Кірме сөздер неге көбейді?

«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы» деген Абай сөзіне қалай деп жауап берсек екен? Мөңке бидің «Ақырзаман боларда сөздің киесі кетіп, самалы қалады» дегені бар ғой. Сол заман келді. Кешегі Алаш арыстарының «Оян, қазақ!» деп ұрандағанда көшеге шығып айғайлап, ұрандат деген жоқ, қаныңдағы тілің мен діліңді оят деді.
Кез келген ұлттың тілі – дүниеге өзімен бірге келетін, қанында жазылған қасиетті коды. Біздің қанымыздағы ұлт тілінің коды қалың ұйқыда. Ана тілінде сөз айтса ұқпайтын ұрпақ, ана тілінде сөйлемеген соң, ата-анасын сыйлай білмейді. Оған Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы ешуақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дегені айқын айғақ. Қандағы ұлттық кодты ояту үшін ұлт тілін, ділін дамытуға айрықша назар аударылуы қажет. Абайдың:
«Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған» деген құдіретті сөз өнері ғана тамыр-тамырды қуалап, бойыңды дір еткізетін қасиетке ие. Яғни біздің қанымызда ұлт тіліндегі әр сөз сақталған. Кейбір сөздерді естігенде бойыңды құмырсқа жүріп өткендей күй кешіп, көзімізге жас келетіні – осы құдірет.
Сөз экологиясы, тіл экологиясы – айтпай келетін дерт. Аузы бардың барлығы «шешен», ақшасы бардың барлығы «көсем» заманда «мемлекет тілінде сөйле, қазақша жауап бер» деп құр босқа ұрандағаннан пайда жоқ. «Көсемсіп», «шешенсіп» жүргенде ана тіліміз тек қатынас құралы, терминология тіліне айналып бара жатыр. Ұлт ретінде жеке отау тігіп, бөркімізді аспанға атып жүргенде, ана тілімізде қанша сөздің орнына «бөтен сөз» қонжиып алғанын білесіздер ме?
Ұлттың тілі – менімен бірге жаралған менің жанымның тілі. Түпсанам тіліме тікелей байланысты. Ал жанымның, арым мен намысымның тазалығы тіліме байланысты. Тілім кедейленсе, жаным бірге кедейленеді. Әр сөздің киесі бар. Күн сайын ана тіліме жаңа терминология кірген сайын жан түбінде жатқан тіл-арыстаным ақырғанның орнына марғау тартып, мысыққа айналып мияулайтын сияқты… Әлсіреп бара жатқан жан-иманыма қуат деп мешітке барсам, ондағылар «Аллаһым», «сахаба», «машалла», «уәжіп», «мәхрүк», «харам», «уағыз», «мүфтият», «жаһаннам», «мәшһар», т. б. деп араби тілімен «уағыз» айтады. Қазақ тіліндегі арабизмдер – қазақ тіліне тікелей араб тілінен немесе парсы, түрік тілдерінің әсер етуімен еніп, қазақ сөз қорының бөлігіне айналған 3000-ға жуық арабизм бүгінде қазақ тілінде кеңінен қолданылады екен. Ең алдымен, араб сөздерінің қазақ тіліне кіруінің басталуы қазақтар арасындағы ислам дінінің таралуымен байланысты.
Қазақ тіліндегі диалектикалық тіл ерекшеліктеріне мән беріп, тілдік өзгешеліктердің өзіндік себептері болатынын және ондай кірме сөздердің ана тілімізді байытуға зор үлес қосатыны жөнінде алғаш рет аңғарып, мақала жазған жазушы Жүсіпбек Аймауытов болды. Мақала 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде «Тіл туралы» деген тақырыпта жарияланған. Автор қандай тіл болсын таза тілдің болмайтынын, оның басқа тілдермен қарым-қатынас жасау нәтижесінде көптеген сөздің күнделікті қолданысқа еніп, сіңіп кететінін және қазақ тілі де осындай сөздермен толығып отырғаны туралы айтады. Мәселен, Түркияда ана тілі ретінде сөйлейтіндердің саны – 60-67 миллион шамасында, бұл бүкіл халық санының 90-93 пайызына тең, ал дүние жүзі бойынша түрік тілі 65-73 миллион адамның ана тілі екен. Түрік тілін ана тілі немесе екінші тіл ретінде Түркияның барлық дерлік азаматы сөйлей алады. Алайда Түркиядағы азшылық этникалық топтардың өзі де түрік тілін ана тіліне тең деңгейде біледі.
Шеттілдік терминдердің кез келген тілге енуіне, ең алдымен, қазіргі кезде ғылым мен техниканың дамуы себеп болып отырғаны белгілі. Кез келген тілде сөз алмасу, әдеби тілде болсын, терминологиялық жүйеде болсын, заңды құбылыс. Мәселе сөз қабылдауда емес, олардың тілімізге қалай қабылдануында болып отыр. Тілімізге кірме сөздерді қабылдау мен қолдану, оларды орфографиялық жүйеге сәйкес жазу мәселесі ғасырлар бойы күн тәртібінен түскен емес. Бұл турасында Ахмет Байтұрсынов: «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңымен үйлестіріп алғанда солай алуға біздің де қақымыз бар» деді. Ал Халел Досмұхамедұлы: «Тілге кірген жат сөздер сіңу үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе, жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді» деп сырттан келген сөздерді икемдеп қолдануды ескереді.
Кейін жат сөздерді қабылдаудың жаңа тәртібін белгілеп, кірме сөздерді өзгеріссіз қабылдауға көштік. Орыс тілінен бөлек, ағылшын сөздерін де қанымызға сіңіп келе жатқан әдетпен өзгертпей алуға құмарта бастадық. Осылайша, өз тізгінімізге ие бола алмағанның салдарынан ұлт тілі үлкен өзгеріске ұшырады. Әрине, шет тілдерінен сөз қабылдауға ешкім қарсы емес. Бұл – тілдер арасында болатын табиғи құбылыс. Бірақ өзге тілдің сөздерін өз тіліңді бұзбайтындай етіп икемдеп, қорыта алатындай мөлшерде ала білу маңызды. Олай ете алмаған тілдер өз заңдылықтарын күйретіп, өзге тілдің үстемдігіне жол береді. Поляк ғалымы, түркітанушы Генрик Янковский «Барлық тілдерде де кірме сөздер бар, ал қазақ тілінде мөлшерсіз» депті.
Абайдың:
«Айтшы-айтшылап» жалынар,
Ұққыш жансып шабынар.
Ұқпай жатып жалығар,
Ұйқылы-ояу бойкүйез, – дегендей, ұлттың тілі тамырда дамымай, қанмен бірге тұла бойды қуалай алмай, бойкүйез тартып тұрған шақта тіл тағдыры алдымен зиялы қауымды, теле-радио, ақпарат құралдарының тіл тазалығы алаңдатуы керек. Телеарналардағы ел алдында сөйлейтін тілшілер мен журналистер мал шаруашылығын «фазенда» дейтін болыпты. Сонда «күзек», «қыстау», «жайлау» сөздерін айтпасақ, көркем әдебиетті кім оқиды? Қазақтың бай тілін қор қылмай, бір сөздің бірнеше баламасын таңдап ұсынатын мүмкіндік бар. «Қазақ үні», «Қазақ руханияты», «Тілдер басқармасы» осы мәселемен айналысып, әр сөздің қазақша баламасын өз уақытында ұсынса, сөздік қорымыз бұлай кедейленбес еді. Сырттан қосылған өзге тілдердің ықпалы ана тілімізге кері ықпалын тигізгені соншалық, «н» мен «ң»-ды айыра алмайтын «шешендер» көбейді. Ана тілімізді тікелей аударма тіл ретінде пайдаланып жүрміз. Оған емханада, спорт орталығында «арқаңмен жат», «ішіңмен жат» дейтіндер куә. Қазақша «шалқаңнан», «етпетіңнен» дегенді ендігілер білмейтін де шығар?! Қазіргілер бұғана, қарақұс, сырғалық, таңдай, маңдай, көкірек, білек, қар, шынтақ, тірсек, тобық, толарсақ, т. б. дене мүшелерінің атауын мүлде естімейді. Кез келген сауда орталықтарының есіктерінде «итер», «тарт» дегеннің орнына тікелей аудармамен жазылып тұратынын айтпаса да білесіздер. «Автобусқа отыру» мен «атқа міну», яғни «міну» мен «отырудың» айырмасын түсінбейтін деңгейге жетіппіз.
Кейінгі жылдары тілімізге енген батыс сөздерін мысал етіп алайын: мотивация, коррупция, офис, кризис, волонтер, спикер, продюсер, рейтинг, вакансия, менеджер, брифинг, мораторий, критерий, ресепшн, модератор, онлайн, офлайн, праймериз, пандемия, лидер, петиция, пароль, логин, бутик, бизнес, кредит, ипотека, фазенда, ипотека, кредит, патент, прикол, антисептик, давай, ок, хайп, фейк, лохотрон, креатив, шопинг, бренд, тренд, фуршет, мониторинг, фитнес, катаклизма, т. б. Сонда 30 жылда тіліміз дамыды ма, кеміді ме? Қысқасы, жаһанданамыз деп жүргенде қазақ тілі көне тілге айналып кетпесін!
Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,
Астана қаласы



