұлттық ғылым мен өнерді қолдау, кітапхана мен кітапханашы еңбегін насихаттау мақсатында өткен байқауға қатысуға 100-ге жуық үміткер өтінім жіберіп, 75 қатысушы өзара бақ сынасты.
Байқауға зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар қазылық етті. Аталмыш кітапхана басшысы Күміс Сейітова жиналғандарды Абай тойымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Кітапхананың ғылыми хатшысы, халықаралық «Абай қорының» басқарма мүшесі Аслан Ғафуров, мүшәйраның қазылар алқасының төрағасы, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров, ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлы жыр додасының маңыздылығына тоқталды.
Бас жүлдеге тігілген 500 мың теңгені Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкері Ақжол Түменбай жеңіп алды. Бірінші орын (300 мың теңге) Алматы қаласындағы орталық кітапханалар жүйесі №4 кітапхана филиалының басшысы Әлия Іңкәрбекке бұйырды. Екі екінші орынды (200 мың теңгеден) Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкері Анаргүл Шалғынбай мен Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Дана Исағұлқызы еншіледі. Үшінші орын (100 мың теңгеден) төрт ақынға берілді. Олар – Ұлытау облысы, Ұлытау ауданы, Пионер ауылының мектеп кітапханашысы Алтынкүл Қыпшақбаева, Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кітапхананың қызметкері Толқын Нұрсәуле, Ақмола облысы, Қосшы қаласындағы орталық кітапхананың қызметкері Сымбат Қуандықова, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының қызметкері Аманжол Исламғали.
Сондай-ақ Абай атындағы және Оралхан Бөкей атындағы арнайы сыйлықтар, Ұлттық академиялық кітапхана кәсіподағының арнайы сыйлығы мен ынтыландыру сыйлықтары иелерін тапты.
Жыр мүшәйрасының жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтармен қатар, арнайы дипломдар мен «Абай – 180 жыл» мерейтойлық төсбелгісі, осы мүшәйра өлеңдерінен құрастырылып басылған «Абайдың алып айдыны» атты кітап табыс етілді.