Кіре берістен кең бөлмеге дейін…

Осы жолы 2005 жылы шағын көлік гаражының ішінен басталған цех жұмысының дамуына куә болдық. Көргеніміздей, бірнеше бөлімнен тұратын жиһаз фабрикасының тұтынушылары да осал емес. Елімізге белгілі ірі құрылыс компаниялары – BI Group, Bazis-A және тағы басқалары осында тапсырыс береді. Барлық өңір бойынша жұмыс істейтін фабриканың артықшылығы тек сапада екені көрініп-ақ тұр. Тұтынушы көңілінен шығу үшін ең жақсы ағаш өнімдері таңдалып, брендтік таңбадағы бояу мен жапсырмаларды қолданып отыр. Бір қуаныштысы, жиһаз өндірісіне қажетті тақтай ағаштары, яғни басты шикізат та өз еліміздің кәсіпорындарынан алынады.
Екі гектарға жуық жерді алып жатқан «АVALON-К» жиһаз фабрикасы Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық паркінде орналасқан. Фабрика ішіндегі технологтар, дизайнерлер, монтаждаушы шеберлер өз жұмыстарын аса ықыласпен орындауда. Барлығы – 130 адам. Бірі тақтайды өлшейді, екіншісі кеседі. Дайын өлшемдерді құрастыру үшін бекітеді. Үшінші бір қызметкер ағаштың кем-кетігі болмауына ерекше назар аударады. Әрине, мұның барлығынан адам қолы жетімсіздеу екені рас, сондықтан мұндағы цехтың әр бөлмесінде соңғы үлгідегі шетелдік станоктар орналасқан. Олардың да әрқайсысының атқарар өз міндеті бар.
«Дәл қазір фабрикада екі цех жұмыс істеуде. Ал егер тапсырыс көбейген жағдайда дайын тұрған цехтарды іске қосамыз. Көбіне-көп құрылыс компанияларымен бірге жұмыс істейміз. Олар салған жаңа үйлердің кіре берістерін сәнді жиһаздармен әрлей отырып, тұрғындардың демалуына қажетті барлық апартаменттерді орналастырамыз. Осының ішінде ең ауқымды жоба – былтыр қаладағы «Абу Даби Плаза» кешеніндегі 141 пәтерге біздің компанияның түрлі жиһаздары қойылды» дейді серіктестіктің жоба жетекшісі Эльмира Түсіпова.
Эльмираның сөзінше, фабрика өніміне мемлекеттік органдар, мәдени шара өткізетін ғимараттар, қонақ үйлер мен басқа да үлкен қызмет көрсету орындары көптеп тапсырыс береді. Ерекше үлгіде әрі ешкімге ұқсамайтын дизайнымен танымал болған «АVALON-К» жиһазына тұрғындардың да қызығушылығы жоғары. Жалпы айына 1000 данаға дейін түрлі жиһаз істеуге қауқарлы фабриканың өнімдері ел нарығында үлкен сұранысқа ие десек те болады.
«Әрине, біз тек ірі компанияларға ғана қызмет көрсетеміз демейміз. Көптеген тұрғындар келіп, өз талғамдарына сай тапсырыс беріп, қалаған жиһазын істетіп жатады. Орындықтар, қонақ бөлмеге арналған үстел, жазу үстелі, жатын бөлме және асхана жиһазы, т.б. керектілерін біздің шеберлер бар ынтасын салып, көңілден шығатындай етеді. Жалпы Астана қаласында үй жиһаздарын сататын екі дүкеніміз бар. Көпшілік сонда барып, үй ішіне қажеттісін таңдап жүр» дейді ол.
Оның айтуынша, елдегі ашылған өндіріс пен ондағы тауарлардың таралуы үшін қолдау әлі де көптеп керек. Әрі Президенттің отандық өндірушілермен офтейк-келісім-шарттардың үлесін кем дегенде 10%-ға дейін арттыру туралы тапсырмасы бар. Офтейк-келісім-шарты болса, өнім шығарушы да уайымға салынбайды. Өйткені сатып алушымен белгілі бір мөлшерде тауарын өткізуге мемлекет тарапынын кепілдендірілген құжаты болады. Егер елдегі кәсіпорындар шығарған тауардың осылайша сатып алу процестерін жеңілдетіп, сапасы мен үлесін арттыру сынды жұмыстарын бір жүйеге түсірсе, онда экономикалық көрсеткіш жаман болмасы анық. «Бұл – отандық тауар өндірушілерге үлкен қолдау әрі сырт мемлекеттерден келетін өнімді күтіп жаутаңдамайтын да боламыз. Қаржы да сыртқа кетпей өзімізде қалады» деп ағынан жарылды Эльмира.
«Мемлекет ұстанған бағыттың бірі – отандық өнімді қолдау. Бізде қазір «CT-KZ» сертификаты бар. Бұл – жергілікті өнім екендігін дәлелдейтін құжат. Негізінен, өнімдерге тапсырыс ірі құрылыс компаниялардан түсетінін айттым. Бірақ әлі де еліміз Қытай, Ресей немесе Еуропа елдерінен келетін жиһаздарды сатып алып жүр. Жалпы өз ойым, отандық өнімге деген Үкімет қолдауы тоқтамаса, біз де шетелден келетін мұндай заттардан сапасы кем емес, тіпті одан да асып түсетінін шығара аламыз» дейді «АVALON-К» жиһаз фабрикасының өкілі.
Ержан ҚОЖАС